Қазақстандық ауылдарды мемлекеттік бағдарлама бойынша ауыз сумен қамтуға қомақты қаржы бөлініп отырғандығына қарамастан аудандарда ауыз су тапшылығы қатты сезілуде.
МАХАМБЕТ АУДАНЫ
Бақсай ауылдық округіне қарасты Таңдай ауылының 2 мыңның үстінде халқы 50 жылдан бері Боқсақ каналының лас суын ішіп отыр.
- Енді не істейміз? – дейді Таңдай ауылының тұрғындары. – Бізге кезінде Жалғансай ауылынан «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша таза су құбыры тартылады деп уәде берген. Бірақ, су құбыры қалай болмады, солай жоқ.
Бақсай ауылдық округінің әкімі Жұматай БИСЕНОВ бұл фактіні растады. Оның айтуынша, жағдайы көтергендері суды Жалғансайдан келетін су таситын көлік арқылы (3 тонна суды 2 мың теңгеге) тасып ішіп отыр. Ал көпшілігі Боқсақ каналынан құйдыртады екен. Мұндағы 300-дің үстіндегі үйдің жартысы жазғы су құбырын пайдаланады.
Бақсай ауылдық округіне ауыз су 4 су таситын көлікпен жеткізіледі. Олардың санитарлық төлқұжатпен қамтылған екеуі суды Махамбет ауылындағы су тазарту қондырғысынан әкеледі. Ал қалған екі машина техникалық суды Бақсай каналынан 1000 теңгеге тасып беріп отыр. Таңдай ауылында «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылішілік су құбыры желісін қайта жаңғырту жұмыстары 2012 жылы басталған болатын. Бірақ республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты жұмыстар тоқтап қалды. Күні бүгінге дейін қаржы мәселесі шешімін таппай отыр.
Жалғансай ауылының су имаратын қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың шілде айында жалғасады. Бұған жергілікті бюджеттен 200 млн теңге қаражат бөлінді. Алайда, бұл сома құрылысты толық аяқтауға жетпейді, нысан құрылысын толық аяқтауға тағы 161 млн теңге қажет.
Осы жылдың қазан айына дейін Ақтоғай, Сарытоғай ауылдарында «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жұмыстар аяқталуы тиіс.
МАҚАТ АУДАНЫ
Доссор поселкесінде су сағаттап беріліп келеді. Тұрғындардың айтуынша, тәулігіне үш рет берілетін судың арыны баяу.
- «Шапағат» мөлтек ауданында 50-ге жуық үй бар. Он күн болды, су жоқ, - дейді тұрғын Гүлшат ОРАЗОВА. - Мынадай ыстықта сусыз қалай өмір сүруге болады?! Басқа қажеттілікті айтпағанның өзінде бір шәйнек суға зар болып отырмыз. Мөлтек аудандағы 50 үйдің үшеуінде ғана құдық бар. Ал бізге дүкеннен күнде су сатып алуға қаражат жетпейді.
Тұрғындардың сумен қамтушы мекеме - «ДоссорСуАрнасы» ЖШС-іне жиналып қалған қарызы 6 млн теңгеге жетіпті.
- Біз «АтырауСуАрнасына» 8 млн теңге бережақ болып қалдық. Бұған дейін біз доссорлықтарға тәулігіне 1 700 текше метр су беріп келдік. Аудандық мәслихат депутаттары араласқан соң тәуліктік көлемді 300 текше метрге көтердік, бірақ мұның да жарытусыз болатыны түсінікті ғой. Егер «АтырауСуАрнасы» лимитті 3 мың текше метрге дейін көбейтсе, жағдай мұнша күрделі болмас еді, - дейді «ДоссорСуАрнасы» ЖШС-нің бастығы Қуаныш ИСМАГУЛОВ.
ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ
Қызылқоға ауданы Миялы ауылында тұратын 6 мыңға жуық халық тәулігіне бір сағат берілетін суға тәуелді болып отыр.
- «ДоссорСуАрнасы» бізге суды үнемдемейсіңдер, бау-бақшаны, малды суарасыңдар деп кінә артады, - дейді Миялы ауылының тұрғындары.
«Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалының директоры Асылан РЫСЖАНОВТЫҢ айтуынша, миялылықтар сумен жыл бойы үзіліссіз қамтылып келеді.
- Алайда жаз шыға ауыз су мөлшерін көп пайдаланғандықтан маусымнан бастап кестеге сай берілуде, - дейді А.Рысжанов. - Тұрғындар соңғы кездері жеке меншік малдарын суаруға, құрылыс салуға, бау-бақша егуге көп пайдаланғандықтан ауыз су тапшылығы орын алуда. Өйткені гидрогеологтардың болжамы бойынша Миялы-Жангелді-Жасқайрат топтық су құбыры алып отырған Қарасу жерасты суы 30 жылда 10 есеге азайып кеткен. Сондықтан суды үнемдеуге халықты үйрету қажет. Ал су нысандарына бір жылда екі рет санэпидстанса мамандары сынамаларын тексеруде. Әзірге бәрі талапқа сай.
Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВТЫҢ пікірінше, егер тұрғындар техникалық суды Ойыл өзенінен алып отырса, су жетпестігі орын алмас еді.
- Күніне әр адам
Ләззат ҚАРАЖАНОВА