Атырау, 28 қараша 04:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Оспановтың ісі. Әкім сотталушымен кездескенін жоққа шығармады

3 276 просмотра

Жалпы сомасы 300 мың доллар пара алды деп айыпталған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) бұрынғы басшысы Мұрат ОСПАНОВТЫҢ ісі бойынша өткен жылдың 11 қарашасында Астанада басталған сот процесі ойламаған жерден ұзаққа созылып кетті.

Ең алдымен бұл адвокаттардың өтініші бойынша сараптама жүргізуге байланысты болды. Мәселен, 18 қарашада олар тергеу барысында жинақталған бірқатар дәлелдердің, соның ішінде GSM арқылы тыңдалған сөздер мен жасырын жедел бейнетүсірілімнің заңсыз екендігі туралы мәлімдеп, оларды қылмыстық іс материалдарынан алып тастауды өтінген болатын. Содан кейін тергеудің заңсыз әдістері, соның ішінде жауап алу барысында Оспановқа есуастандыратын препараттар мен азаптау әдістері қолданылған-мыс деген мәлімдемелер жасалды.

Сот өтінішті қабыл алмады, алайда 2015 жылдың 20 қаңтарында судья Ербол РАХИМБЕКОВ Санкт-Петербург тәуелсіз сараптама және бағалау институты мамандарының қорытындысын іс материалдарына қосты. Осы қорытындыға сәйкес, «ұсынылған бейнежазбалар мен жасырын камерадағы жедел топ қызметкерімен болған әңгіме жазбасында М. Оспановқа сырттан қатаң қысым көрсетілген белгілер бар». Ресейлік сарапшылар жауап алу барысында 48 сағат бойы ұйықтамаған күдікті «айналасын дұрыс қабылдап, өз іс-әрекетіне есеп бере алмайды» деген тұжырымға келді. Адвокат Хамида АЙТҚАЛИЕВА Мұрат Оспановтың эмоционалдық-психикалық жай-күйі (кібіртіктеп сөйлеп, ой елегінен өткізу мүмкіндігі төмендегені, есте сақтау қабілетінің бұзылуы) оған қолданылған «алкоголь, есуастандыратын препараттардың әсерінің» салдары болуы мүмкін деген қорытындыны оқыды. Айта кетейік, бұдан бұрын қазақстандық сарапшылар жауап алу бейнежазбасының сапасы төмен дегенді желеуретіп, өз бағаларын бере алмаған еді. Жаңа жыл мерекелерінен кейін сот отырысы бұрынғы қаржы полициясы тергеушілері сотталушының SMS-хабарламаларын ұсынбағандықтан үш мәрте кейінге шегерілді. Өйткені, судья Е.Рахимбековтің айтуынша, Kcell компаниясы қашан және кіммен мұндай хабарламалар болғаны туралы ақпаратты ғана бере алады, ал оның егжей-тегжей талдамасын тергеу органы ұсынуы тиіс. Келесі отырыс 29 қаңтарға белгіленді.

 

ЕУРОПА МЕН АМЕРИКАДАҒЫДАЙ ҚАЛАДЫ

Судья Ербол РАХИМБЕКОВ.Судья Ербол РАХИМБЕКОВ.Тыңдау кезіндегі маңызды эпизодтардың бірі – табиғи монополия саласына салыстырмалы талдау (бенчмаркинг) жүйесін енгізген ТМРА-ның бұрынғы жоғары шенді шенеуніктерінің жауаптары болды. ТМРА төрағасының бұрынғы орынбасары мұндай әдістемені енгізу 2005 жылы осы саладағы мемлекеттік реттеуді шектейтін әлемдік озық тәжірибе ретінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің ұсынысы бойынша басталғанын сотқа түсіндірді. Оның айтуынша, әдістеме механизмін әзірлеуге бес жыл уақыт кеткен. 2010 жылы ел үкіметімен және парламентімен бірлескен заң шығарушылық қызмет кезеңі басталды. Нәтижесінде «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңға өзгерістер енгізілді.  

ТМРА төрағасының бұрынғы кеңесшісінің айтуынша, парламенттің жұмыс тобының отырысы барысында бенчмаркингке «күдіктері болған, бірақ артықшылықтары басым түскен» өңірлік энергетикалық компаниялардың (ӨЭК) пікірлері мен ұсыныстары ескерілген. Мәселен, жаңа әдіснама енгізілгеннен кейін монополистер тариф кірістеріне өздіктерімен билік етуге құқылы, мемлекеттік сатып алудың стандарттық ережелерінен босатылған, кейбір салалық нормативтер жойылған.

Жоба бастамашыларының айтуынша, ЕО-да, Австралияда, Канадада, АҚШ-тың бірқатар штаттарында қолданылатын  жаңа әдіснаманың мақсаты - Қазақстанның барлық ӨЭК-ын анағұрлым тиімді монополисті анықтау және саралау үшін бірыңғай жүйеге әкелу болған.

Заңнамаға сәйкес, еліміздегі бүкіл энергетикалық компаниялар биылғы жылдың 30 тамызында өңірлік ТМРАД-тарға өздерінің техникалық және қаржылық көрсеткіштерін, соның ішінде аумақ пен электр желілерінің ауқымы, қызмет көрсетілетін абоненттер саны, қуат беретін трансформаторлардың саны мен қуаттылығы, алдыңғы жылдағы барлық тұтынушылардың жоғарғы жүктемесі, нормативтік шығындар және т.б. туралы мәліметтерді ұсынуы тиіс.

Х-фактор анықталған жағдайда әрбір компания үшін алдағы жылдың мәліметтері де қолданылады. Мәселен, амортизация мен күтілетін табыс.

«Бұл өте үлкен мөлшердегі, 20 шақты белгісіздіке ие көпөлшемді модель. Әдістеме мәнісі – шығындар мен қол жеткен нәтижелерге математикалық тәуелділікті табуда жатыр, - деп түсіндірді Х-фактор формуласын осы саладағы мамандардың бірі.

 

«Х-ФАКТОРМЕН АЙЛА-ШАРҒЫ ЖАСАУ МҮМКІН ЕМЕС!»

«Атырау-Жарық» АҚ басшыларының жауаптарына қарағанда, олар әлі күнге дейін Х-факторды анықтау алгоритмін бұлыңғыр елестететін секілді. Оның үстіне, «Атырау Жарық» АҚ құрылтайшыларының бірінің пікірінше, Х-фактор «тарифті ойдан шығарып белгілеуге мүмкіндік беретін ТМРА әрекетіндегі жемқорлық құрамдастыққа» айналған: Х-фактор «оған 4 немесе 12 коэффициентін қой» деп айта алатын бір адамның құзырында». Сөйтіп, олар 2013 жылдың қарашасында неліктен 2,5 есеге өскен Х-факторды алғанын ақыры түсінбеген. Бұл компания үшін тарифтің төмендеуіне, кейіннен Атырауда ауданаралық экономикалық сотта ТМРА-мен сот дауына ұласқан болатын. Алайда директорлар мен жетекші мамандар деңгейіндегі ТМРА-ның бұрынғы қызметкерлері Х-фактормен қолдан айла-шарғы (ол жоғары болған сайын тариф төмен болады) жасалып отырған жоқ деп, үзілді-кесілді жоққа шығарды. Өйткені Астанадағы компьютерлік модельдеу барлық 20 ӨЭК үшін Х-факторды бір уақытта есептеп береді. Тек бір кіру параметрінің өзгеруі, мәселен, Шымкент қаласының ӨЭК мәліметтеріндегі өзгеріс барлық энергетикалық компаниялар үшін Х-фактордың автоматты түрде өзгеруіне әкеп соғады екен.

«Тіпті нақты компанияның қалай жұмыс жасағанына қарамастан, Х-фактор күрт өзгеруі мүмкін, өйткені, бәсекелестер жақсы жұмыс жасай бастады», - деп түсіндірді сотқа куәгерлердің бірі.

Дегенмен, олардың бірі жергілікті биліктің әкімшілік ресурстың көмегімен, мәселен, жергілікті ЖЭО-на түсетін табиғи газдың жіберу бағасын анықтау кезінде, тариф қалыптастыруға ықпал ете алатындығын айтты. Бірақ тек соны ғана.

