Атырау, 27 желтоқсан 08:42
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

«Өзенмұнайгаз» мұнайшылары партбилеттерін тапсырды

3 053 просмотра

Тамыздың 11 күні  Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының мұнайшылары «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығу жөніндегі арыздары мен партбилеттерін ресми түрде тапсырды.

 - Үш мыңға жуық арызды Жаңаөзендегі «Нұр Отан» партиясы филиалының басшысы Көшбай Қызанбаевқа апарып тапсырдық. Оған тағы бір мекемеден келіп тапсырылған мың жарымдай арыз қосылды,-деп хабарлайды«Мұнайгаз өндіру басқармасы-3» «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының машинисі Роза ТӨРЕТАЕВА. Оның айтуынша, арыз тапсырғандардың арасында қолда барлары мандаттарын қоса өткізген.

- Бірақ көбі партбилеттерін бере алмады. Өйткені олар оны бұған дейін жыртып тастаған еді,-дейді Роза Төретаева.

 «ПАРТИЯДАН ШЫҒУ СЕБЕБІН АНЫҚТАЙМЫЗ»

Алайда Жаңаөзен қалалық «Нұр Отан»партиясы филиалының төрағасы Көшбай ҚЫЗАНБАЕВТЫҢ өзі арызданушылардың оншалықты көп еместігін айтып отыр.

- Біздің санауымыз бойынша берілген арыздар саны -1089. Енді ережеге сай бастауыш партия ұйымдары жиналыс өткізіп әр мүшені бір - бірлеп шақырып, шығу себебін анықтайды. Содан соң хаттамалар жасалып, ол орталық филиалға, одан әрі бюрода қаралып, ақтық шешім қабылданады, - деп мәлімдеді Көшбай Қызанбаев.

 «ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚ КЕРЕК»

Қаражамбас кеніші  мұнайшыларына  заңдық қолдау көрсеткен тәуелсіз заңгер Наталья Соколованың алты жылға сотталуы бірқатар қоғамдық ұйымдар мен тәуелсіз кәсіподақ өкілдерінің ашуын тудырған сыңайлы. Олар сот шешімін мұнайшылардың бетіне түкіру деп бағалап отыр. «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Мұхтар ҮМБЕТОВТІҢ пікірінше, ұзақ уақыт ереуілдегенімен нәтижеге жете алмаған өзендіктер мен қаражамбастықтардың басты проблемасы  ортақ ұйымның жоқтығында.

- Оларды қолдайтын, тіркеуден өткен, жарғысы бар ұйым керек. Басқа жағдайда ереуілдеген мұнайшылар  тек анархия, түрлі авторитеттер мен бастамашылдар түрткі болатын топ ретінде ғана көзге түседі және мәселесі шешілмейді, - дейді Мұхтар Үмбетов.

- Ереуілге шыққан мұнайшылар енді бір ұйымның төңірегіне топтасу арқылы ғана талаптарына қол жеткізе алатынын түсінуі керек. Мұндай ұйымның құрылуының қажеттілігін уақыт өзі діттеп келеді, тек оны ешкім мойындамай отыр. «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражамабасмұнайдағы»  жағдай Қазақстан кәсіподақтары федерациясының  жұмыс істеуге әлі келмейтіндігін көрсетіп отыр,-деп мәлімдеді М.Үмбетов.

Сәния ТОЙКЕН

18 тамыз 2011, 23:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.