Атырау, 28 қараша 19:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Украинадан жеткен батпан құйрық

3 389 просмотра

Image 0Артық төлемсіз және кірісті растаусыз 30 жылға дейін бөліп төлеуге жаңа пәтер немесе үй алу... Мұндайды армандауға ғана болатындай көрінеді. Алайда биылғы жыл басында Қазақстанда пайда болған Dream Life ЖШС компаниясы арманыңызды шындыққа айналдыруға уәде етіп отыр. Өз қызметтері туралы компания менеджерлері әлеуметтік желілерде белсенді түрде әңгімелеуде.

БҰЛ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Dream life компаниясы қазақстандықтарға әлдебір украиналық «Форте Лайф» сақтандыру компаниясының өнімін ұсынады. Соның арқасында кез келген ниет білдірушінің жылжымайтын мүлікті артық төлемсіз және кірісін растамай-ақ, 10-нан 30 жылға дейін бөліп төлеп, сатып алуға мүмкіндігі бар. Жылжымайтын мүлікті ықтимал сатып алушыға бар болғаны – сақтандыру полисін ресімдеп, қалаған жылжымайтын мүлікті тауып, оның құнының 15 пайызы мөлшерінде бастапқы жарнаны төлеу керек.

«Компания сіздің бастапқы жарнаңыздың және өтініміңіздің негізінде пәтер қожайынынан жылжымайтын мүлікті сатып алып, оны сізге ұзақ мерзімге бөліп төлеуге ұсынады. Сіз осы жылжымайтын мүлікте қоныстанып, компанияға жыл сайын сақтандыру төлемі түрінде төлем жасап тұрасыз. Соңғы төлемнен кейін жылжымайтын мүлік сіздің меншігіңізге өтеді», - делінген Dream life компаниясының сайтында.

Мұнда пәтерді, үйді, коммерциялық жылжымайтын мүлікті алуға және меншігіңіздегі жылжымайтын мүліктік ипотекалық несиені жабуға болады.

Бұл іс жүзінде қалай болмақ? Сол сайтта бірнеше есептеулер ұсынылған. Сол мысалдардың бірі:

Клиент – 20 жастағы жігіт

Жылжымайтын мүлік құны – $100 000

Мерзімі – 30 жыл

Клиенттің өмірін жыл сайын сақтандыру сомасы – $1 500

Пәтер үшін жыл сайынғы жарна – $1993 + $ 1500 (өмірді сақтандыру үшін) (барлығы айына 291 доллар – Т. С.)

Әрбір жыл сайынғы жарнаға компания сізге кепілдендірілген жылдық пайызды есептеп жазады.

Жыл сайынғы төлем $3 493 құрайды.

Бастапқы жарна – $15 487 ($1 500 өмірді сақтандыру + $1 993 пәтер үшін төлемнің бірінші жылы үшін + $1 993 соңғы 30-шы жыл үшін + $10 000 (консалтингтік қызмет үшін жылжымайтын мүлік құнының 10 пайызы).

Керемет. Бірде-бір банк, бірде-бір қаржы ұйымы бүгінде осындай ұзақ мерзімде айына бар болғаны 291 доллармен пәтер алуға мүмкіндік бермейді. Рас, қаржыландыру аяқталғанша осы бағдарлама бойынша жылжымайтын мүлік компанияның меншігінде болады. Ал, оны сатып алғысы келген жеке тұлғаға ол осы мерзімде жалға беріледі, тек бүкіл төлемдерді төлегеннен кейін ғана, айталық, 30 жылдан соң оның меншігіне өтеді. Ал, бұл күмән тудырады. Алайда сол әлеуметтік желілердегі пікірлерге сүйенсек, ниет білдірушілер жеткілікті.

«БҰЛ ӨТЕ ТАРТЫМДЫ ӨНІМ!»

Dream life компаниясының сайтында кеңес беруші Арман ҚҰЛНИЯЗОВТЫҢ координаттары көрсетілген. Оған хабарластым. Қызықты диалог өрбіді. Оның айтуынша, өзі Қарағандыда тұрады, ал, компанияның бас кеңсесі Астанада. Атырауда кеңес берушілер жоқ болып шықты. Бірақ ол маған телефон арқылы түсіндіруге келісім берді:

Қиын әрі қорқынышты ештеңесі жоқ. Бұл өте тартымды өнім. Бар болғаны сіз келісімшарт жасап, бастапқы жарнаны салуыңыз керек. Осыдан кейін жылжымайтын мүлікті алуға өтінім бересіз. Содан соң медициналық тексеруден өтесіз. Егер бәрі дұрыс болса, біз сіз үшін жылжымайтын мүлікті сатып аламыз. Жеке бас куәлігіңіз бен медициналық тексеру анықтамасынан басқа құжаттар қажет емес. Біз сіз қалаған жылжымайтын мүлікті сатып алғаннан кейін жалдау келісімшарты ресімделеді. Сіз пәтерге көшіп, сонда тұрасыз да, жылына бір рет сақтандыру полисінің құны мен жалға алғаныңыз үшін символикалық төлемақы салып тұрасыз. Бұл мардымсыз ақшалар. Бәрін өтеп болғаннан кейін пәтер сіздің меншігіңізге өтеді. Қазір Қазақстанда ниет білдірушілер өте көп. Қазір бізде кезекте 200-дей адам тұр. Сізге де тоғыз айдай күте тұру керек болады. Бірақ есесіне кейін сіз бірден өз пәтеріңізге орналасасыз.

– Бірінші төлемнен кейін сіздің компанияның ғайып болмасына кім кепіл? Бір жылдан кейін болмаса да, 7-10-15 жылдан кейін жоқ болып кетсе ше?

