Атырау, 28 қараша 18:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Дәуіржан Ауғамбай: «Қазіргі жүйеде біз ештеңе үйренбейміз»

3 699 просмотра

Image 0Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына қатты соққы болды. ҚР Ұлттық банкі деректері бойынша, 2014 жылдың 4-тоқсанында мұнай өндіруші салаға салынған шетелдік инвестицияның көлемі 4 есе төмендеген. Барлық жетекші мұнай-газ компаниялары, соның ішінде Атырау облысында орналасқан «Теңізшевройл» ЖШС мен Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC өз капиталдық және ағымдағы шығындарын 15-20%-ға қысқартуда. Әсіресе, мұнай бағасының арзандығынан отандық мұнай сервистік компаниялар қысымшылық сезінуде.

«КОМПАНИЯЛАРЫМЫЗДЫ ШЕТТЕТУ ЖҮРІП ЖАТЫР»

Жақында Астанада «Қазақстанның мұнай және газ секторын дамыту проблемалары мен келешегі» тақырыбында парламенттік отырыс болды. «KAZSERVICE» Қазақстан мұнайсервистік компаниялар одағының бас директоры Дәуіржан АУҒАМБАЙ өз баяндамасында депутаттар мен үкімет мүшелеріне отандық мұнайсервистік индустрияның проблемаларын тізбектеп берді. Біз онымен байланысқа шығып, бірнеше сұрақ қойдық.

- Парламент отырысында кезек күттірмес қандай проблемалар туралы айттыңыз?

- Ең алдымен, «мұнайсервистік сала» түсінігін заңнамалық деңгейде бекітіп, біздің мәселелерімізді жеке, жүйелі негізде қарау керек. 150 мың адам жұмыс жасайтын, отбасыларын қосқанда шамамен 500 000 адам болатын бұл сала ЖІӨ-ге 5% шамасында үлес қосады.

Біз, сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауды ұсынамыз, бұл жергілікті компанияларды кеңейту жобаларына тартуға көмектесер еді. Отандық компаниялар бүгінде шығынға батып, көптеген қаржы жойылған келісімшарт көлемдерінің қысқаруына байланысты тоқтап тұруға мәжбүр.

Тағы бір үлкен проблема – бұл біздің компанияларымызды нарықтан шеттету. Мұнай бағасының төмендеуі салдарынан қазақстандық еңбек ресурстары нарығын шетелдік компаниялар тарапынан жаппай жаулап алу қатері артып отыр. Ресейлік инжинирингтік және сервистік компаниялар қайда барады? Қазірдің өзінде ентелеп отыр. Еуропа нарығына емес, көрші елдерге қол салады. Қазақстандық компаниялар мен мамандарды өзінің ішкі нарығынан қудалау және демпинг жүріп жатыр.

Ал Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейінгі жақын әзірде қазақстандық мазмұн туралы мәселе өткір тұратыны сөзсіз. Нарыққа қытайлық компаниялар кіреді, алайда бұл басқа мәселе.

Бәрі де тәуелсіздік жылдары мұнай бағасының құлдырауы кезінде ел экономикасын қолдайтын және әртараптан-дыратын ұлттық чемпиондардың қалыптас-пағандығынан одан сайын қиындап тұр.

Елімізде бірқатар инжинирингтік, құрылыс және өндірістік компаниялар бар. Олар басқа да ұсақ компаниялардың дамуына іргетас бола алар еді. Шетелдік жер қазбаларын пайдаланушылармен ірі отандық компанияларды дамытудың қажеттілігі туралы нақты келісімге келу керек. Олар бұл компанияларға технологияларын үйретіп, ірі келісімшарттарды қолжетімді етуі қажет.

Сондай-ақ, біздің ойымызша, жер қазбаларын пайдаланушылардың қызметін шынайы реттейтін, қадағалаушы және бірыңғай үйлестіруші құзыреті бар бірыңғай орган қажет сияқты. Қазіргі жағдайда шынайы құзыреттіліктер мен ресурстар әлсіз болып тұр.


«ЖОБАЛАУ – 50 ДЕ 50»

- Компаниялар шығындарын оңтайландырып жатқан мұнай бағасының төмен жағдайында қазақстандық мұнайсервистік компаниялар қандай жобаларға қатыса алады?

- Бұл 38 миллиардтан аса долларға бағаланған Теңіз кен орнын кеңейту, 10 млрд долларға жуық сомада Қарашығанақтың 3-кезеңі, Қашаған кен орнын игерудің 2-фазасы. Ал отандық компаниялардың бұларға тартылуына ТЖҚ (тауар, жұмыс, қызмет көрсету) бойынша пайыздық көлемде қазақстандық мазмұнның төменгі шегін заңнамалық деңгейде нақты анықтау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бұл шара отандық компаниялардың жобаға тартылуының шынайы деңгейін бақылауға және жер қазбаларын пайдаланушылардың өз міндеттемелерін орындау барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Келесі жағынан, отандық компаниялар мықты қолдауға және дамуға деген құлшынысқа ие болады. Өз компанияларымызға көмектесуді қолға алмайынша біз өз қаржыларын шетелге шығаратын шетелдік компанияларға төлеп отыратын боламыз. Нәтижесінде біздің компаниялар ештеңе үйренбей, бірнеше жылдан кейін отандық компаниялар орындап жатқан жұмыстар мен қызмет түрлері жоғалып кетеді.

