Атырау, 28 қараша 18:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Үлкен үштікке» ғана тәуелді болуға болмайды

2 895 просмотра

Image 0Мұнай-газ және энергетикалық кешеннің 70-тен астам компаниясын біріктіретін қазақстандық KAZENERGY қауымдастығы 2015 жылғы маусымның ақпараттық бюллетенін шығарды.

Естеріңізге салсақ, қауымдас-тықтың төрағасы - Тимур ҚҰЛЫБАЕВ. KAZENERGY сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, төраға мемлекеттік органдарға, заңды тұлғалардың бірлестіктеріне, шетелдік және халықаралық ұйымдарға қатысты қауымдастықтың, сондай-ақ, оның мүшелерінің мүддесін қорғайды, Қауымдастық кеңесі мен атқарушы комитеттің құрамын қалыптастырады. Қауымдастық төрағасының орынбасары Жанболат СӘРСЕНОВ жарғыға сәйкес, төраға міндетін және басқа міндеттерді ол жоқ болған кезде орындайды. Атқарушы комитетке Әсет МАҒАУОВ басшылық етеді.

Біз ақпараттық бюллетеннен негізгі кезеңдерді алып қарадық.

ҚЫТАЙ МҰНАЙ ИМПОРТЫ БОЙЫНША АҚШ-ТЫ БАСЫП ОЗДЫ

Стратегиялық сарапшылық клубының кезекті отырысында «Жаңа Жібек жолы және оның Қазақстан Республикасының энергетика секторына әсері» тақырыбы талқыланды. Клуб отырысына KAZENERGY қауымдастығының, IHS Energy, Wood Mackenzie зерттеу компанияларының, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының және басқа да (BG Kazakhstan, PSA және басқа) мұнай-газ компанияларының өкілдері қатысты. Каспий өңірінің энергетика бойынша дүниежүзілік жетекші сарапшыларының бірі IHS Energy басқарушы директоры Мэттью Дж. СЕЙГЕРС спикер міндетін атқарды.

Өз сөзінде Сейгерс үстіміздегі жылдың сәуірінде Қытай әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушысы болып, АҚШ-ты осы көрсеткіш бойынша алғаш рет басып озғанын хабарлады. ҚХР сатып алатын мұнайдың орташа көлемі тәулігіне 7,4 млн баррельге жетті. Осы орайда, елдің мұнайға деген сұранысының 58%-ы импорт есебінен өтеледі. 2020 жылға қарай, сарапшылардың болжамы бойынша, Қытайдың мұнайға деген сұранысы жылына орта есеппен 3,4%-ға өсетін болады.

Ол сондай-ақ, Еуразиядағы энергетикалық инфрақұрылымның дамуы Қытайдың энергия тасымалдаушылардың жеткізілім бағыттарын әртараптандыру бойынша стратегиялық мүддесіне сай келетінін атап өтті. Шапшаң көліктік-энергетикалық дәліз құру Қытайға Малакка бұғазы арқылы теңіз жолдарымен мұнай жеткізуге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Малакка бұғазы арқылы ҚХР-ның Таяу Шығыс пен Африка елдерінен импорттайтын мұнайының 80%-ы жеткізіледі.

Жалпы алғанда, клуб қатысушылар Жаңа Жібек жолын құру жаһандық энергетикалық нарыққа өзгерістер енгізеді: Азияның дамушы елдері дүниежүзілік экономикалық өсудің негізгі орталығы болады және сәйкесінше дәстүрлі энерготасымалдаушыларды импорттауда және дүниежүзілік тұтынуда қомақты үлесті қамтамасыз ететін болады деген пікірге тоқталды.

Жаңа жағдайда таяудағы 10 жылда KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Рүстем ҚАБЖАНОВ қытай инвестициясы үшін АСЕАН, Африка, сондай-ақ, Ресей аса тартымды елдер мен өңірлер болады деп атап көрсетті.

Кездесуге қатысушылардың басым көпшілігінің пікірінше, 10 жылдан кейін Қытайға экспортталатын қазақстандық мұнайдың көлемі жылына 10-20 млн тоннаға жетеді, ал 2020 жылға қарай Қазақстан Қытайға өз газын экспорттай бастайды (Шығыс Қазақстан облысынан жеткізілетін азғана көлемді есепке алмағанда). Жаңа Жібек жолын жүзеге асыру нәтижесінде әртараптандырылған әртүрлі тауар түрлерінің едәуір көлемін ҚР аумағы арқылы транзиттеудің болашақ әлеуеті атап көрсетілді. Осы орайда, кездесуге қатысушылардың айтуынша, Жаңа Жібек жолы бастамасы теміржол инфрақұрылымына елеулі әсерін тигізеді.

Атап айтқанда, Макроэкономикалық зерттеулер орталы-ғының директоры Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ жоспарланып отырған жаңа теміржол жобаларын жүзеге асыру қазақстандық экономиканы дамытуға сөзсіз қосымша серпін береді деп санайды.

Сонымен бірге, бірқатар сарапшылар орташа перспективада Қытайдың экономикалық өсу қарқынының төмендеуіне, Қытай экономикасы құрылымының ішкі тұтынуға бейімделе өзгеруіне, сондай-ақ, Қытай ұлттық компанияларының, соның ішінде қазақстандық нарықта жұмыс істеп жатқан компанияларының қатаң бюджеттік саясатына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Өз кезегінде басқа қатысушылар Қытайдың әлемнің дамыған елдер деңгейіне көтерілуіне байланысты Қытай экономикасы қарқынының бәсеңдеуі табиғи үдеріс деп атап көрсетті. Айтылған болжамдар бойынша, 2030-40 жылдарға қарай ҚХР ЖІӨ өсу қарқыны АҚШ-тағы секілді 2%-ға дейін төмендейді, мұның өзі тұтас дүниежүзілік экономика құрылымының өзгеруіне әкеледі.

