Атырау, 23 қараша 08:21
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Табиғаттың тосын сыйын зоотехник болжап, синоптик растады

4 305 просмотра

Индербор поселкесінің тұрғындары баспаналарының шатырсыз қалғандығы төтенше жағдайдың салдары екенін дәлелдей алмай отыр.

ШАТЫРСЫЗ ҚАЛҒАН ҮЙЛЕР

Мән-жаймен толық танысу үшін оқиға орнында болғанбыз. Поселкенің М. Мәметова көшесінің тұрғындары аса қуанышты қарсы алған жоқ. 27  шілдедегі қатты желдің салдарынан поселкенің тек Мәметова көшесі ғана емес, Ә. Молдағұлова, басқа да үйлердің шатырларын ұшырып кеткен. Кейбір үйлердің 15, 20 дана металл-шатырын «лақтырып» тастаса, арызданушы Қайыржан ҚАДЫРОВ, Жеңіс ШАЛЕКЕНОВТЫҢ үйінің төбесін түгел аударыпты. Жапсарлас орналасқан баспана иелерінің айтуынша, дауыл кенет басталған және жарты сағатқа созылған. Қайта үй адамдары іште болып, жан сақтап қалыпты.

- Қатты тарсылды естігенде төбеге найзағай түскен болар деп қорыққанбыз, кейін далаға шықсақ, жиырма жылдан бері мызғымай тұрған үй төбесін тып-типыл етіп аударып тастапты. Тіпті кірпіштер де бірге ұшқан, құдай сақтап ешкімнің төбесіне түспепті, онда кім болса да тірі қалмайтын еді. Ұшқан шатыр желдің екпінімен жазғы сарайымыздың ішіне кіріп кетіпті, дейді Сағима ҚАДЫРОВА.

Сыпырылған металл-шатыр, төбе бағандары мен жабындылар, тіпті тастарға дейін шарбақта жайрап жатты.

- Менің күйеуім жаңа мектеп құрылысын салуға жұмысқа кірген. Бір ай жұмыс жасады, бірақ ақысын ала алмай отыр. Енді мына жағдайға ұрындық. Тез жөнделмесе, селдете жаңбыр жауған жағдайда төбе бетоны түсіп кетуі әбден мүмкін. Осы оқиғадан кейін жаңбыр жауып еді, асүйіміздің төбесінен су сорғалап шыға келді, дейді Ж.Шалекеновтың зайыбы Нәсіп ИСАЛИЕВА.

«БҰЛ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ЖАТПАЙДЫ»

Зардап шеккендер көмек сұрап, аудандық әкімдікке барған. Айтуларынша, екі үйдің де баспананы қалыпқа келтіретіндей жағдайы жоқ, Шәлекеновтың отбасы базардан түсетін тиын-тебенге қараса, ал Қадырбаевтар зейнеттегі адамдар, қолындағы баласы жұмыссыз.

- Аудан әкіміне кіріп жолығудың өзі ақирет болды. Арыздарыңды тастап кетіңдер - дейді, дегенмен әкіммен ауызба-ауыз жауап естігіміз келіп қайта-қайта бардық. Бір ғажабы, аудан әкімі өзінің мамандығы зоотехник екенін, құрылыстан хабары жоқтығын, білуінше, бұл күнгі оқиға төтенше жағдайға жатпайтынын мәлімдеді. Бірақ арызымызды алып қалды, кейін одан жауап та келді, дейді Сағима мен Нәсіп.

Поселке әкімі Мақсот ОМАШ өз хатында акт пен ақаулық құжат аудан әкімінің орынбасары Асылбек САРСЕНҒАЛИЕВКЕ жолданғанын айтыпты.

- ҚР 1994 жылғы 3 қарашадағы «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» №213 Заңының 14 бабында тұрғын үйді, басқа да құрылыстар мен ғимараттарды пайдалану және осы мақсатқа жұмсалған шығындар, сондай-ақ күрделі жөндеу үшін жеке тұрғын үйді меншіктенуші жауапты болады деп жазылған. Үкіметтің 2004 жылғы №1362 «Қазақстан Республикасының бюджеттік классификация бірлігі туралы» қаулысында үйлерді күтіп ұстау, жөндеу меншік иесі өзі жүргізеді және бұған бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Ал 27 шілдедегі желге байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланбаған. Сондықтан өтініштеріңіз қанағаттандыруға жатпайды, деп қорытындылапты жолдаған хатын Индер ауданы әкімі Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ.

Ал 1 тамызда жасалған мамандардан ұйымдастырылған актіде қатты дауыл салдарынан төбесінің ұшып, зардап шеккендігі нақты көрсетілген.

СИНОПТИКТЕР ДАУЫЛДЫҢ БОЛҒАНЫН РАСТАДЫ

Шарасыз күйге түскен С. Қадырова мен Н. Исалиева  облыстағы «Нұр Отан» партиясына, басқа да құзырлы орындарға барып қайтыпты. Және жағдай осылайша ушыға берсе облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВКЕ кірмекші.

- Қаншама үйдің төбе жабындысы ұшты, бәрі сол күні болған оқиғалар салдарынан еді. Дауылды аудан әкімшілігі төтенше жағдайға жатқызғысы келмей отыр. Өйткені бұл қосымша шығын болар еді, дейді Ж. Шәлекенов.

Интернет сайтында сол шілденің аяғында республиканың батыс өңірлерінде, Атырау, Маңғыстау облыстарында қатты дауыл болатыны жазылған. Оған қосымша облыстық гидрометерология орталығы директорының орынбасары Т. Акатьеваның арызданушыларға берген анықтамасында 27 шілдеде Индербор поселкесінде 17 сағат 30 минутта өте күшті дауыл болғандығы атап көрсетілген. Дауыл он минутқа созылған және желдің күштілігі 24 метр секунд жылдамдықпен шығыс жақтан соққан, - дейді. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Cуретті түсірген автор

18 тамыз 2011, 22:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.