ТМРА-ның бұрынғы төрағасы Мұрат ОСПАНОВАстана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты ТМРА-ның бұрынғы төрағасы Мұрат ОСПАНОВ ісі бойынша үкім шығарды. Оспанов ҚР ҚК-ның 311-бабы 5-тармағы («Лауазымды тұлғаның аса ірі көлемде пара алуы») бойынша кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 1 миллиард 101 миллион 60 теңге көлемінде айыппұл салынып, дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтерді жүзеге асырумен байланысты лауазымға отыру құқығынан өмір бойы айырылды. Ол сот залынан босатылды. Екінші сотталушы, ҚР ҚК-ның 312-бабы 5-тармағы («Лауазымды тұлғаға аса ірі мөлшерде пара беру») бойынша айыпталған Арман АҚТАЙ қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
ТАРИФТЕР ЖӘНЕ ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ
Сыбайлас жемқорлық істің ашылуына Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті (ТМРАД) мен «Атырау Жарық» АҚ арасындағы текетірес себеп болған еді.
2013 жылғы 25 қарашада департамент Астананың пәрменімен «Атырау Жарық» АҚ тарифін 2014 жылға 1 кВт/сағатқа 4,22 теңге және 2015 жылы 1 кВт/сағатқа 5,54 теңге тарифті 4,41 теңгеге дейін төмендету туралы бұйрық шығарды. Бұл бұйрық электр желілік компанияның бұрын қабылдаған үшжылдық жоспарын түбегейлі өзгертті. Ол жоспарда 2013 жыл 4,6 теңге тарифпен аяқталып, 2014 жылы 5,02 теңгеге, 2015 жылы 5,54 теңгеге артуы керек еді.
2013 жылдың желтоқсанында «Атырау Жарық» АҚ Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына ТМРАД бұйрығының күшін жою туралы шағым беріп, тариф белгілеуде басты параметр болған «Х-фактордың» күрт артуын түсіндіруді талап етті. 2014 жылғы 3 ақпанда сот ТМРАД бұйрығының заңсыздығы туралы шешім шығарып, 5,02 теңгелік тариф 2014 жылғы 5 маусымға дейін заңды және негізделген деп танылды. Бұл жерде, тіпті Астанадан шақыртылған ТМРА мамандары әр 20 өңірлік энергетикалық компанияларға арналған «Х-фактор» қабылдау алгоритмін дұрыс түсіндіріп бере алмады. Осыдан кейін ТМРАД сот шешімін орындаудан бас тартады. Қарсыластарымен кабинетте ауызша түсінісу барысында ТМРАД басшысы Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА соңына дейін тұруын талап еткен Астанадағы басшыларының қысымын айтып кетті.
Мемлекеттік орган мен «Атырау Жарық» АҚ арасындағы текетірес Астанадағы қаржы полициясының назарын аударды және 2014 жылғы 9 сәуірде Бас прокурор орынбасарының санкциясымен оперативтік іс ашылды. 15 мамырда қаржы полициясы бірқатар тұлғалардың, атап айтсақ, ТМРА электр энергиясы департаментінің директоры Қалила КӨККӨЗОВАНЫҢ, ал маусымның ортасынан кейін істің басты фигуранттары – ТМРА төрағасы Мұрат ОСПАНОВТЫҢ және мемлекеттік орган мен «Атырау Жарық» ЖШС арасындағы делдал Арман АҚТАЙДЫҢ телефондарын тыңдау бастады. Сотта аудиожазбаларды тыңдау кезінде сөйлесушілердің мазасыздығы, әңгімелердің лексикасы мен екпіні мемлекеттік тарифтік реттеуден гөрі қылмыстық есеп айырысу, ал ашықтығы мен қызметтік ақпараттарды ашықтан-ашық тарату дәрежесінен қарағанда, мәселен, Қалила Көккөзованың тарапынан, мемлекеттік мүдденің аяққа тапталғанын байқауға болады.
...2014 жылғы 27 маусымда Мұрат Оспанов пен Арман Ақтай Алматы қаласының әуежайында кездесіп, іс материалдары бойынша, сол жерде Оспанов «Атырау Жарық» тарифін 4,22-ден 4,76 теңгеге дейін арттыру үшін Ақтайдан қызының тойына 200 мың доллар «қарыз сұраған». 30 маусымда Алматыда Ақтай, 1 шілдеде Астанада Оспанов қамаққа алынды.
КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗУШІНІҢ ҮЛЕСІ
Мұрат Оспановтың үкімі осындай деңгейлі процесс үшін өте қысқа болды. Судья Ербол РАХЫМБЕКОВ оны 15 минут оқыды. Үкім әлеуметтік желілерде үлкен талқылауларға ұласты, өйткені Қылмыстық кодекстегі соңғы өзгерістердің арқасында шенеунік үлкен пара алғаны үшін түрмеге отырмады, өз бостандығын қарапайым адамдардың түсіне кірмейтін сомадағы айыппұлға сатып алды (айыптаушы тарап қатаң режимдегі колонияда 11 жыл сұраған).
Процесс барысында Арман Ақтайдың «Атырау Жарық» АҚ-қа қатыстылығы туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Энергия желілік монополистің жалғыз акционері Алматы қаласы Алматы ауданында тіркелген «Энергоинвест Атырау» ЖШС екені анықталды. «Энергоинвест Атырау» ЖШС бас директоры Ривнер ДАВЛЕТБАЕВ пен сотталушы Арман Ақтай өз жауаптарында, нақтылап айтпаса да, алматылық фирманың құрылтайшылары Ершат САЛИМОВ, Ривнер Давлетбаев және Владимир СИДЕЛЬКОВСКИЙ екендіктерін айтты. Естеріңізге салсақ, 2014 жылы жазда «Атырау Жарық» АҚ президенті Айвар РАХМАНОВ «АЖ»-ға «Арман Ақтай? Мен мұндай адамды танымаймын» деп жауап берген болатын. Сот барысында онымен Владимир Сидельковский таныс екені, сол адам Ақтайды осы жанжалды жағдайды шешетін келіссөз жүргізуші ретінде тартқаны анықталды. Ақтайдың бейресми құзіретін Мұрат Оспанов та мойындады және Қалила Көккөзоваға «Атырау Жарық» АҚ ісі бойынша барлық келіссөздерді сонымен жүргізуге кеңес берді.
Арман Ақтай Астанада келіссөздер жүргізуді «Энергоинвест Атырау» ЖШС-тің 5%-дық үлесін алу үшін жүргізген. Бұл оның компаниямен 2014 жылғы 5 сәуірде жасасқан Меморандумда тіркелген. Арман Ақтай «жоғарыдағы» жеке байланыстарын пайдаланумен қатар, «Атырау Жарық» АҚ үшін 10 млн доллар несие тартып, 5 пайыздық «кіру билетіне» жарна ретінде 200 миллион теңге төлеуі қажет болды.
Ақтай өзінің дәулетті екенін, көптеген жылдардан бері бизнеспен айналысатынын, ал 2013 жылғы 30 шілдеден бастап ресейлік «Альфа-банк Қазақстан» директорлар мүшесі және тәуелсіз директоры екенін жасырмады. Соттың параға берген ақшаны қайдан алғаны туралы сұрағына ол ресейлік «Альфа-банктан» жыл қорытындысы бойынша алған сыйақысы бұл сомаға әбден жететінін айтты. Алайда осындай сыйақының банктік аударымы жөнінде растайтын құжаттарды ұсынбады. Мүмкін, қолма-қол алған шығар.
«ОҒАН ҚАРЫЗ АЛЫП НЕ КЕРЕК?»
Мұрат Оспанов қамалғаннан бастап оған таңылған қылмысты мойындамау тактикасын қолданды және онысынан соңына дейін танбады. Оның айтуынша, 2014 жылғы 30 маусымда оған кешке қарай департамент директоры Қалила Көккөзованы «қаржы полициясына алып кетіп, әлі жібермегені турлы» хабарлады. Бұдан бір күн бұрын оның көмекшісі Берік ЕРГЕШЕВКЕ Ақтайдан 200 мың доллар салған конверт берген еді. Оспанов жұмыс барысындағы проблемалар туралы алғашқы хабарды естіген бойда өз көмекшісіне ақшаны қарызға алғанын, туған ағасымен кеңесіп, «үлкен қызының тойына алған» ақшаны қайтарған абзал болар деп шешкені туралы SMS жібереді.
