Атырау облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ жүргізушілердің өзекті сұрақтарына жауап берді.
ТҮНДЕ РАДАРДЫҢ ПАЙДАСЫ ЖОҚ
– Жол қозғалысы ережесінің (ЖҚЕ) қай тармағының негізінде әкімшілік полиция қызметкерлеріне түнгі уақытта радарлар қолдануға тыйым салынған?
– Біздің бөлімше жарақталған «Бинар» маркасындағы көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын өлшегішті пайдалану жөніндегі нұсқауға сәйкес, бұл аспап түнгі уақытта жұмыс істеуге арналмаған.
– ЖҚЕ-нің қай тармағының негізінде әкімшілік полиция қызметкерлеріне көлікті себепсіз тоқтатуға тыйым салынған?
– Жол-патрульдік полиция (әрі қарай - ЖПП) қызметін реттейтін нормативтік актілерге, соның ішінде 28.10.13 жылғы ҚР ІІМ бұйрығына және 16.04.14 жылғы ҚР ІІМ бұйрығына сәйкес, ЖПП қызметкерлеріне көлік құралдарын себепсіз тоқтатуға тыйым салынған.
Негізінен ЖПП қызметкерлері жол қозғалысы процесіне тікелей араласуды қажет етпейтін жағдайларды – «кептелістерді» ауыздықтау, жол-көлік оқиғасы орын алған жерді ресімдеу, алып жүру, нормативтік құжаттарда айтылған жағдайларды қоспағанда, автопатрульдеу режимінде қызмет етеді.
Патрульдеу бағыттарында (бекеттерде) жүрген кезде ЖПП инспекторы қозғалыс процесіне ықпал етеді, өрескел ЖҚЕ-нің алдын алып, құрықтайды. Мұнда себепсіз тоқтатуға және көлік құралдарын кідіртуге болмайды.
Жол-патрульдік полициясының стационарлық бекеттерінде (патрульдеу бағыттарында) ЖПП қызметкерлеріне:
1) жол қозғалысының қауіпсіздігін бақылау, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, өкімдік-реттеу қызметін жүзеге асыру; 2) қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында көлік құралдарын, жүктерді, тіркеу және жүргізу құжаттарын, көліктік-ілесіп жүру құжаттамаларын тексеру; 3) жүргізушілері жол-көлік оқиғалары орнынан қашып кеткен көлік құралдарын іздеу; 4) анықтау, тергеу және сот органдарынан жасырынып жүрген, қылмыстық жазаны атқарудан қашып жүрген адамдарды іздестіру және ұстау; 5) іздеудегі көлік құралдары мен адамдарды, сондай-ақ қылмыстық мақсаттарда пайдаланылатын қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, есірткілер мен құрамында есірткі бар заттарды заңсыз тасымалдайтын көлік құралдарын анықтау; 6) жүргізушілерден орын алған фактілер немесе жолда болған шабуыл қатерлері туралы, сондай-ақ жолдардың жай-күйі, жолдағы жағдайлар туралы сұрап білу; 7) бекет аймағында түнгі уақытта тоқтап қалған көлік құралдарының жүргізушілеріне, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін табиғи апаттар мен ауа-райы бұзылған жағдайларда жәрдемдесу; 8) адамдарды, көлік құралдарын, тіркеу және жүргізу құжаттарын, көліктік-ілесіп жүру құжаттамаларын, оның ішінде айдап әкетілген және ұрланған көлікті, іздестірудегі адамдарды базалар бойынша тексеру, көлік құралдарын тінту, жедел-алдан алу іс-шараларын өткізу кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлеріне көмек көрсету; 9) жолдардың жай-күйі, ауа-райы жағдайлары, қалдырылған көлік құралдарының кептеліске түсуі туралы қажетті ақпарат жинау және оны кезекші бөлімге ұдайы беру жүктеледі.
АРНАЙЫ ХҚО АШЫЛАДЫ
– Тоқтатылған көліктің жүргізушісі полицейден маршрут құжатын талап етуге құқылы ма?
– ЖПП қызметкері тоқтатқан жүргізушінің одан маршрут құжатын талап етуге құқығы жоқ. Бұл қызмет ЖПП қызметіне бақылауды қамтамасыз ететін қызметкерлерге жүктелген.
– Көліктер үшін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін беру бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланып отыр ма?
– Иә, 2016 жылы туберкулезге қарсы күрес ауруханасының маңынан осындай мамандандырылған ХҚО ашу жоспарланған.
– Егер Reed-speed жылдам өлшегіші аймағынан екі көлік қатар өтсе, оның қайсысының жылдамдықты арттырғаны қалай анықталады?
– Егер екі көлік бір уақытта автоматты режимде жұмыс істейтін Reed-speed өлшеу аспабының аймағын кесіп өтсе, белгіленген жылдамдықты арттырған көлік құралы қозғалу бағытының жолақтары бойынша көлік жолында орнатылған тиісті датчиктермен анықталады.
– ЖҚЕ-нің қай тармағының негізінде әкімшілік полиция қызметкеріне жүргізушіні полицей көлігіне отырғызуға тыйым салынған?
– Қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауды жүзеге асыратын бөлімшелердің қызметін белгілейтін нормативтік құжаттарға сәйкес, соның ішінде ҚР ІІМ-нің 16.04.14 жылғы бұйрығына сәйкес, ЖПП қызметкерінің жүргізушілерді патрульдік автокөлік салонына отырғызуға құқығы жоқ.
Ереже бұзушыны патрульдік автокөлікке отырғызу туралы ЖПП қызметкерінің талабы оқиға орнындағы нақты жедел ахуалға байланысты болады. Егер ереже бұзушы айналадағылар үшін қауіп төндірсе, онда оны патрульдік автокөлік салонына отырғызу арқылы оқшаулау қажет. Бұдан басқа, бұл ЖПП қызметкерінің қауіпсіздігін, ереже бұзушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, немесе ереже бұзушыны патрульдік автомашина салонында орнатылған техникалық құралдар көрсеткіштерімен таныстыру үшін қажет болуы немесе қоршаған орта жағдайында ереже бұзушыға қатысты процедураны өткізуге мүмкіндік бермейтін табиғи-климаттық және басқа жағдайлар ескерілуі мүмкін.
«ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заңға сәйкес, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын бүкіл азаматтар мен лауазымды тұлғалар орындауы тиіс. Егер азамат патрульдік автокөлік салонына себепсіз шақырылса, ол мұндай шақырудан бас тарта алады.
– Атырау қаласында қанша жылдамдық өлшегіш бар? Олар қайда орналасқан? Таяу болашақта жылдамдық өлшегіштерд орнату жоспары қандай?
– Бүгінде Атырау қаласында автоматты режимде жұмыс істейтін жеті Reed-speed өлшеу аспаптары жұмыс істеп тұр. Олар Махамбет, Датов, Сәтпаев, Құнанбаев көшелерінде және әуежай жаққа баратын көлік жолында, Жұмыскер мен Геолог поселкелерінде орналасқан.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