Егер ірі кен орындарын игеру кезеңдері туралы айтатын болсақ, олар бір сызба бойынша ғана жүріп жатыр: тұжырымдаманы таңдау, сызбалық және детальдық жобалау, жабдықтарды сатып алу, құрылыс және техникалық қызмет көрсету. Тұжырымдама таңдау мен сызбалық жобалауға қазақстандық компаниялар мүлдем қатыспайды. Бұл жұмыстар, негізінен, шетелде орындалады. Осыған байланысты жұмыстың кемінде 50 пайызы Қазақстанда орындалып, қазақстандық компаниялардың қатысуын заңнамалық деңгейде бекіту қажет. Сәйкесінше біз қазақстандық инжинирингтік мектеп пен инжинирингтік орталықтардың дамуын көреміз.

Ірі мұнай-газ жобаларына жабдықтар жеткізуге қазақстандық зауыттар мүлдем қатыспайды, ал жергілікті мазмұнның үлесі 10%-дан аспайды. Бұл жерде бәріміз, министрлік, мұнай және газ компаниялары, қауымдастықтар бірлесе отырып жұмыс жасап, шетелдік өндірушілердің өз өнімдерін оқшаулауларын қолдауымыз қажет.

Құрылыс кезеңінде позитивті тренд байқалып келеді, қазірдің өзінде үлкен бас мердігерлік көлемдерді орындай алатын қазақстандық компаниялар жұмыс жасап жатыр, алайда ірі құрылыс жұмыстары шетелдік компанияларға беріліп жатқанын бәрібір көріп отырмыз.


«САУД АРАБИЯСЫНАН ҚАЙ ЖЕРІМІЗ КЕМ?»

- Атырауда өткен «Қазмұнайгазсервис-2015» конференциясында сіз басқаратын Одақ қазақстандық мердігерлік компаниялар деп кімді есептейміз деп мәселе көтерген болатын. Шетелдік компаниялар Қазақстанда филиалдарын ашып, өздерін қазақстандықпыз деп атаса да, іс жүзінде жобалық қаржылар сыртқа кетіп жатқан жағдайды айтқыларыңыз келді ме?

- Заңда қазақстандық кәсіпорын деп танылуы үшін еңбек төлемі қорының 95%-дан кем емес бөлігі қазақстандық азаматтарға төленуі керек деп белгіленген. Алайда шетелдік ЕРС-мердігерлер шетелдік қызметкерлеріне жалақыны бас кеңсе немесе рекрутингтік агенттіктер арқылы еш қиындықсыз төлей алады және бұл есеп-қисапта көрсетілмейді. Біз қазақстандық мердігер компания деп 50%-дан кем емес үлесі қазақстандық азаматқа немесе мемлекетке тиесілі компанияларды атау керек деп заңнамалық деңгейде анықтауды ұсынамыз. Мәселен, мұндай анықтама Қашаған кен орны бойынша ӨБК-да бар. Құрылыс жұмыстары қазақстандық компанияларға берілуі үшін мұның барлығын маңызды құжаттарда (мысалы, ӨБК) бекіту қажет.

ДСҰ-ға жалтақтаудың да қажеті жоқ. ДСҰ мүшелері де осындай анықтаманы қолданады. Мысалы, Сауд Арабиясында мұнай және газ саласында мердігер компанияның жұмыс жасауы үшін жергілікті жерден әріптес керек. Олар бұл норманы 2005 жылы ДСҰ-ға кірген кезде сақтап қалған және қазір де сәтті пайдаланып отыр. Егер қазақстандық тарап Сауд Арабиясы сияқты бұл нормаларды сақтап қала алмаса, отандық бизнестің мүдделері соңына дейін қорғалмаған деп айта аламыз. Бұл қазіргі уақытта отандық кәсіпорындарымызды қатты алаңдатып отыр.

Сатып алулардың ашықтығы - бұл бөлек мәселе. Инвесторларды екі санатқа бөлуге болады: қазақстандық мазмұн тұрғысынан ақпараттық ашық және ешқандай ақпарат бермейтін жабық компаниялар. Бір үйдің ішінен тағы бір салғандай әсер береді. Соңғы санат туралы айтқанда, біз Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында жұмыс жасап жатқан қытайлық компанияларды тілге тиек етеміз. Олар, негізінен, қытайлық мердігер компанияларды тартады.

- Одақтарыңыз жөнінде қысқаша айтып беріңізші. Құрамында қанша компания бар, қандай жұмыстар жүріп жатыр?

- Бүгінде Қазақстанда жұмыс жасайтын 100-ден аса ірі және орта кәсіпорын Одақ мүшесі болып табылады. Одақтың негізгі ағымдағы жұмысы – мемлекеттік органдармен, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жер қазбаларын пайдаланушылармен қарым-қатынастарды жалғастыру. Біз өз мүшелерімізден келіп түсіп жатқан шағымдарға үнемі көңіл бөлеміз және жақын әзірде көптеген адамдарды мазалап жүрген ең проблемалық мәселені көтеретін боламыз. Әңгіме отандық компаниялардың ірі қытайлық жер қазбаларын пайдаланушылармен өзара қарым-қатынастары туралы болмақ.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

2 шілде 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.