«Салтанат сарайы» неке қию сарайының заңды басқарушысы пайда болды, оны бізге қаржы басқармасы ресми түрде таныстырды.
Біздің Неке қию сарайы туралы бұрынғы жарияланымымыз («Әкімдіктің екі жұмбағы» мақаласын қараңыз) үлкен талқылау тудырды: 18 мыңнан астам оқылым, 170-ке жуық оқырмандардың комментариін жинады. Олардың көпшілігі қадағалау органдары бұл тақырыпқа қызығушылық тудырып, жергілікті атқарушы билік өздерінің аттарына көлеңке түсіретін сұраққа жауап беріп, абыройларын қорғап қалатын шығар деп топшылаған. Алайда бұлай болмады. Сондықтан да кішкене үзіліс алып, редакциямыз Атырау облысы әкімі Б. Ізмұхамбетовке ресми сұраныс жіберіп, көшірмесін Атырау облысы прокуроры Ғ. Тоғызбаевқа жолдады. Сұраныстың мәтіні:
«2015 жылғы 2 ақпанда газетіміздің бетіне «Әкімдіктің екі жұмбағы» (http://azh.kz/ru/news/view/26213) мақаласы жарияланған еді. Онда қаржы басқармасының балансына берілген (құрылыс басқармасының мәліметі бойынша) нысанның коммерциялық қызметі туралы әңгіме болған-ды. Мемлекеттік нысанның басқару түрі мен тікелей басқарып отырған тұлғалар туралы сұрағымызға облыс әкімінің орынбасары жауап берген жоқ. Жарияланым үлкен қоғамдық талқылауға түсті, алайда, өкінішке орай, бұл әкімдікте де, прокуратурада да, редакциямыз бен көптеген оқырмандарымыз ойлағандай, қызметтік тергеу жүргізуге себепші болмады. Сізден материалда баяндалған фактілерге түсінік беріп, төмендегі сұраққа жауап қайтаруыңызды сұраймыз:
1. Сарайды басқаруды кім жүргізіп отыр?
2. Қандай заңдылық негізде?
3. Қызмет жасаған уақыттан бері нысан мемлекетке қандай табыс әкелді?
4. Бұл нысанға ай сайын қызмет көрсету мен қамтамасыз етуге бюджеттен қанша қаржы бөлінеді?
5. Мемлекет қаржысына салынған нысан халыққа қандай негізде ақылы неке қиюды тіркеу, мейрамхана, банкет залын, VIP-залдарды және тағы басқаларды жалға беру сияқты коммерциялық қызмет көрсетіп отыр?»
ТЕНДЕРДІ НАУРЫЗДА ӨТКІЗДІК
Бір күн өтпей жатып прокуратурадан біздің жолдауымыз «қаралу үшін» Атырау облыстық қаржы басқармасына жіберілді деген жауап келді. Бірер күннен кейін басқарма басшысы Б. ЖЫЛҚЫБАЕВТЫҢ қолы қойылған түсіндірме хат келді. Жауапта нысан ақпан айында бәсекелестік ортаға тапсыру үшін қаржы басқармасына берілгендігі туралы айтылған (бізге қаңтар айында келген жауапта нысан қаржы басқармасының балансында деп жазылған еді). Әрі қарай мәтін бойынша: «Сұраныстарыңыздың 2, 3, 4 тармақтарына қатысты айтатын болсақ, ашық тендер өткізілді. Байқау талаптарына сәйкес, ай сайын 6,09 млн теңге көлемінде арендалық ақы төлеу ұсынысымен 6 наурызда «Hotel Service Home» ЖШС жеңімпаз атанды. Нысанды жалға алу туралы шарт жасалды. Наурыз айының жалға алу төлемі облыстық бюджет шотына аударылды. Салтанат сарайын қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен ақша қаралмаған және бөлінген жоқ.
5 тармақ бойынша: Нысан ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 75-бабына», сондай-ақ, ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға (арендаға) беру қағидаларына» сәйкес жасалған жалға алу шарты негізінде берілді».
Көріп тұрғанымыздай, қысқа да нұсқа сөйлеу тек ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне ғана тән емес екен. Менің пікірімше, бірнеше тармаққа әлі де болса түсінік керек сияқты, сондықтан да түрлі қосымша қайнар көздерді «қопаруға» тура келді. Атырау облыстық қаржы басқармасының Сарайды басқаруға өткізген тендері 7 ақпанда күн сайын шығатын республикалық «Официальный вестник РК» газетіне жарияланған. Жеке меншік көптиражды басылым негізінен мемлекеттік тапсырыс арқылы ғана жан бағып отыр екен. Рейтингі – 0, пікірлер де – 0. Телефон арқылы Байжанов деген біреу 25 мың тиражы бар деп айтқан, ал шығарылым деректерінде 15 мың деп көрсетілген. Ол өз газетінің бағытын айтуға қиынсынды. Басылымның таратылу нысаны, қаламызда қолжетімділігі, әсіресе фирманың құрылтайшылары туралы сұрақтарым ұнамады-ау деймін, компанияның аты «Сұңқар» деп бастады да, кері сұрақтар қойып, жауапты күтпестен «сенімен бос сөйлесіп отыратын уақытым жоқ» деп телефонды қойып тастады. Газет сайтында көрсетілген телефондардың барлығы да Байжановқа келіп түсті. Редакторы да, журналистері де жоқ, тек «өкілі» ғана бар ерекше басылым. Мемлекеттік тапсырыс берушілерді бұл несімен қызықтырды екен?
Ұсыныстың бағасы 5,1 млн теңгені құрады. Байқауға екі кәсіпорын - атыраулық «Hotel Service Home» ЖШС пен Қарағанды қаласынан «Женщина» ЖК жіберілген. 6,09 млн теңге ұсынған «Hotel Service Home» ұтты (қаржы басқармасынан маған түсіндіргендей, аренда құнын көтеру «Салтанат сарайы» кешенінде тендер жарияланған 7 ақпан күні және өткізілген 6 наурызы аралығында жеке жылыту қазандығы мен тағы бір қосымша жабдықтарға ие болған – З.Б.).
Тендерде ұтқан фирма туралы желіде ақпараттар өте аз, алайда Гуглде бәрін табады. «Hotel Service Home» ЖШС белгілі кәсіпкер Әділ ЖҰБАНОВҚА (облыстық әкімдіктің тапсырысымен Неке қию сарайын салған «Батыс Альянс Строй» ЖШС-тің директоры) тиесілі «Қазақстан» қонақ үйін басқару үшін құрылған.
HE IS A LUCKY
Облыстық әкімдіктің ресми ақпараттары бойынша, Жұбанов бұл тапсырысты орындау үшін 1,9 млрд бюджет теңгесін алуы керек болатын. Айта кетсек, көрші Оралда бір жыл бұрын тап осындай жоба қолданысқа берілген. Алайда осы нысанды қалаға сыйға тартқан «Карашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясына бұл мырзалығы 1,4 млрд теңгеге шыққан.
Айтпақшы, Оралдағы әдемі неке сарайының құрылысы Ізмұхамбетов әкім болып тұрған кезде басталған. Lucky деп аталатын бұл идея шынымен авторына сәттілік әкелетін сияқты: президент Назарбаевтың өзі жаңа тапсырылған Сарайдың ішінде тұрып, қаланы өңіраралық форумға айлар ішінде дайындап үлгерген Бақтықожа Салахатдинұлының іскерлігін президент Путинге мақтаған еді.
Алайда, мадақ сөздерді салыстырулармен ауыстырайық. Оралдық сарай қала балансына берілген және ол екі жылдан бері қаладағы ең көрікті нысандардың бірін қамтамасыз ете алмай қиналуда: неке қиюды тіркеу залдары қалт-құлт қызмет етіп жатыр (онда неке қиюды тіркеу құны 25 мың теңге тұрса, бізде, естеріңізге салсам, 100 мыңнан 130 мыңға дейін). Ал жалдау ақысы небары 2,5 миллион болатын банкет залдары мен мейрамханаларды басқаруға ниет білдірушілер жоқ. Оралдық мейрамхана бизнесінің өкілдері орынжай пайда әкелмейді деп қорықса керек. Ал Атырауда залды жалға алу үшін айлар бұрын жазылып қоясың. Оралдықтар біздің Сарайдың әр қонаққа 20-25 мың теңге немесе тек бір мейрамханалық залды толтырсаңыз, 6-7,5 млн теңге ақша түседі деген қызметтер құнын естісе, тіл-сөзден айырылатын шығар. Оралда басқа экономикалық санаттармен өмір сүреді.
КІМСІҢ СЕН, МЕЙІРІМДІ АДАМ?
Бір қарасаңыз, арамыз небары 500 шақырым, алайда қаншама айырмашылық бар! Дегенмен, бір қалада тұрып-ақ, өмірге деген көзқарастарымызда әр-алуан болуы мүмкін. Мәселен, өзім туралы айтайын. Жұмыс аптасында күніне жанынан төрт рет өтетін Сарай қазан айында өткен Форумды қоспағанда, белсенді пайдаланылып келеді. Үйлену тойлары, корпоративтер, белгілі дөкейлердің мерейтойлары... Қалай болғанда да, нысанға жақсы күтім жасалып тұр, қыс бойы жылу беріліп, жарық сөнген жоқ. Ал мұның көлемі 5,4 мың шаршы метр ғой, 30 метрлік пәтер үшін адамдар жылу берушілер мен энергетиктерге ақша жеткізе алмай, жылап жатады. Ал қаржы басқармасының қызметкерлері Сарайды үстіміздегі жылдың наурызына дейін (!) ешкім басқаруға алған жоқ деп міз бақпай отыр, яғни, бос тұрған, ал оны қамтамасыз етуге баланс ұстаушы бюджеттің бір тиынын да жоймаған екен, яғни, салық төлеушілердің ақшаларын үнемдеген. Баланс ұстаушы жаңа ие тауып, оны заңдастыру жолында жалға беру тендерін өткізгенше осынау керемет Сарайдың азып кетпеуі үшін миллиондаған теңгені қандай қайырымды адам шығарды екен? Ал жалға беру туралы тендер Атырауда тек кейбір шенеунік пен олардың жақындары ғана еститіндей ел танымайтын газетке берілген. Әрине, бұл шешімде ақыл-парасаттылықтың бір ұшқыны бар деуге болады: ойлап қараңыздар, егер бұл тендер туралы жұрттың барлығы естісе?! Қатысуға ниет білдірушілерден аяқ баса алмас едіңіз (біз Орал емеспіз ғой, миллионмен бізді қорқыта алмайсың, әсіресе оны бір іс-шарамен қайтарып алуға болатын болса), сосын жүргенің, әрбіреумен дауласып...
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