– Неліктен облыстық балаларды оңалту орталығы жазғы уақытта жұмыс жасамайды? Біресе оларда жөндеу жұмыстары жүріп жатады, біресе бүкіл қызметкерлер демалыста дейді. Ата-аналарға балаларын орталыққа жазда апарған қолайлырақ. Олардың көпшілігі демалысқа шығады, әрі ауа-райы да жақсы болады. Жаңбыр болмағасын балаларды қымтап-ораудың да қажеті болмайды.
Телефон арқылы
Сұраққа облыстық балаларды оңалту орталығының директоры Нұрлан ҚҰРАҚОВ жауап береді:
– Біз көпшілік ойлағандай емдеу мекемесі емес, білім беру мекемесіміз. Штатымызда бар болғаны 2 дәрігер мен 6 медицина қызметкері және 24 тәрбиеші мен педагогтар (дефектологтар, логопедтер, психологтар) бар. Олар түзету сабақтарын өткізеді. Білім жеңілдетілген бағдарлама бойынша беріледі. Өйткені бізге келушілердің көпшілігінің денсаулықтарында кінәрат бар және қарапайым мектептерде оқи алмайды. Оңалту орталығы облыстық білім беру басқармасының ведомствосына қарайды. Қызметкерлердің жұмыс режимі де басқа педагогтар секілді, еңбек демалысы – 56 күн. Жазғы уақытта, барлық білім беру мекемелері секілді, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Педагогтарды демалысқа жібермей отыра алмаймын, олардың жұмыстары өте қиын. Еңбек демалысын екіге бөлуге педагогтардың бәрі бірдей келіспейді (ал біз олардың пікірлерін ескеруіміз керек, өйткені осындай профильдегі мамандар өте тапшы). Адамдарды демалыстан шақыра алмаймын, бұл экономикалық тұрғыда тиімсіз. Орталыққа еңбек демалысының төлемін, оған қосымша еңбекақы төлеуге тура келеді. Бөлінетін қаржы бұған жетпейді, өйткені бюджет алдын ала есептеліп қойылады.
Орталық күн сайын 71 сәбиді қабылдауға арналған. Алайда наурыз айынан бастап күн сайын 100-ге дейін бала барады. Оңалту мекемесіндегі 30 орын аудан балаларына сақталған. Олар емдеу кезінде сол жерде тұрады. Қала балалары орталыққа күндізгі уақытта екі ауысыммен барады.