– Облыстық оңалту орталығының жаттықтыру залы мүмкіндіктері шектеулі жандарға мүлдем лайықсыз. Барлық жаттығу құрылғылары дені сау адамдарға арналған. Арбаға таңылған жандарға ол жерге барудың қажеті жоқ. Тіпті, ІІ топ мүгедегі маған да (апаттан кейін ақсаңдап жүремін) бір жаттығу құрылғысы ғана лайықты. Жаттығу залына жабдықтар сатып алған кезде мүгедектер туралы неге қаперге алмаған? Бұл жаттығу құралдарын қашан ауыстырады?
Телефон арқылы
Сұраққа облыстық оңалту орталығының директоры Имантай ХАРЕСОВ жауап береді. «Орталықты пайдалануға берген кезде қазіргідей жұмыс тәжірибеміз болған жоқ. Орталықтың өзі де оңалтуға арналған Қазақстандағы алғашқы типтік мекеме болды. Ол кезде біз Ресей мен Германияда мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған арнайы жаттығу құралдары бар екенін білмейтін едік. Қазіргі кезде Қарағанды мен Қызылордада жаңа оңалту орталықтары ашылып жатыр. Біз олармен хабарласып, тәжірибе алмасудамыз. Келер жылы осындай жандарға арналған бірнеше арнайы жаттығу құрылғыларын сатып алуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті ол.