Индер ауданы Есбол ауылының тұрғыны Ләззат РЗИНА қолында облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық Кеңестің (ПМПК) қорытындысы бола тұра мүгедек баласын мектепке бір ай бойына орналастыра алмай келді.
9 жасар Манас ЖҰБАНЫШ-ҚАЛИҒА туғанынан ақыл ойының дамуы кешеуілдеген (умеренная умственная отсталость на резидуально-органическом фоне общего недоразвития речи ОНР І уровня) деген диагноз қойылған.
Биыл облыстық ПМПК ол 2014 жылдың қыркүйегінен бастап жалпыға білім беретін мектептің 3-сыныбында инклюзивті оқытуға жатқызылады деген қорытынды берген. Бұған дейін бала екі жыл Махамбет селосындағы облыстық арнаулы мектеп-интернатында оқып келді.
- Кеңес қорытындысы бойынша баламды қазан айында Кулагино орта мектебіне алып бардым. Себебі, ол қыркүйекте қаладағы емдеу-сауықтыру орындарының бірінде болып, сонда оқыды.
Кулагино орта мектебінің директоры мынадай баланы мектепке қабылдай алмайтынын айтты, - дейді анасы Ләззат Рзина. - Осыдан соң мен Атырауға облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық Кеңестің меңгерушісі Зәуреш АЙТЕНОВАҒА қайтып бардым. Ол «мектепке бара бер, директорға өзім түсіндіремін» деді. Бірақ директор бізді одан соң аудандық білім бөліміне жіберді. Ондағылар да директормен сөйлесеміз деген уәде берді. Бірақ бізді тағы қабылдамады, «ұлыма мектепте оқуына болады деген анықтамасын алып кел» деп, невропатолог-дәрігерге жіберді. Невропатолог БАКЕНОВА «медициналық-педагогикалық қорытындымен мектепке алуға тиіс» деп айтты. Сөйтіп, мен қолымда қорытынды бола тұра баламды мектепке бере алмадым.
Кулагино орта мектебінің директоры Руслан ҚАНАТОВ өзінің бұл әрекетін «сақтық шаралары» деп түсіндіреді:
- Мен баланы Кеңес қорытын-дысында «наблюдение и лечение у психиатра» деп көрсетілгендіктен невропатологқа жібердім. Астанадағы мектепте болған қайғылы жағдайды ескеріп, алдын ала сақтанғаным ғой. Оқушыны мектепке алмаймын деген ниетім болған жоқ.
Қазір Манас басқа мектепке барып жүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА