ҚР Ұлттық банкінің тиісті бағдарламасы шыққалы бері Екінші деңгейлі банктен несие алушыларда ипотекалық несиелерді 3 пайызға дейін қайта қаржыландыруға мүмкіндіктер пайда болды.
«ҚР Ұлттық банкі» ММ Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВТЫҢ (суретте) айтуынша, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасын Ұлттық банк директорлар кеңесі мақұлдаған.
- Ұлттық банк «Проблемалы несиелер қоры» АҚ-ын 130 млрд теңге сомаға дейін қосымша капиталдандыруды жүзеге асырады. Бұл қаржы екінші деңгейлі банктер бойынша 2,99 пайызбен 20 жыл мерзімге депозиттер түрінде бөлінетін болады. Ұлттық банк бөлетін қаржы есебінен екінші деңгейлі банктер 3 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен қарыз алушылардың ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыратын болады, - деді Қ.Құлбарақов.
Бағдарламаға сәйкес, 2004-2009 жылдары доллармен және теңгемен берілген, кепілзатқа жалғыз баспанасы (120 шаршы метрден аспайтын) салынған ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылады. Егер қарыз алушы мен оның отбасы әлеуметтік осал топтарға жатса, ол үшін баспана алаңы бойынша шектеу нормасы қолданылмайды. Басты шарты – 2015 жылғы 1 қаңтардағы ахуал бойынша негізгі қарыз бойынша бережағы 36 470 000 теңгеден немесе 2015 жылдың 1 қаңтарындағы Ұлттық банктің шетелдік валютадағы бағамы бойынша қарыз баламасынан (200 мың доллар шамасынан) аспауы тиіс. Сонымен қатар, бағдарламада өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалы қарыздарды қайта қаржыландыру қарастырылған. Заңды күшіне енген сот актілері бар қарыздарды да қайта қаржыландыруға рұқсат етіледі. Қарыз алушы, сондай-ақ, банктен қайта қаржыландыру бағдарламасының шеңберінде қалған қарыз сомасын өтеу мерзімін 20 жылға дейін ұзартуды өтінуге құқылы.
БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСУШЫ БАНКТЕР:
Қазком Банк (БТА Банк пен БТА-Ипотека)
Халық Банкі
Форте Банк (Альянс Банк, Темірбанк)
Центркредит Банкі
АТФ Банк
Каспий Банк
Цесна Банк
Еуразия банкі
Нұрбанк
Ұлттық банк филиалы қарызды төлеу мерзімін көбейтуге қатысты ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру мысалын келтірді: «Айталық, сіз 2005 жылы 18 пайыз мөлшерлемемен 15 жылға 100 мың доллар несие алдыңыз. Ол бойынша орындау мерзімі 2020 жылы аяқталады. Бұл жағдайда тең үлеспен төлегенде қарыз алушы ай сайын 600 мың теңге төлеуі тиіс. Енді қайта қаржыландыру бағдарламасының шеңберінде несиені өтеу мерзімі 20 жылға дейін ұзартылады. Мұнда ай сайынғы төлем сомасы 120 мың теңгені құрайды».
Қайта қаржыландырудың пайыздық мөлшерлемесін азайту туралы мәселе әр банкте әрбір жекелеген қарыз алушыда дербес тәртіппен шешіледі. Бір шарт – бұл мөлшерлеме 3 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар осы бағдарлама шеңберінде банктер өз қалауынша төлем бойынша үзілістер белгілей алады, негізгі қарыз бойынша өтеу сомасын азайта алады, айыппұл мен өсім сомаларын сызып тастай алады. Яғни, қайта қаржыландырылған несиелер анағұрлым жеңіл шарттармен өтелетін болады.
- Процедураның ашықтығын қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктерде арнайы комиссия құрылады. Ол жерге банкпен келіспеген жағдайда кез келген қарыз алушы жүгінуге құқылы. Бүкіл ықтимал даулар мен келіспеушіліктер жеке тәртіппен қаралатын болады, - дейді Қ.Құлбарақов. – Ұлттық банк бөлетін қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны үшін екінші деңгейлі банктерге айыппұл санкциялары қарастырылған. Қалай болғанда да қайта қаржыландыру бағдарламасын пайдалана алатын қарыз алушылар бұл істі кейінге ысырып қоймағаны жөн, қазірдің өзінде өтініш беруге болады.
Тамара СУХОМЛИНОВА