- Атырауда Назарбаев зияткерлік мектебі қашан ашылады? Нұрсая ықшам ауданындағы «Мирас» және «Өркен» мектептерінің құрылысының Назарбаев зияткерлік мектебіне қатысы бар ма?
Телефон арқылы
Бұл сұраққа қатысты Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығы Бақтыбай ДҮЗЕЛБАЕВ былай деп отыр:
- «Мирас» және «Өркен» мектептерін салу үшін Нұрсая ықшам ауданынан жер учаскелері берілген. Дегенмен, оны салдыру және оларға статус беру қалалық сәулет бөлімінің құзырына жатпайды.
Ал Атырау облыстық білім беру басқармасындағылар Нұрсая ықшам ауданында қазіргі күні химия - биология бағытындағы 120 орындық жатақханасымен 720 оқушыға арналған Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы басталып кеткенін мәлім етті. Құрылысты жүргізіп отырған – «Модерн Строй» ЖШС-і екен.
Десек те, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының www.nis.edu.kz сайтынан зияткерлік мектептер жөнінде толығырақ білуге болады. Бұл сайттағы мәліметтерге сәйкес, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы мектеп 2012 жылға жоспарланған. Әзірге, 2011-2012 оқу жылында Астана, Көкшетау, Семей, Талдықорған және Өскемен қалаларында алты Назарбаев зияткерлік мектептері жұмыс жасайды. Осы жылдың аяғына қарай Орал қаласындағы зияткерлік мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Зияткерлік мектептерге оқушылар конкурстық іріктеу қорытындылары негізінде қабылданады. Назарбаев зияткерлік мектептері құрылғалы бері жалпы 13 000 бала тестіленген.
Зияткерлік мектептердің ерекшелігі - олардың барлығы электрондық оқудың e-learning жүйесімен жарақталмақ. Бұл ата-аналар өз баласының білім алу үдерісін қадағалап отыратын білім порталы. Яғни, әрбір оқушыға портфолио ашылып, оған оқушының барлық бағалары мен мінездемелері тіркелетін болады. Осылайша, баланың дамуына тұрақты мониторинг жасап, оның білім алуының нәтижелігі қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатта мектептер заманауи оқу жабдықтарымен, smart-сыныптарымен, тіпті телестудиямен жабдықталған.
Зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламалары:
1. Әлемдік деңгейде жиналған озық тәжірибеге негізделген қазақстандық және халықаралық білім беру бағдарламаларының кіріктілігі (Халықаралық бакалавриат, Advanced placement, A-level және т.б.);
2. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге бағдарлануы;
3. Көптілді ортаны құру;
4. Интеллектуалды мектеп оқушысының моделінде көзделген, оқушының жеке тұлғалық ерекшелігін қалыптастыру;
5. Оқушының өзіндік және ғылыми-тәжірибелік қызметі;
6. Шынайы мамандық таңдау және кәсіптік бағдар қызметі;
7. Мектептердің және жоғары оқу орындарының бірізділік бағдарламалары.