О! Мен сізді сендіремін, осы бағдарламаны Украина нарығында ұсынатын «Форте Лайф» сақтандыру компаниясы көп жылдан бері жұмыс жасап келеді. Өзін жақсы жағынан көрсете білген, ешқайда жоғалу ойында жоқ. Оның үстіне біздің барлық қарым-қатынасымыз құжат түрінде ресімделеді. Оған қоса, бағдарламаны пайдаланған клиенттің мүддесі әлемдік деңгейде – SCOR қайта сақтандыру компаниясында қорғалған. Бір жағдай бола қалғанда сіз әр уақытта өз ақшаңызды кері қайтарып ала аласыз.

Ұзақ әңгімеден кейін Арман құрғақ сөзді болмас үшін электронды поштама бүкіл келісімшарттардың үлгілері мен қолда бар құжаттарын жіберуге келісім берді. Дәл осы жерде қызықтың көкесі басталды.

МЕНШІК ИЕСІ КИПРДЕ

Маған сақтандыру полисін украиналық «Форте Лайф» сақтандыру компаниясымен ресімдеу ұсынылды. Мұнда келісімшарт екіұшты және тек украиналық заңнамамен жасалған. Шамасы, компания басшылығы өз өнімін Қазақстан аумағында өткізе отырып, қазақстандық заңнаманы басшылыққа алуға тиіс екендігінен бейхабар секілді.

Жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін, телефон арқылы Dream life компаниясының кеңесшісі айтқандай, мен бұл компаниямен де келісімшарт жасаймын. Бірақ егер келісімшартты мұқият оқып шықсаңыз, Dream life компаниясының ұсынып отырғаны – «Форте Лайф» сақтандыру компаниясының өнімдері бойынша кеңес беру қызметін көрсету.

Және ең бастысы –«меншік иесіне» ұзақ жылдарға жалға берілетін жылжымайтын мүлікті Кипрде тіркелген GRAMBLE INVESTMENTS LTD компаниясы сатып алады. Жылжымайтын мүлік бір кездері сіздің мүлкіңізге айнала ма? Сұрақ, әрине, қызықты. Шын мәнінде, бастапқы жарнаны салған клиент компаниядан ешқандай кепілдік алмайды. Ал «әлдене бола қалғанда» - ұшы-қиырын таба алмайды.

«ӨЗГЕНІҢ ҚАТЕЛІГІНЕН САБАҚ АЛЫҢЫЗДАР»

Мен ғаламтордан «Форте Лайф» компаниясы туралы, атап айтқанда, оның «тұрғын үй бағдарламасы» туралы пікірлерді іздеп таптым.

http://www.strahnadzor.ua сайтынан:

Наталия Кручинина, 14 мамыр 2012: «Өзгелердің қателігінен сабақ алыңыздар!!! 2011 жылдың қыркүйегінде «Дом» бағдарламасы бойынша ақша салдық. Өтінімді ресімдеу кезінде бізге кез келген уақытта сатып алу сомасын 95 пайызға ала алатынымызды айтқан еді. Сақтандыру келісімшартын бізге қарашада ресімдеп берді.

Сәуірде біздің жағдайымыз өзгеріп, сатып алу сомасын қайтарып алуға өтінім жазуды ұйғардық. Бізге өтінімді бір аптадай уақыт жіберді. Содан кейін біз оны толтырдық. Бүкіл қажетті құжаттарды жалғап, жолдадық. Бір ай ішінде бізге 95 пайыз сатып алу сомасын қайтарулары тиіс болды. Бірақ 14 мамырда Форте лайф фирмасына қоңырау шалып, бізге соманы қайтарудан бас тартқанын білдік. Өйткені, қазан айында олардың шарттары өзгеріп, бұл туралы хабарлау қажет деп есептемеген. Сатып алу сомасын енді тек 2 жыл өткеннен кейін ғана алуға болады екен. Агенттер клиентті тарту мақсатында жұмыс істеген кезде елгезектеніп тұрады. Бәрі жылдам, оп-оңай үйлесе қалады. Ал біздікі сияқты жағдай туындаса, уақыт создырып, айналғанда бас тартады.

Бағдарламаға кіріспес бұрын ойланып, бәрін мұқият саралап көріңіздер. Ақшаңызды ерте ме, кеш пе, қайтарарсыз, бірақ жүйкеңізді жұқартып, уақытыңызды босқа кетіресіз».

Viktoriia, 21 қазан 2011: «Пәтер туралы әдемі ертегіге сеніп, аяғымызды шалыс бастық. Алғашқы ақшамызды салған едік. Содан кейін белгілі бір уақыт өткен соң, бас тарту үшін компанияға келдік.

Бастапқыда бізге дөрекі сөйледі. Персонал келісімшартты бұзуға келгенімізді білген кезде бізбен тіптен сөйлескісі келмеді. Бүкіл құжаттардың ксерокөшірмесі керек екенін айтты (алайда телефон арқылы кеңес беруші керек емес деген еді). Кеңседен көшірмесін жасай қойсаңыздар деген өтінішке, оның қызметкерлерге арналғанын айтып, сіздер көшеге барып, өздерің тауып алыңдар деді. Бүкіл көшірмелерді алып екінші рет келген кезде, олар керек болмай қалды. Үш апта ішінде ақшаны кәртішкеге аударуға уәде берді. Нәтижесінде екі айдан астам уақыт өтті, ал ақшаны әр 2 күн сайын аударамыз деп уәде беріп келеді».

Ғаламтор кеңістігінде осындай келеңсіз пікірлер жетерлік. Сондықтан, «ойланып, мұқият таразыға салыңыздар».

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА

2 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.