Атырау, 27 желтоқсан 07:59
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Мектеп өртенген дәмханаға тиіп тұр

3 335 просмотра

15 шілде күні кешке Атырауда Махамбет көшесіндегі бес қабатты үйдің шетіне жалғанып салынған ғимарат өртенді. Бұл жолы «Cafe INN» дәмханасы мен көршілес орналасқан пәтер өртке оранды.  Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Алайда, жас қала тұрғыны Фарида ТІЛЕПИЕВА баспанасыз қалды.

Біз оқиға орнына келіп жеткенде өрт сөндірілген болатын. Ал өрт сөндірушілер өздерінің жабдықтарын жиналғандарға жақтырмаған кейіппен қарап реттеп жатты.

- Мұндай ғимараттарды тұрғын үйлерден ашуға рұқсат беруге бола ма екен? Әрине болмайды! Түнгі уақытқа дейін мұнда музыка, әйелдердің у-шуы естіледі, ешқандай тыныштық жоқ. Ал енді міне өрт шықты, - деп кейістік білдірді әжелер. Қастарында тұрған кісілер болса, өрт сөндірушілерді кінәлады. Олардың айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына кеш келген. Жас қыздардан құралған дәмхана қызметкерлері бөлек жиналып тұрды. Ал біреулер түсініктеме жазып жатса, енді бірі өрттің ішінде бүтін сақталған заттарын іздеді. Қыздардың ішіндегі біреуі қайта-қайта байбаламға түсті. Мен олармен сөйлесуге тырысып едім. Біреуі сөзін бастай бергенде, ас үйдегі темір мойындықтан түтін шығып, үлкендеу әйел әлгі қыздың сөзін үзіп жіберіп, осы тұстан әңгімеміз тоқтап қалды.

Фарида Тілепиева дәмхана үстіндегі үйдің екінші қабатында тұрады. Ол кешкі сағат жетіге жақын теледидар алдында диванда жатқанда, түтіннің өткір иісін сезгенін айтады. Терезеге қараса, дәмхананың шатыры өртке ораныпты. Фарида өртке қарсы қызметтің телефонын теріп үлгеріп, көршілес пәтерде тұратын қарт әйелді алып, бірге үстіндегі киімімен көшеге қарай жүгіріп шыққан. 

- Екі минуттан соң өрт менің пәтеріме лап қойды. Өрт сөндірушілер менің қоңырауымнан кейін 10-15 минут өткен соң келіп жетті. Өртті сөндіргеннен кейін мен пәтеріме кіріп едім, ішін танымай қалдым. Онда бүкіл заттар қалған болатын, киімдер де, құжаттар да. Тек мен аман қалдым, - дейді есеңгіреп қалған Фарида.

Біздің көзіміз жеткендей, үш бөлмелі пәтер түп орнымен жанып кеткен. Терезедегі пластик еріп, кіреберістегі линолеум күйіп, жиырылып қалыпты. 

Көп кешікпей дәмхананы жалдаушы Түркия азаматары да келді. Үй тұрғындарының айтуынша, дәмхананың қожайыны өте танымал және маңғаз мырза, бірақ оның атын ешкім де атамады. Әрине, ішімдік ішілетін ғимаратты мектептің аула тұсына (№12 орта мектеп) тым жақын салуға кез-келген адамға рұқсат бермейді ғой. Орта жастағы түрік азаматы болған оқиғаны көпке дейін түсіне алмаған болып көрінді бізге. Бірақ, соңында өзін-өзі қолға алып, орыс тілінде сөйлейтін серіктесі арқылы Фаридаға пәтерді жөндеу үшін барлық шығындарды өтейтініне және «Ақ жайық» қонақ үйінен уақытша баспана тауып беретініне уәде етті.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өртке  қатысты комментарийді 16 шілде күні  таңертең береміз деген болатын.

Лаура СУЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

18 тамыз 2011, 15:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.