Прокурор мен тергеу қарызға алу қажеттілігіне күмәнмен қарады, өйткені Мұрат Оспановтың екі қызы мен жұбайының атындағы Қазақстанның түрлі банктеріндегі шоттарында жалпы сомасы 780 мың доллар салымы бар екен. «Егер ақша болса, шараның өтуіне дейін әлі үш ай қалса, бір айға қарыз ақша алудың қажеттілігі қанша?» - деп сұрады процесс барысында прокурор Сандуғаш РЫСПАЕВА. Ақшаны қарызға алғандығы жөнінде нұсқаның жалғандығына, оның пікірінше, алдын ала тергеу барысында отбасылық салтанатты реттеуші – үлкен ағасы қолына тимеген мұндай ақшаны қайда жұмсайтыны туралы ештеңе айтпағаны дәлел болады.
Келесі күні таңда, 1 шілдеде Оспанов басшылықтан жағдайды анықтау үшін қаржы полициясына өзі барады, алайда сол жерде оған пара алғаны жөнінде айып тағылып, Астана қаласының уақытша оқшаулау мекемесіне қамалды. Мұрат Оспанов сот отырысы барысында қашуға әрекет жасады деген айыптан бас тартты, «ол Астананың қақ ортасында костюм мен кісенмен қайда қашам» деп уәж айтты.
Ол өз жауабында «Х-фактор» шығаратын компьютерлік бағдарламаны қолмен реттеп отырған деген айыптауды да мойындамады, ТМРА 1200-ден аса монополия субъектілерін бақылауында ұстайтындығын алға тартты. «Маған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қоңырау шалғанда ғана не болғанын білдім», - деп Энергетикалық кәсіпорын мен ТМРА-ның жергілікті бөлімшесі арасындағы соттасу туралы қайдан білгенін түсіндірді. Оның айтуынша, облыс әкімінің бірінші орынбасары «инфляция жоспарланған деңгейде болу үшін ортақ шешім табуды сұраған».
ЕКІ МӘРТЕ ШАБУЫЛДАДЫ МА?
Арман Ақтай 2014 жылдың 30 маусымында қамауға алу кезінде қорлықты бастан кешірді. Оны Алматыдағы Әл-Фараби мен Марков көшелерінің қиылысында көлігінен күштеп түсіріп алып, «Г әрпі» күйінде әуежайға, әрі қарай Астанаға жеткізген. Оған айып тағылғаннан кейін ол жауап беруден бас тартып, пара беру фактісін жоққа шығарды. Оның үстіне, келесі күні олар Оспановпен қаржы полициясының дәлізінде кездесіп қалып, Оспанов оған «мен сенен қарызға алдым!» деп айқайлап айтып үлгерген. Алайда Ақтай ұялы телефоннан ұсталған Оспановтың оның тарапына «әркім өзі үшін өзі» деген ұнамсыз сөздер айтып жатқаны туралы бейнежазбаны көрсеткеннен кейін және Қалила Көккөзова мен ТМРА төрағасының көмекшісі Берік Ергешевтің оған қарсы жауаптарымен танысқаннан кейін өз ұстанымын өзгертті. Сотта ол «Энергоинвест Атырау» ЖШС акционері Владимир Сидельковскиймен 2013 жылдың желтоқсанында әңгімелескеннен соң «Атырау Жарық» АҚ тарифтері бойынша келіссөздерге араласқанын растады. Оспановқа оның көмекшісі арқылы 100 және 200 мың долларлық екі траншпен пара беру фактісін растады (100 мың көлеміндегі бірінші траншты ақырында айыптау тарапы дәлелдей алмады).
Процесс барысында Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарына электр энергиясын тасымалдау, бөлу және сатуды қамтамасыз ететін «Көкшетау Энерго» ЖШС-інде де 2014 жылы «Х-факторға» қатысты ұқсас проблема туындағаны анықталды. Бірақ олар оны сот тәртібімен шеше алған. Сотта Ақтай «ТМРА-дағылар «Атырау Жарық» АҚ мен «Көкшетау Энерго» ЖШС құрылтайшыларының бір тұлғалар екенін жүз пайыз білді және бұл механизм бірдей сызбамен жасалған» деген жорамалды айтты. Ақтайдың айтуынша, ол пара беруден басқа жолды көрмеген: «Егер мемлекеттік өкілеттікке ие адам заңсыз жолмен жүретін болса, бізге, жеке тұлғаларға басқа жасайтын не қалады?».
НАШАР ЖАҚСЫ БИЗНЕС
«Атырау Жарық» АҚ куәгерлері процесс барысында «Х-фактор» туралы бірауыздан теріс пікір айтып, оны өз компанияларына қатысты қолдану кезіндегі «әділетсіздіктер» туралы мәлімдеді.
«Атырау Жарық» директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали ҚАРШЕГЕНОВ ТМРА-ның тарифті 4,22 теңгеге дейін төмендету туралы бұйрығын«кәсіпорынды күйреуге ұшыратады» деп бағалады. Оның айтуынша, «инвестициялық бағдарламаны қысқартуға тура келер еді, өйткені жыл қорытындысы бойынша біз 1 млрд теңге шығынға ұшырар едік». Компанияның 1 030 қызметкерінен шамамен 200 адамды қысқарту - шығындарды азайтудың бірден-бір жолы болған болар еді».
«Атырау Жарық» ЖШС вице-президенті Максим КЕНЖЕҒАЛИЕВ сотта «2013 жылы біз электр энергиясын өткізу көлемі бойынша өндірістік көрсеткіштерді 5,73 пайызға жақсарттық, абоненттер саны 3,78 пайызға көбейді, трансформаторлар қуаттылығы 3,6 пайызға артты, энрегияның технологиялық шығындары 0,7 пайызға азайды. Біз кем дегенде Х-факторды бізге сол деңгейде қалдырады деп үміттендік, өйткені оны арттыруға, оның үстіне бірден 2,5 есеге өсіруге ешқандай математикалық қисын болмады», деп мәлімдеді.
Ал ТМРА төрағасының бұрынғы орынбасары, Қазақстандағы салыстырмалы талдау әдісін енгізу бастамашыларының бірі, қазіргі Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі Анатолий ШКАРУПА «Атырау Жарықтың» жағдайы соншалықты нашар болмады деп есептейді. «Нақты банкроттық туралы мәлімдеменің негізді болуы мүмкін емес. Бәрі де жыл сайын шағымданады, бірақ іс жүзінде ешкім де бұл бизнесті қайтадан сатпайды. Егер тариф инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға мүмкіндік бермесе, бұл кәсіпорын шығынға батып, банкротқа ұшырайды дегенді білдірмейді», - деп мәлімдеді ол сотта.
О. Қаршегенов «Атырау Жарық» сотта ұтқаннан кейін де бұрынғы Атырау облыстық ТМРАД жетекшісі Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА «күн сайын «талап арызды алыңдар» деп айтатын» деп түсіндірді.
Алайда сот отырысының барысында Мизамғалиеваның шынымен де ТМРА-ның астаналық аппараты тарапынан қатты қысымда болғаны анықталды. Өзінің қысқа уақыт ішінде департамент басшысы лауазымындағы қызметін ол былай деп түсіндірді:
«Көккөзова маған күн сайын қоңырау шалатын. Бастапқыда тарифті қабылдауға мәжбүрледі. Кейін оны жоюға көндірді, содан кейін жұмыстан шығып кеттім».
Бір қызығы, онымен жеке таныс болмаған Арман Ақтай «оны жұмыстан шығарып жіберді, бұл арсыздықпен және адамгершілікке жат түрде жасалды» деп,оны жақтап сөйледі.
«ӘКІМДІКТІ ӨЗІМІЗ ҚОЛҒА АЛАМЫЗ!»
Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВшынымен де Мұрат Оспановпен ол қамауға алынғанға дейін бірнеше күн бұрын Райхан Мизамғалиеваның тағдыры туралы сөйлескен («Оспановтың ісі. Әкім сотталушымен кездескенін жоққа шығармады»). Жүргізуші Ақылбек Нысановтың айтуынша, ол Оспановты кешкісін «Самал» тұрғын үй кешеніне жеткізіп салған. Сол жерде Оспанов Атырау облысының әкімімен үй ауласында шамамен 30-40 минуттай сөйлескен.
Процесске қатысушылар облыс әкімін сотқа шақыру туралы, сонымен қатар 2014 жылғы 19-20 маусымда олардың телефонмен сөйлескен әңгімелерін талдап тексеру туралы өтініш білдірді. Алайда судья екі өтінішті де қабыл алмай, сот залында Б.Ізмұхамбетовтің тергеу барысында берген куәгерлік жауабын жария етті. Онда айтылғандай, оған ТМРА мен «Атырау Жарық» АҚ арасындағы «тарифтік» даудың егжей-тегжейі беймәлім болған. Мұрат Оспанов облыс әкімімен тек жұмыстан кеткен шенеуніктің тағдыры туралы ғана сөйлескенін растады. ТМРА төрағасы оны кәсіпорынмен келісіп алған деп күмәнданған.
Алайда 2014 жылдың 3 ақпанында Атырау соты ТМРА бұйрығын жойғаннан кейін нақты тарифтің бір киловатт үшін 5,02 болғаны туралы облыстық деңгейдегі басқа басшылардың тіпті де білмегендері анықталған кезде, олардың бейхабарлығы жұртшылық пен адвокаттарды қайран қалдырды. Мәселен, облыс әкімі орынбасарларының бірі өз жауабында: «Мен Атырау Жарық бүкіл 2014 жыл бойына 4,22 тарифі бойынша жұмыс істейді деп ойладым», деп мәлімдеді
Бір қызығы, тыңдалған телефон әңгімелерінің барысында Ақтай «әкімдікті өзіміз реттейміз, ол (Оспанов)уайымдамасын. Әкімдікті өзіміз қолға аламыз» деген сөздермен, ТМРА қызметкерлерін тарифті көтеруге көндірген.
«СЕНІМІН АҚТАМАДЫМ, БІРАҚ КІНӘЛІ ЕМЕСПІН»
Соңғы сөзінде Мұрат Оспанов өзінің кінәсіз екенін мәлімдеп, «елбасының сенімін ақтай» алмағанына өкінетінін айтты. Басындағы болған жайтты белгілі бір тұлғалар ұйымдастырған қылмыстық арандатушылықтың нәтижесі деп атады.
«Құрметті сот, мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Мен өз кінәмді мойындамаймын. Мен тек өте сенгіштігімнен бұл ақшаны қарызға алмақ болдым. Отбасымдағы 20 жылдан астам күткен басты оқиғаны өткізудің орнына мен түрмеде отырдым».
Үкім жарияланған уақытта әкімшілік реформа барысында ТМРА да, қаржы полициясы да таратылған еді. Алайда қылмыстық істегі негізгі тұлғалардың бірі Қалила Көккөзова (тергеу басталған кезде ол іс бойынша күдікті ретінде болып, кейіннен «ақтау негіздері бойынша» куәгер мәртебесіне ауыстырылған) іс жүзінде бұрынғы орнында қалды. Қазір ол Қазақстан ұлттық экономикасы министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Электр энергетикасы саласы басқармасының басшысы.
«Альфа-Банк Қазақстан» баспасөз қызметі «АЖ»-ға Арман Ақтайдың банктің тәуелсіз директоры болып қалғанын растады.
«Атырау Жарық» АҚ мен ТМРА арасындағы дауға себеп болған «Х-факторды» есептеудің ашылмаған құпиясы туралы және одан кейінгі сыбайлас жемқорлық хикаясы жөнінде соттың соңғы күнінде ешкім есіне де алмады. Ал энергетика министрлігі 2015 жылдың 1 наурызынан бастап жылу мен электр энергиясының тарифтері орташа алғанда 20 пайызға көтерілетінін жариялады.
Жасұлан КӨЖЕКОВ