Атырау, 28 қараша 11:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Велосипедшілермен кеңескен жөн

5 412 просмотра

Image 3Қалалық әкімдік Атырауда велосипед жолдарын салуды жоспарлап отыр. Дегенмен, атыраулық велоәуесқойлардың пікірінше, бұларға арналған орын сәтсіз таңдалған, сәйкесінше бюджет қаржысы далаға кетеді деген сөз.

ҚАТАРЫМЫЗ КӨБЕЙІП ЖАТЫР

Велосипедшілердің алғашқы қауымдастығы «Қозғалыс - өмір» Атырауда 2008 жылы пайда болды.

- Дәл осы кезде Атырауда жұмыс жасайтын шетелдіктер «Atyrau Outdoors» қозғалысын ұйымдастырған болатын. Жеріміздің ой-шұңқырын білмейтін шетелдіктердің велосипедпен серуендеу үшін ыңғайлы маршруттар іздеуі, сол үшін қала шетіне де шығуы біз үшін өте қызықты, бір жағынан, аздап өкінішті де болды. Мүмкін, осы жағдай бізді қауымдастық құруға итермелеген шығар, - дейді «Қозғалыс - өмір» қауымдастығының белсенділері.

Бүгінде олар көптеген бұқаралық вело жорықтарын ұйымдастырды, сондай-ақ, олар велосипедшілердің күші мен жүру дағдыларын жетілдіретін бірнеше қызықты маршруттар дайындады. Сондай-ақ, жыл сайын веложарыстар өткізіледі.

- Жарыстарға немесе белгілі бір маршруттар бойынша қала сыртына шығуға тау велосипеді бар және өзін сынағысы келетін кез келген адам қатыса алады, ал, веложорық үшін кез келген велосипед жарайды - дейді «Қозғалыс - өмір» белсенділерінің бірі Дмитрий Хаманов. Қалада, шамамен, бес велоқауымдастық бар. Түрлі мерекелерге арналған веложорықтарға 350-ге дейін адам қатысады, аз сан емес. Мәселен, бұрынғы әуесқой велосипедшілер арасындағы «Соль Каспия» жарысы енді жыл сайын өткізіліп, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауына ие болғаны қуаныш ұялатады. Жай құйындатып айдауға емес, күрделі сапарларға шығу үшін жақсы тау велосипедтерін алатын жастардың қатары жыл сайын көбейіп отыр. Мұның барлығы қалада велоспортты дамытуға арналған инфрақұрылымның жоқ екендігіне қарамастан жүзеге асуда.


ГОЛЛАНДЫҚТАРДЫҢ КӨЗІМЕН

«АЖ» анықтамасы:
Тау велосипеді (маунтинбайк) – ерекше конструкциялы жолсызбен жүруге арналған (жолмен де жүруге болады) велосипед.

Атырауда велосипедпен жүруге еш жағдай жасалмағаны туралы «Atyrau Outdoors» қозғалысының белсендісі Аарноуд ХОЭКСТРА да айтып берді. Оның айтуынша, Голландияда велосипед көптеген адамдар үшін қарапайым қозғалыс құралы екен.

Image 0

- Бұл денсаулыққа пайдалы, уақыт пен ақша үнемдеуге жақсы, сонымен қатар экологияға зияны жоқ. Бізде балалар екі-үш жасында велосипед айдауға үйренеді. Велосипедпен жұмысқа, сабаққа, түрлі шаруаларына барады. Велосипед жолдары, велотұрақтар, қызмет көрсету орындары қалыпты өмірге айналған.

Атырауға келетін болсақ, біз қозғалыс баяулаған таңда немесе кешке қарай шығамыз. Алайда ең қызықты велосеруендерімізді демалыс күндері қала сыртында өткіземіз. Біз маршруттар әзірлеп, оны өз сайтымызға www.atyrauoutdoors.com жариялап, белгіленген уақытта барлығымыз бірге шығамыз.

Біздің сары далада шетелдіктерді не қызықтырады екен?

- О! Сіздерде қызықты нәрселер көп қой, - деп сөзге араласты жұбайы Аарноуд Барбар. – Мысалы, Пешной түбегі бағытында түрлі құстар бар. Бұл танымдық жағынан да, әдемілік жағынан да маңызды. Сонымен қатар, түйелер мен жылқы үйірлері... Біз үшін бұл - таңсық. Жалпы, қырдың өз тартымдылығы бар ғой. Осы жерде бірнеше жыл тұрған уақытымызда біз велосипедшілердің көбейіп келе жатқанын байқап жүрміз. Жалға беру орындары, арнайы дүкендер ашылуда. Билік басындағылар осыған көңіл аударып, жағдай жасаса екен.


ҚАЙ ЖЕРДЕН БЕЛГІЛЕДІҢІЗДЕР?

Велосипедшілер үшін ең сүйікті жер – жағалау, бұл көптеген қалалықтардың наразылықтарын туғызып отыр. Желдей жүйткіген велосипедтер арасында баламен серуендеу қауіпті. Өткен жылы билік қаланың орталық бөлігіндегі жағалауда сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін велосипедпен жүруге тыйым салған, алайда ол орындалар емес. Жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер жағалауда жағаласуын жалғастыруда.

Наурызда қалалық ТКШ бөлімі мемлекеттік сатып алу порталында «велосипед жолдары мен жүргіншілер тротуарларын» салуға тендер жариялаған болатын. Мердігерлік сомасы – 290 млн теңге. Редакцияның сауалына берген жауабында қала әкімінің орынбасары Әділбек Зайдуллин былай дейді: «Жүргіншілер тротуарлары мен велосипед жолдарын Бейбарыс даңғылы бойымен әуежай жолына қарай салу жоспарлануда. Екі жақты қозғалыс жолағы бар жолдың ұзындығы – 4,6 шақырым, веложолдың ені – 3 м, айыру жолағының ені – 0,5 м, жүргіншілер бөлігінің ені – 1,5 м. Бүгінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтіп жатыр. Жеңімпаз анықталғаннан кейін шарт жасалады. Құрылыстың ұзақтылық мерзімі – 5 ай».

Image 2Эдуард Нитокшин Алдағы құрылыс туралы жаңалықты «Қозғалыс - өмір» қауымдастығы алғашында қуана қарсы алды. Алайда нақты жағдайларды естігеннен кейін басылып қалды:

- Мұндай қысқа жолдарда спорттық жарыстар өткізу мүмкін емес, бұл қашықтық тек арын алуға ғана жетеді, - деп есептейді велоқозғалыс белсендісі Эдуард Нитокшин. – Көпшілігіміз таңертеңгілік жаттығу ретінде 15-20 шақырым еңсереміз. Жаттығу сапарлары үшін топырақпен 30-50 шақырым жүру керек. Көпшілігіміз шаруаларымызға велосипедпен жүреміз. Құрманғазы - Әлиев және әуежай нүктелерін не байланыстыра алады? Ештеңе. Сонымен қатар қозғалыстың қарқындылығынан болашақ веложолға жету де мұң болмақ. Велосипедшілердің көпшілігінің көлік жолына шығуға батылдары жете қоймас. Ені 3 метр, ұзындығы 4 шақырым жолда жарыс та өткізе алмайсың.

Біз жағалауда салынған шектеулермен келісеміз, шынында да кейбір велосипедшілердің айдау мәдениеті төмен, олар жаяу жүргіншілерге қауіп тудырады. Алайда адамдар аз серуендейтін жағалаулар бар, мәселен, Балықшы, Авангард тұстары, Әлиев көпіріне қарай кең жерлер. Бұл учаскелерде жүргіншілер жолы мен велосипедшілердің жолын жолақ арқылы белгілеуге болар еді. Ақтаудағы жағалауда солай жасалған. Қала ішінде, орталықты айтпағанның өзінде велосипед жолдарын салатын жер жоқ екендігі түсінікті. Бейбарыс даңғылы бойына салуды жоспарлап отырған веложолды Сәтпаев даңғылы бойымен әуежайға дейін салса, жақсы болар еді. Бұл жол велосипедшілер үшін ыңғайлы да қолжетімді болар еді. Оған Құрманғазы көшесі жағынан да, Сәтпаев бойымен де келуге, қала сыртына шығуға да болады.

Тамара СУХОМЛИНОВА


7 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.