БҰЗЫЛҒАН ЕРЕЖЕ

«Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытудың проблемалары мен перспективалары» парламенттік тыңдауында KAZENERGY бас директоры Әсет Мағауов осы жағдайда мұнай-газ саласын әрі қарай тұрақты дамытуды қамтамасыз ету үшін екі міндет атқару керектігін мәлімдеді: геологиялық барлауды дамыту және әкімшілік процедураларды әрі қарай жеңілдету және қысқарту.

– Геологиялық барлауға қатысты қорлардың азаю үрдісі байқалады. Яғни, біз әзірге өндіру көлемінен қорлар өсімінің озық болуы туралы ереженің орындалуын қамтамасыз ете алмаймыз. 2011 жылдан бері тоқтатылған өндіру көлемінің өсімі көбінесе бірнеше ірі кеніштер есебінен қамтамасыз етілген болатын. Ағымдағы реттеу жүйесі сақталған жағдайда елдің «үлкен үштікке» (Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ) тәуелділігі күшейеді және әрі қарай саланың басқа кәсіпорындарында тоқырау болады деп күтіледі. 2029 жылға қарай қорлар дәлелденген қорлардан үш есеге азаюы мүмкін, - деп мәлімдеді Мағауов.

ҚР энергетика министрлігінде бірінші вице-министр Ұзақбай ҚАРАБАЛИННІҢ төрағалығымен өндірістік экологиялық мониторинг жүргізу және Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы фондық экологиялық зерттеу проблемасын талқылау жөнінде жұмыс кеңесі өтті. Қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды жасау үшін жұмыс тобы құрылды.

«Казросгаз» ЖШС мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» шикі Қарашығанақ газын сату-сатып алу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. Жаңа келісімшарт 2022-2038 жылдары (15 жыл) жылына 9 млрд текше метрге дейін Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнай-конденсатты кенішінде өндірілетін шикі газды жеткізуді қарастырады. Келісімшартты ұзарту Қарашығанақ өңдеу кешенінде өндірістік шектеуді алып тастауға және газ өндіруді арттыру жөніндегі келешек кеңею жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алайда, атап өтілгендей, ең маңыздысы ұзақ мерзімді негізде ҚР ішкі нарығына Қарашығанақ газын жеткізумен қамтамасыз ету, соның ішінде айырбастау операциясы арқылы қамтамасыз ету мүмкіндігі болып табылады.

ЖЕРГІЛІКТІ ҚАМТУ – $12 МИЛЛИАРДҚА

ТШО, Шеврон, Лукойл, би Джи Групп, CNPC, Аджип Қарашығанақ Б.В., Шелл және ЭксонМобил Инк. компанияларының топ-менеджерлері ҚР президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-ші пленарлық отырысына қатысты. Кездесуде ҚР-ғы компанияларды алға бастыруға қатысты уағдаластыққа қол жеткізілді. ТШО-ның келешек кеңею жобасындағы жергілікті қамту үлесі $12 млрд-қа (жалпы бюджет – $38 млрд) жетеді, 116 қазақстандық компаниялардан тұратын жеткізушілер базасы қалыптасты, Лукойл мен Қазмұнайгаз Қазақстандағы лицензияланбаған учаскелерде геологиялық барлау жұмыстары саласындағы ынтымақтастықтарын кеңейтпекші.

12 маусымда ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВПЕН болған кеңесте Атырау облысының Құлсары қаласында оқу-эксперименттік полигон құру туралы ұсыныс қаралды. Мақсат – ҚР мұнай-газ саласын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, сервистік компаниялардың жаңа технологиясын қабылдау және оларды рентабельділігі төмен кеніштерге енгізу. Профильді министрліктерге жобаны жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Кеңеске дейін біраз бұрын Қазмұнайгазбен кездесу барысында «Челябинский трубопрокатный завод» ААҚ өкілдері жобаға өздерінің қызығушылық танытатындығын білдірген еді.

Челябиндықтар бірнеше ұңғымаларға бағалау жұмыста-рын жүргізу үшін Құлсарыға келуді жоспарлап отыр.

25 маусымда KAZENERGY, ҚР Кәсіпкерлер Ұлттық палатасы президиумының Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің және т.б. қоғамдық ұйымдардың кезекті отырысы өтті. Атап айтқанда, Кеден кодексі жобасына Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі ұсыныс бойынша мәселе талқыланды. Одақ шеңберінде ұсынылып отырған ТМД бірыңғай операторын құру төңірегінде біркелкі емес ахуалдың қалыптасқаны байқалады.

«Бұл ахуал елбасының тапсырмасы бойынша ҚР парламентінде қаралатын мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу туралы заң жобасының принциптеріне қарама-қайшы. Жобаның негізгі идеясы – мемлекеттік сектордың жеке сектор дамуына қысым көрсетуін жою, жеке бизнес қатысатын нарықтарға мемлекеттік компаниялар құруға жол бермеу», - делінген ақпараттық бюллетеньде.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

9 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.