Сот отырысының барысында «Атырау Жарық» АҚ өкілдері екінші сотталушы Арман АҚТАЙҒА компания мүддесі үшін ТМРА басшылығымен келіссөздер жүргізуді жүктегенін жоққа шығарды. Адвокаттардың бірінің залды күлкіге бөлеген «Пара беру қажет болып па еді?» деген арандату сұрағына компания менеджерлерінің бірі «Қажет болды деп мен қалай айта аламын? Сіз мені неге итермелеп отырсыз?» деп ашумен жауап берді. Қаржы полициясының ұялы байланыс арқылы тыңдаған Астана мен Атырау арасындағы әңгімесі сотталушы Ақтайдың компанияның ішкі ақпаратына, мәселен, шығындар есебіне қолы жетімді екендігін ғана емес, оның құрылтайшыларымен жақын таныс болғандығын да көрсетті. Оның үстіне, «Атырау-Жарық» АҚ атынан ол мейрамханалардың бірінде ТМРА-дағы жоғары шенді қызметкер әйелмен кездескен. Ол қызметкер процесс барысында тек куәгер ретінде ғана көрінеді. Сотта басқа да куәгерлерден – ақшаны конвертке салып әкелген курьерлерден де жауап алынды. Ал қаржы полициясы тергеу-жедел шаралары кезеңінде Мұрат Оспановтың сенімді тұлғаларының бірінің «тілін» тауып, оның тергеу ісімен бірлескен жұмысының нәтижесінде жасырын бейнежазба жасалып, айып тағылған. 

 

ЕСІМДЕ ЖОҚ, ЖЕТЕКШІЛІК ЕТПЕДІМ, БІЛМЕЙМІН

Мұрат Оспановтың адвокаттары сотқа Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІ шақыру және өз қорғалушысының әкіммен ұялы телефон арқылы сөйлескен әңгімесін егжей-тегжей талдау туралы өтініш білдірді. Алайда судья сотта жақын туысының қайтыс болуына байланысты Б.Ізмұхамбетовтің сотқа келмеуін дәлелді себеп деп есептеді. Залда алдын ала тергеу барысында берген әкімнің жауабы жарияланды. Онда ол монополисттің ТМРА-мен сот дауына қатысты М.Оспановпен кездескенін жоққа шығармаған.

Бір қызығы, энергетика мен коммуналдық қызмет мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ жетекшілік етеді. Алайда ол бұл процесте еш жерде бой көрсетпейді. Өйткені барлық «тарифтік» келіссөздерді басқа орынбасар жүргізген. Ол алдын ала тергеу барысында тергеуші қойған сұрақтарға «есімде жоқ», «ақпараттан хабарсызбын», «тариф қалыптастыру мәселесіне мен жетекшілік етпеймін» деп жауап беріп, барлық жауапкершілікті өз әріптесіне арта салған. Процеске қатысушылардың ТМРА шенеуніктерінің әрекеттерін тура бағалауы, шенеуніктердің өзара баға беруі де тән құбылыс. Ұялы байланыс арқылы әңгімелескен кезде олар белсенді түрде орыс тілінің нормативтік емес лексикасын қолданған, олардың ішінде «дебил», «идиот» және «долбан» деген сөздерді ең әдеби сөздер деп айтуға болады.

Мұрат Оспановтың өзіне келер болсақ, ТМРА орталық аппарат қызметкерлерінің айтуынша, «Атырау-Жарық» бойынша төрағаның субъекті тарифін жасауға өзі араласқан бірден бір жағдай екен». «Субъект» өкілдері бұрынғы ТМРА басшысының әрекетін «біздің кәсіпорнымызды тұйықа тіреу әрекеті» деп бағалап, «2003 жылдан бастап акциялар бойынша бірде-бір рет кіріс алмағандарына және барлық түскен пайданы өздеріне емес, инвестицияға жіберіп отырғандарына» шағымданды.

Естеріңізге салсақ, ТМРА-ның бұрынғы басшысы Мұрат Оспанов ҚР ҚК-нің 311-бабының 5-тармағы («Лауазымды адамның аса ірі мөлшерде пара алуы») бойынша, Алматы қаласының тұрғыны Арман Ақтай ҚР ҚК-нің 312-бабының 5-тармағы («Лауазымды адамға аса ірі мөлшерде пара беру») бойынша айыпталуда.

Жасұлан КӨЖЕКОВ, меншікті тілші, Астана қаласы

21 қаңтар 2015, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.