Ішінара опырылған Баймұханов көшесі, 39 мекенжайындағы жатақхананың тұрғындары келесі аптада Салтанат сарайының артында орналасқан жаңа 240 пәтерлік үйден баспана алады. Бұл туралы 1 маусымда өткен брифингте қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ хабарлады.
Қала басшысының айтуынша, Атырауда күрелуге тиесілі ғимараттардың тізімін жасаған кезде көппәтерлі 36 апатты үй болған. 7 үйдің тұрғындары қоныстандырылды, 29-ы өз кезектерін күтуде. Келесі жылы Гагарин көшесі, 124, Досмұхамбетов көшесі, 15 және Говоров көшесі, 12 мекен-жайындағы көппәтерлі жатақханаларды қоныстандыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, қазір қалада санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келмейтін көппәтерлі ескі 33 үй мен 17 жатақхана бар (бұл тізімге 4 апатты жатақхана кіреді, солардың бірі Баймұханов көшесінің бойындағы ғимарат болып табылады).
Бұрын Баймұханов бойындағы ғимарат теміржолға тиесілі еді, бірақ кезінде оның бүкіл бөлмелері жекешелендірілді. Жатақханада алаңы 10-18 шаршы метр болатын 95 пәтер болды. Ол опырылған кезде онда ресми түрде 63 отбасы (оның 42-сі пәтер алу кезегінде тұр) мен әкімдік бос тұрған бөлмелерге уақытша тұруға рұқсат берген тағы 12 отбасы болған. 31 мамырда олардың барлығы жатақханаға бейімделген "PSN Казстрой" ғимаратына көшірілді. Бүгінде ол жерде 141 адам - 97 ересек және 44 бала бар.
Жас отбасыларға, интернат мекемелерінің түлектеріне, бюджет қызметкерлеріне және осы опырылған жатақхана тұрғындарына беру жоспарланған 9 қабатты жаңа үйді тапсыру 15 маусымға белгіленген. Алайда құрылысшылар жағдайды түсініп, жұмыс қарқынын үдетіп, оны таяу күндерде тапсыруға әзір. Жаңа үйдегі бүкіл пәтер - алаңы 35 шаршы метр болатын бір бөлмеден. Жатақханада тұратын 63 отбасының 39-ы жаңа пәтерлерге көшіп келуге келісті, 24-і қарсы - олар үлкен көлемдегі баспананы қалайды. Оның 12-сі өз құқықтарын сотта даулауға әзір, талап-арыздарын беріп қойған. Қазіргі уақытта прокуратура олардың талаптарының заңдылығын тексеруде. Біздің сұрағымызға жауап бере отырып, Нұрлыбек Ожаев кезекте тұрған және анағұрлым кең баспанаға үміткер бола алатын отбасылар әзірге бір бөлмелі пәтерлерге орналасып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға үміткер болуды жалғастыра алады деп сендірді. Олардың баспана алу кезегі келген кезде олар бір бөлмелі пәтерлерді мемлекетке тапсырады.
Жатақханада заңсыз тұрып жатқан 12 отбасына келер болсақ, оларды басқа жатақханаларға немесе қалалық тұрғын үй қорының босаған пәтерлеріне орналастыруға тырысуда.
Жатақхана ғимараты күреледі, ал босаған учаскеге көп қабатты жаңа үй салу үшін құрылыс салушыларға ұсынады. Бұл жер жаман емес, бүкіл коммуникация жүргізілген.
Мамыр айы Атырау үшін өте сәтсіз болды. Бір ай ішінде бізде үш төтенше жағдай орын алды: төрт айлық жауын-шашын нормасы түскен нөсер, содан соң Шамин көшесі, 3 үйде орын алған газ жарылысы және осы жатақхананың опырылып құлауы. Нөсерден үйлері зардап шеккен тұрғындар үшін қалалық билік екі ай мерзімге дейін уақытша баспана жалдады. Шамин көшесі бойындағы үйдің бір бөлігін демонтаж жасап, қайта салады. Тұрғындар жағалаудағы өздеріне үйреншікті ауданнан кеткілері келмейді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