Ержан ХАЙЫРОВ 16 қатарлы үй үстінен секірді, ережесіз айқастарға қатысты, спортзалда күніне мың рет қолымен денесін көтеріп, арнайы ерлер тренингінің басқа да көптеген сынақтарынан өтті. Не үшін? