Атырау, 29 наурыз 15:43
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Неміс сапасына сенім білдіріп отыр

2 887 просмотра

"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.«АЖ»-ға Қашаған жобасындағы екі жаңа құбырды тарту жұмыстарының егжей-тегжейі белгілі болды. Консорциум жалпы құны 1 млрд доллардан астам соманы құрайтын жапон және неміс өндірісінің 200 шақырым тұрбасын сатып алмақ.

Біздің дереккөздеріміз хабарлағандай, 70 шақырым тұрба болат өнімдерін шығарумен және сатумен айналысатын жапондық Marubeni Itochu Steel Inc компаниясынан сатып алынады. Қалған 130 шақырым тұрбаны бойлық-дәнекерлеу тұрбаларын, құбыр арматураларын, резервуарлар және т.б. дайындауға маманданған немістің Butting GmbH and Co. KG компаниясына тапсырыс берген.

Дайындау мерзімдерінің ұзақтығы салдарынан компаниялармен өткен жылдың тамызы мен қазанында келісімшарттар жасалған.

Естеріңізге салсақ, бұрынғы құбырларға арналған істен шыққан тұрбаларды жапондық Sumitomo және JFE компаниялары жеткізген.

Құбырларды ауыстыру жөніндегі соңғы қоғамдық тыңдауда Солтүстік-Каспий жобасының операторы NCOC-тың «Қашаған» жобасы бойынша басқарушы директоры Жанкарло РУЙЮ түсіндіргендей, жаңа құбырлар коррозияға төзімді қорытпамен қапталған болаттан дайындалады, олар күкіртті мұнай мен газ ескерілген пайдалану талаптарына сай болмақ.

Жұмыстың басталуы 2015 жылдың көктеміне жоспарланған, ал 2016 жылдың екінші жартысында жұмыстарды аяқтау болжанып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құбырларды жүргізумен 2015 жылға 1,2 млрд долларлық келісімшарт жасаған ERSAI Caspian Contraktor LLC айналыспақ. Құрлықтағы істен шыққан газ құбыры учаскесіндегі жөндеу жұмыстары бойынша келісімшартты Isker альянсы – Bonatti Kazakhstan LLP мен Кazakhstan Caspian Offshore Industries LLP ($11 млн), құбырларды тексеру қызметі бойынша - KKS-Sicim LLP ($25 млн), ҚР аумағында тәуелсіз верификация қызметі бойынша - Lloyds Register Kazakhstan LLP ($11 млн) алды. 1 млн долларға Caspian Ocean LLP тұрғын баржасын ұсынады.

Бұдан басқа, шетел мен ел ішіндегі экспедиторлық қызмет келісімшарттарына, соның ішінде тұрбаларды тасымалдау кезіндегі кедендік рәсімдеу бойынша тендерлер жалғасуда. Келісімшарт құны $58,6 млн, жаңа құбырлар үшін бетон жабын мен анодтар – $60 млн, дефектоскопиялық қырғыштарды қабылдау камерасы бойынша жұмыстар – $55 млн.

Естеріңізге салсақ, «Қашаған» жобасының 2015 жылға жалпы бюджеті $4,2 млрд-ты құрайды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

3 наурыз 2015, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.