Облыстың бас балалар аллергологы Нұргүл ДӘУЛЕТОВА соңғы кездері өз пациенттерінің саны көбейіп бара жатқанын атап өтті. Бүгінде облыстық балалар аллергологының есебінде 274 бала тұр (2012 жылы 224 болған). Бұлар - тек өздері жүгінген немесе аллергологқа басқа мамандардың жолдамасы бойынша қаралғандар ғана.
Ал, өздерінің сырқаттары туралы әзірге күмәнданбайтындар қаншама?
ОМЫРАУ СҮТІНЕН АРТЫҒЫ ЖОҚ
– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде аллергиядан зардап шегетін балаларға қандай көмек қарастырылған? Олар тегін алуға құқылы дәрі-дәрмектер бар ма?
– Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде бронх демікпесі және аллергиялық ринитпен ауыратын балалар мекенжайы бойынша дәрі-дәрмекті тегін алуға тиіс. Осы бұйрықтың тізімінде «атипиялық дерматит» диагнозы жоқ. Алайда, онымен сырқаттанатын балалар саны тұрақты өсіп отырады. Еліміздің бас аллергологы екі жыл бұрын атипиялық дерматитті емдеуге арналған препараттарды тегін қор тізіміне енгізуді ұсынған еді, алайда, әзірге ол мақұлданған жоқ.
Есепте тұрған балалар базистік терапия алады, ингаляторларды қолданады. Балаларды бронх демікпесінен емдеу жүйесі соңғы жылдары түбегейлі өзгерді. Сырқат эуфиллинмен және кетотифенмен емдеудің ескі сызбасы бойынша емделмейді. Оларды жанама әсері аз басқа препараттармен емдейді. Ал, эуфиллин тек шұғыл жағдайда ғана тағайындалады. Демікпесі бар адамдар серетид, альвеско, бенлазон-эко, фликсотид, антилейкотриенді препараттарды (таблетка және ұнтақ түріндегі монтигет), бронхалитиктерді (беротек, сальбутамол, вентолин) алады. Аллергиялық ринитпен сырқаттанатындарға авамис беріледі. Дәрі-дәрмектер алатын қаржы жергілікті бюджеттен түседі. 2014 жылы демікпе мен ринитке шалдыққан балалар үшін дәрі-дәрмек сатып алуға 46 млн 981 мың теңге бөлді. Жыл ішінде серетидті жеткізуге қатысты іркілістер байқалды, бірақ олар өтініштің рәсімделуімен еш байланысты емес.
– Сіз соңғы кездері пациенттер санының көбейіп бара жатқанын айттыңыз. Бұл немен байланысты?
– Балаларда үш жасқа дейін тағамнан аллергия басым болады. Олар тұқым қуалаушылық бойынша дамиды, антибиотиктерді шамадан тыс қабылдау нәтижесінде, диета бұзылғанда, иммунитет әлсіз болғанда, тыныс органдарының өткір ауруларында пайда болуы мүмкін. Бірақ, дегенмен, менің тәжірибем бойынша, тағам аллергиясын аналардың өздері жиі «жасайды». Көптеген аналар, әсіресе, қалада тұратындар омыраудан тамақтандырудан бас тартып, сәбилерді құрамында сиыр сүтінің ақуызы бар «Нестожен» мен «Малютка» секілді қоспалармен тамақтандырады. Ал, сиыр сүті мен ана сүтіндегі ақуыз – бұл екі антагонист. Сондықтан балаларда реакциялар пайда болып, атипиялық дерматит дамитындығы - орынды жайт. Омыраумен тамақтандыру сәбиді тек аллергиядан ғана емес, инфекциядан да қорғайтындығын аналардың есіне салғым келеді. Аллергиялық реакциялар дамуының екінші себебі – антибиотиктерді шамадан тыс қолдану. Жасыратыны жоқ, біздің педиатрлардың аз ғана температура, өткір тыныс жолы ауруы болса, антибиотик тағайындайтын әдеттері бар. Мұнда вирусқа қарсы препараттармен шектелуге болар еді. Аллергия иммунитет әлсіз болған жағдайда жиі дамиды. Үшінші себеп: құрамында эмульгаторлар мен бояулар мол шырындарды, йогурттарды көп тұтыну.
Аллергия – бұл біздің өмірімізде тағамдық және тұрмыстық химиямен бірге пайда болған өркениет сырқаты. Әрине, өңіріміздегі экологиялық ахуалды да жоққа шығаруға болмайды.
АСТАНАҒА - КВОТАМЕН
Нұргүл ДӘУЛЕТОВА– Атырауда аллергиялық орталық жоқ, қажетті талдамалар тапсыру үшін ата-аналар балаларын Астананың, Алматының немесе жақын жердегі Астраханның мамандандырылған орталықтарына апаруға мәжбүр. Атыраудан мамандандырылған орталық құру туралы мәселе көтерілген жоқ па?
– Иммунитеттің диагностикасы – иммунограмма мен аллерго-диагностиканы бүгінде Атыраудың жеке зертханаларында жасауға болады. Мен, мәселен, өз пациенттерімді тағамдық, респираторлы, тұрмыстық және т.б. жинақтама бойынша тексеруге жеке зертханаларға жіберемін. Олар тәуір тексерулер жүргізеді. Егер ата-аналар балаларын толықтай тексеруден өткізгілері келсе, олар Ақтөбе қаласындағы аллергиялық орталыққа бара алады.
Атыраудан аллергиялық орталық ашу үшін ең алдымен мамандар керек. Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша, Астана, Алматы мен Ақтөбеден басқа жерде аллерголог дәрігерлердің тапшылығы сезіледі. Заманауи мамандарға белгілі бір талаптар қойылады, аллерголог екінші иммунолог мамандығына ие болуы тиіс. Сондықтан әзірге Атыраудан мамандандырылған орталық ашу туралы әңгіменің қозғалуы да мүмкін емес. Бізде балалар аллергологы біреу, ол облыстық балалар ауруханасында қабылдайды. Аптасына бір рет №7 емханада иммунолог-дәрігер қабылдау жүргізеді, ол аллергиялық науқастарға консультация береді. Балалар аллергологы оқуға немесе еңбек демалысына кеткен кезде оның орнын ересек пациенттердің маманы алмастырады. Бұған рұқсат етіледі. Ересек адамдарды облыстық ауруханадағы және кейбір жеке емханадағы аллергологтар қабылдайды. Бүгінгі күні біз әр емханада, ең болмағанда, бір маман болу үшін аллерголог штатын көбейту туралы мәселені ғана көтере аламыз. Ал, әзірге Атырау облысының пациенттері Астанадағы заманауи жабдықтар орнатылған және шұғыл әдіспен аллергодиагностикадан өту мүмкіндігі бар Назарбаев атындағы Республикалық диагностикалық орталыққа барып жүр. Сол жерге біз балаларды квота бойынша жібереміз. Аллергиялық орталық Алматыда да бар, бірақ бізде оған квоталар жоқ. Тек стационарлық емдеуге ғана жолдама береміз.
– Көбінесе аллергия белгілі бір жағдайға дейін білінбей жатады. Бізге редакцияға аллергиясы бар екенін кездейсоқ білген алты жасар бүлдіршіннің ата-анасы хабарласты. Балаға салқын тиіп, оны қанның жалпы талдамасын тапсыруға жіберіпті. Сөйтсе, баланың лимфоциттері көбейіп кеткен екен. Жалпы тәжірибедегі дәрігер аллергологқа баруға кеңес берген, бірақ жолдама бермеген. Жолдама беруге тиіс пе еді? Учаскелік дәрігердің орнында уақытша жұмыс істеген екінші педиатр талдаманың ақпарлы еместігін айтқан. Біріншіден, бала бұл кезде суықтаған, екіншіден, оның тіс жегісі бар депті. Аллергиялық жалған оң нәтижеге қандай факторлар әсер ете алады?
– Бунақты ядролылардың, эозинофилдер мен лимфоцит-тердің көбеюі ағзада инфекция бар екенін, соның нәтижесінде иммунитеттің төмендейтінін білдіреді. Мұндай сәбиді бүкіл инфекциялар мен гельминттерге қатысты тексеруден толықтай өткізіп, педиатр да емдей алады. Бірақ егер қанда орнықты нейтрофилезсіз эозинофилез сақталса, онда, әрине, аллерголог-иммунологтан кеңес алу қажет. Бұл жағдайда талдама нәтижесі жалған оң нәтиже болып есептелмейді. Бұл - пациенттің әрі қарай тексерілуіне және созылмалы инфекция ошақтарын емдеуге түрткі болатын толық ақпарлы талдама. Емхананың жолдамасы бойынша қабылдауды біз тегін жүргіземіз. Ал, иммунодиагностика мен аллергодиагностиканы тек сау болған кезде жасаған жөн.
ЕСКІ ЖӘНЕ ЖАҢА ДӘРМЕКТЕР ТУРАЛЫ
– Оқырмандарымыздан тағы бір сұрақ түсті: қыз бала бес жаста. Салынған Манту екпесіне реакциясы қатарынан әлденеше рет оң болыпты. Оны науқаспен қарым-қатынаста болатын балаларға арналған арнайы балабақшаға жіберуді ұйғарған. Бірақ ата-аналары қарсы болып, баланы Астраханға тексеруге апарады. Талдама нәтижесінде ине салған жер иммунитеті әлсіз болғандықтан және тәттіге аллергиясы болғандықтан ісіп кеткендігі белгілі болды. Бүлдіршін тәттіні өте көп жесе де, терісінде ешқандай бөртпелер болмаған. Есесіне бала түнгі энурезден (шыжың) зардап шегеді екен. Қыз балада көп мөлшерде аскарида бар боп шықты. Мұндай жағдайда педиатр осы мәліметтердің барлығын байланыстырып, баланы аллергологтан кеңес алуға жібере алар ма еді? Тағы қандай жанама белгілер бойынша аллергия сырқатына күмәндануға болады?
- Ине салынған жердің қышып, ісінуі балада аллергия болуы мүмкін деп болжам жасауға себеп болады. Педиатр оны аллергологқа кеңес алуға, энурезге себеп болуы мүмкін аскаридозды емдеуге жіберуге тиіс еді. Инфекциялар, әсіресе, гельминтоз аллергияның өршуінде үлкен рөл атқарады. Мұндай балалардың қанында үнемі эозинафиль жоғары деңгейде болады. Бізге тағам аллергиясымен, аллергиялық дерматитпен, есекжеммен, кейде демікпемен қаралатын балалардың барлығын біз бірінші кезекте аллергияға ұласатын инфекция ошағы болып табылатын гельминттерге иммуноферментті қан талдамасын (ИФА) тапсыруға жібереміз. Осы гельминттерге ағзада антиденелер түзіліп, осыдан келіп аллергия пайда болады.
– Аллергияға шалдыққан балалардың ата-аналары антигистаминдік препарат-тарды қолданғаннан кейін сәбилердің алаңғасар бола-тынына, есте сақтау қабілеті нашарлайтындығына шағымданады. Осы жанама әсерді қалай бейтараптандыруға болады? Аллергиясы бар сәбиге қандай дәрумендер беруге болады?
– Бірінші буындағы антигистаминдік препараттардың шынымен де ұйқы келтіретін әсерлері бар. Қазіргі кезде біз оларды тек шұғыл жағдайда және қысқа курспен (3-5 күн) ғана тағайындаймыз. Бірақ оларды қолданудан қашқақтаймыз, әсіресе, егер балалар балабақшаға немесе мектепке баратын болса. Өз тәжірибемде мен тек мұндай ұйқы келтіретін әсері жоқ 2-ші және 3-ші буындағы препараттарды ғана тағайындаймын. Дәрумендерден глюкозасы жоқ аскорбин қышқылын, цевикал тамшысын берген жақсы. Бастысы, бұл дәрумендерде цитрусты және шөптер қосындылары болмауы тиіс. Есте сақтау қабілетінің төмендеуіне келер болсақ, невропатолог пен неврологтың кеңесін алу керек.
Сұхбаттасқан Зульфия ИСКАЛИЕВА