Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC консорциумы мұнай және газ кәсіпшілік құбыр желілерін салуды жалғастыруда. «АЖ» ақпараты бойынша, жұмыстар белгіленген кестеден тез жүріп жатыр.
ЖЫЛДАМ ҚАРҚЫНМЕН
Butting GmbH and Co. KG неміс өндірушісіне 130 шақырым құбырға тапсырыс берілді және сәуірдің басындағы мәлімет бойынша 18 шақырымы дайындалған. Жапонның Marubeni Itochu Steel Inc. зауытында саралау сынақтарын жүргізуге арналған құбырларды дайындау жалғасуда. Осыдан кейін жапон құбырлары құбыр желілерін салу тендерін ұтып алған «Сайпем» компаниясының мердігері - «Ерсай» ЖШС-не (Ersai Caspian Contractors) оларды дәнекерлеу технологиясына саралау жүргізу үшін жіберіледі. 2,4 шақырым құбырлардың алғашқы партиясы 24 наурызда жөнелтілді, олар Қазақстанға 17 сәуірде жетті. Екінші партияны (1,8 шақырым) 3 сәуірде жіберген, жүк 8 мамырда жетуі тиіс. 19 маусымға дейін Қазақстанға 17,1 шақырым жапон құбыры жеткізілуі тиіс.
«Сайпем» және «Серимакс» компаниялары дәнекерлеу технологияларын саралау сынақтарын жүргізуді жалғастыруда. Әрі қарай дәнекерленген жерлерге механикалық тестілеулер мен басқа да зертханалық сынақтар өткізу жоспарлануда.
Теңізде қолданылатын ішкі плазмалық дәнекерлеу технологияларын (IPW) саралау кезінде 50 дәнекерленген жерден сипаттары бірдей 3 жарылу (cracks) анықталды. «Ерсай» бұл мәселені зерделеп, дәнекерлеу параметрлерін өзгерту арқылы олқылықты жойды. Қазіргі уақытта IPW дәнекерлеудің параметрлері тиісінше түзетіліп, бірінен кейін бірін дәнекерлеген 5 тігіс саралаудан сәтті өтті.
Сонымен қатар, NCOC А және D аралдарының арасындағы құбыр желісінің дәнекерленген тігісі үлгісін кесіп алып, Ұлыбританияның дәнекерлеу институтына зертханалық зерттеулер жүргізуге жіберді.
ҚР экологиялық заңнамаларына сәйкес, тайыз суда ор қазу 1 сәуірден бастап тоқтатылды. Құрлықтан теңізге түсетін жерден ор қазу бойынша жұмыстар 1 сәуірде басталады деп жоспарланған болатын, алайда теңіз деңгейінің 2 метрге төмен түсіп кетуіне байланысты жұмыстар 13 сәуірге шегерілді.
Естеріңізге салсақ, қазіргі уақытта NCOC Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінде 1 сәуірден 15 шілдеге дейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салатын ҚР Экологиялық кодексіне өзгерістер енгізуге тырысуда («Асықпаңдар, балықты үркітесіңдер!» мақаласын қараңыз).
Біздің осы мәселелерге қатысты жолдаған ресми сауалымызға NCOC бұл туралы тіс жармастан, жоба бойынша жасалатын жұмыстарды жоспарлау және ұйымдастыру «ҚР заңнамалары талаптарына сәйкес орындалады» деп жауап қайырды.
«ЗАҢНАМАЛАРДЫ САҚТАЙТЫН БОЛАДЫ»
ҚР энергетика министрлігінен Солтүстік Каспий жобасының мердігері ұсынған 2016 жылдың желтоқсанында аяқтау көрсетілген құбыр желілерін қалпына келтіру бойынша жұмыстар кестесінде Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің қорықты учаскелерінде 1 сәуірден 15 шілдеге дейін құрылыс жұмыстарын жүргізу қарастырылмаған деген жауап келді. Ал экологиялық кодексті бұзған жағдайда «қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жауапкершілік қарастырылған».
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті кіретін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі Жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау (ҚОӘБ) материалдарын қарағанын хабарлады.
«ҚР «Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану туралы» Заңның 17-бабына сәйкес, Жобада жануарлардың тіршілік ету ортасын, көбею жағдайларын, көшу жолдары шоғырлану орындарын сақтау бойынша іс-шаралар қарастырылған. ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2013 жылғы 31 мамырдағы №154 бұйрығымен бекітілген сәйкесінше әдістемеге сәйкес, балық ресурстарының мүмкін болар шығындарына есептеулер жүргізілді. Жұмыстарды жүргізу мерзімдері ҚР Экологиялық кодексінің 257-бабы 2-тармағында көрсетілген шектеулерді есепке алып белгіленген. Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде балық шаруашылығын, су көлігін, көмірсутегі шикізаттарын мемлекеттік геологиялық зерделеуді, барлауды және өндіруді дамыту ҚР Экологиялық кодексі белгілеген арнайы талаптар бойынша қамтамасыз етіледі», - делінген министрліктің ресми жауабында.
Бұл жауаптардан NCOC қазақстандық тараптан жаңа құбыр желілері құрылысын жеделдетуге рұқсат берілмегенін көреміз. Алайда әңгіме тек экологияға тіреліп тұрмаған екен. Бізге белгілі болғандай, қол жеткізілген келісімдерге қарамастан («Бәрін сызып тастап, бәріне қарыздар болып қалды»), консорциумның шетелдік әріптестері жаңа құбыр желілерін салу шығындарын өндірісті жаңғырту шығындарына жатқызуға тырысуда. Бұл жолғы жұмыс көлемдері алғашқы құбыр желілерін салудан қиынырақ-мыс. Мысалы, сақтануды дұрыс деп тапқан NCOC бұл жолы құбырларды елімізге бетондалған күйінде жеткізіп, адам факторын болдырмас үшін дәнекерлеуді автоматтандырылған тәсілмен жүргізбекші. Алайда қазақстандық тарапты және сіз бен бізді консорциумның келтірген уәждері қанағаттандырмайды, өйткені, түшкіргеннің барлығына «жәрікүмалла» айтылмайды ғой. Қашаған жобасын басқарудағы үнемі болатын проблемалар туралы тек балалар ғана білмейтін шығар. Мысалы: теңіз кешені мен «Болашақ» зауытындағы компрессорлар, оларды да ауыстыру қажет («Қашағандағы жабдықтарды ауыстыру 100 миллион долларға шығады»). Олардың қуаты газды сығуға жеткіліксіз екен және осының салдарынан күкіртсутекті ылғал құбырға түсіп, жарамсыз қылып шығарды.
ТЕҢІЗГЕ ТАМШЫ
Әзірге қазақстандық тараптың экологиялық талаптарды сақтауға қатысты көрсетіп отырған бірбеткейлігі, әрине, мақтауға тұрарлық. Алайда Каспийде басталғалы отырған мұнай жұмыстары ауқымымен салыстырғанда болмашы ғана. Қашаған жобасының қазіргі мәртебесі сынақтық-өнеркәсіптік әзірлеме екенін ұмытпайық. Осы кезеңде 2016 жылдың соңына қарай консорциум мұнай өндіруді бастап, оны тәулігіне 450 мың баррельге дейін жеткізбекші. Бүгін қолда бар теңіз және жер үсті кешендері дәл осындай көлемге есептелген. Ал Қазақстанның геологиялық қорлары 4,85 млрд тоннаны құрайды, олардың тек 1,47 млрд тоннасын бүгінгі технологиямен алуға болады. Яғни, жобаның екінші фазасы басталып, Каспийдің солтүстік-шығысында тағы бірнеше теңіз кешендері, Қарабатанда «Болашақ» сияқты жаңа зауыттар пайда болады. Бұл тек Қашаған жобасы ғана, ал бұдан басқа ауқымы кішкентай болса да Ақтоты (77 млн тонна), Қайран (36 млн тонна), Қаламқас-теңіз (32 млн тонна), Оңтүстік Батыс Қашаған (6 млн тонна) мердігерлік учаскелері бар. Өнімді бөлу туралы келісім аясында іс жүзінде консорциумға берілген осы болашақ көлемдердің барлығын есепке алсақ, үш айға жұмыстарды тоқтату жоғалтатын заттарымыздың қасында теңіздегі тамшыдай болып көрінері хақ.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА