2 мамырда Атырау тұрғындарының колоннасы соғысқа қатысқан аталары мен бабаларының фотосуреттерін ұстап, Сәтпаев даңғылының бойымен жүріп өтті. Осылайша қаламыз әрбір ұрыс алаңында қаза болған немесе соғыстан кейін өмірден өткен Ұлы Отан соғысына қатысушының жеке ерлігіне тағзым етіп, құрмет білдірді.
"Ажалсыз полк" деген атаудағы осындай акциялар көршілес Ресейде дәстүрге айналған, ал бізде Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Ерліктен елдік аялдамасына дейін» атты акцияны алғаш рет Атырау қаласында жастар ресурс орталығы қалалық әкімдік қолдауымен ұйымдастырды. Сәуірдің басында БАҚ-тарда тұрғындарды белгіленген жерге соғысқа қатысқан туыстарының фотосуреттерімен келуге шақырған хабарлама жарияланды. 400-дей адам өз өтінімдерін жолдады, алайда шеруге қатысу үшін көп халық жиналды. Колоннаны 41433 әскери бөлім сержанттары бастап, қолдарына жерлестеріміздің - Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің толық кавалерлерінің портреттерін ұстап шықты.
- Бұл біз үшін үлкен құрмет, - дейді 41433 әскери бөлімшесінің сержанты Нұрлан АЙТИМОВ.
Колоннаны әскери үрмелі оркестр сүйемелдеп, байкерлердің «Wild West Wheels Brothers» клубының мотоциклшілері еріп жүрді.
- Біз Мұнай және газ институтының Әскери даңқ музейінен 60 фотосуретті шығарып қойдық, қазір оларды еріктілер ұстап жүр. Халықтың осылайша бірлік танытқаны қуантады, егде тартқан соғыс балалары да, жас тұрғындар да келді. Жауынгерлердің тағдырларын анықтау жұмыстары әлі жалғасуда, жаңа құжаттар ашылып жатыр, - дейді танымал өлкетанушы Вячеслав АФАНАСЬЕВ.
Қаза болған жауынгерлердің ересек балалары да, олардың кішкентай шөберелері де портреттерді алып жүрді.
- Әкем Қуаныш МЕҢДІБАЕВ соғысқа аттанған кезде 4 жаста болған едім. Ол 126-шы атқыштар дивизиясының саяси жетекшісі болды. 1942 жылы Сталинград түбіне қаза болды, - дейді Нина Қуанышқызы.
Жас Сайранбек БЕКЕНОВ соғыстан кейін өмірден өткен өз атасы Жәлел ИМАНҒАЛИЕВТЫ көрмеген, бірақ ол туралы туыстары мен оның достарынан көп естіп-білген. Жәлел ата Смоленск түбінде шайқасқан, бейбіт кезеңде мектепте мұғалім болған, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген, құрметке бөленген жан екен. Оны еске алып Сайранбек алаңға атасының портретін алып шыққан. Бүлдіршін Нарғыз бабасы Қамза ҚАРАТАЕВТЫ көрмеген, бірақ ол туралы туыстары айтқан әңгіме арқылы оны мақтан тұтады.
- Маған бүгін келіп, арғы атам Қабдол САҚТАУОВТЫ құрметпен еске алу маңызды болатын. Ол 1942 жлы хабар-ошарсыз кетті. Көп жыл бойына, сонау кеңес дәуірінде-ақ менің атам өз әкесі туралы мағлұматтар іздеген. Тек бертін келе ғана анам үлкен атамның соғыста қаза болғаны туралы нақты мәліметке қол жеткізе алды, - дейді он бірінші сынып оқушысы Сабина МАҚСОТ.
Шеруге қатысушылар Исатай-Махамбет алаңына дейін жетті. Ол жерде Атырау Мұнай және газ институтының Әскери даңқ музейіне тапсыру үшін майдангерлердің фотосуреттері мен өмірбаяндарын қабылдау қосыны орналасқан. Ұйымдастырушылар акцияны қаламыздың жақсы дәстүріне айналады деп үміттенеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА