Индер ауданында егіншілік науқанына дайындық жүріп жатыр.
Ауданда егін алқабы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұдан үш жыл бұрын аудандағы егін алқабы 64 гектарды құраса, биыл 650 гектарға жетті. Егінмен айналысып отырғандар тек жергілікті тұрғындар емес, қаладан келіп жатқандар да бар. Өткен жылы ауданда 38 егінші болса, биыл олардың саны 51-ді құрап отыр.
Биыл көктем кеш шықты әрі салқындық сақталып тұр, бірақ соған қарамастан егін алқабының басында жер жырту, өңдеу, топырақ үю, су жүйелерін қалпына келтіру, көкөніс дақылдарын егу, қоршау жұмыстары қатар жүріп жатыр.
«Слава» шаруа қожалығының басшысы Владислав КИМ (суретте)
- Биыл амалдар кезінде ылғалдың жылдағыға қарағанда көп болуы, бір жағынан, бізді қуантып тұр. Қатты жел жерді құрғатып үлгермейді. Жер әлі салқын, сондықтан қызуын күтпей болмайды, - дейді диқандар. - Түнде аяз бар, үсітіп алуымыз мүмкін. Өзі нәзік көшеттер бой алып кеткенше уақыт керек. Сондықтан асықпай отырмыз. Ал, қауын, қарбыз салқынға төзімді келеді. Былтыр қарбыз бен қауынды ерте еккендер егінді дер кезінде жинап алды.
Есбол селолық округінен егін егу үшін жалға жер алған Атырау қаласының 23 жастағы тұрғыны Досжан ОРАЗҒАЛИЕВ биыл мұнда екінші жыл егін екпек.
- Былтыр бір адаммен бірігіп еккен бау-бақшамыз бітік шықты. Биыл мен
Осы округтегі «Еспосынов» шаруа қожалығы да жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Егістік алқаптардағы диқандар көктемнің әр күні жылға азық екенін естен шығармаған. «Нұр-сәт», «Таңатар» шаруа қожалықтары мен «Ғариполла» жеке кәсіпкерлігі 11 гектарға еккен алма ағаштарын күтіп-баптауда.
- Диқандар тұқымды Атыраудағы «Галион-Агро» дүкені мен Астраханнан сатып әкеліп жүр. 30 тонна картоп тұқымын (1 келісі - 60 теңгеден) «ОралАгросервис» ЖШС-нен сатып алдық. Аудан бойынша 250 гектарға картоп егу жоспарланып отыр. Ақтаудан 150 тонна минералды тыңайтқыш әкелінді, тағы да 50 тоннасы кейін жеткізіледі. Тыңайтқыштың 50 пайыз бағасын сусидия есебінде үкімет төлейді, - дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВ.
Ал, егінді суаруда қиындықтар болмайды деген үміт бар. Бүгінде «Алғабас-Жорық», Бағырлай, Жалаңашжар, Ақсай каналдарына су жіберілген. Егіншілер де сумен қамтамасыз ететін «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалының Индер ауданындағы бөлімшесімен келісімшартқа отырған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА