– Үлкен ұлым жуырда 18 жасқа толады. Әкесімен екеуміз ажырасқанбыз, ол алимент төлейді. Мұндай жағдайда оқу аяқталғанша бұрынғы жұбайымның тарапынан әрі қарай да алимент алуға болады деп естідім. Ол үшін қайда хабарласу керек және қандай құжаттар ұсыну қажет?
Телефон арқылы
Сұраққа заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап береді:
– Қазіргі уақытта сіздің жұбайыңыз ұлын асырау үшін «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңының 124-бабына сәйкес алимент төлейді. Бұл бапта ата-аналар өз балаларын кәмелетке толғанша асырауға міндетті делінген. Осы заңның 129-бабының 1-тармағы ата-аналарды өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын асырап-бағуға міндеттейді. Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар көмекке мұқтаж деп есептелетін жағдайлар «Ата-аналардың балаларды асырап-бағуға арналған қосымша шығындарға қатысуы» деп аталатын 130-бапта айтылған. Алимент төлеу туралы келісім болмағанда және ерекше мән-жайлар болғанда (кәмелетке толмаған балалардың немесе еңбекке жарамсыз кәмелетке толған көмекке мұқтаж балалардың ауыр науқастануы, мертігуі, оларға бөгде адамның бағып-күтуіне ақы төлеу қажеттігі және басқа да мән-жайлар) сот осы мән-жайлар туғызған қосымша шығындарды көтеруге әрбір ата-ананы қатысуға тартуы мүмкін. Ата-аналардың қосымша шығындарды көтеруге қатыстырылу тәртібі мен бұл шығындардың мөлшерін сот ата-аналар мен балалардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып ай сайын төленуге тиісті алимент төленетін кездегі айлық есептік көрсеткішке еселенген қатынасында белгілейді.
Сот ата-аналарды нақты шеккен қосымша шығындарды өтеуге де, балаларды асырап-бағуға болашақта жасалуға тиіс қосымша шығыстарды өтеуге де қатысуға міндеттеуге құқылы.
Еңбекке жарамсыз тұлғаларға 18 жасқа дейінгі және одан үлкен жастағы оқушылар (оқу орындарындағы күндізгі оқу бөліміндегі оқуы аяқталғанша, бірақ жасы 23 жасқа жеткенше) жатады (1992 жылғы 18 желтоқсандағы №7 Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының нормативтік қаулысы). Бұл сіз айтып отырған жағдай. Ұлыңызға әрі қарай да алимент алу үшін сізге сотқа талап арызбен шығу керек. Арызға балаңыздың туу туралы куәлігі мен оның оқу орнынан алынған анықтаманы жалғаңыз. Бұдан басқа, сіз ұлыңызды оқыту төлемақысының мөлшерін растайтын құжатты, ұлыңыздың оқуына қатысты жұмсалатын шығындар калькуляциясын – жолақысына, тамақтануына, интернет пайдалануына және рефераттар басып шығаруға кететін шығындарды және т.б. тіркеуіңізге болады.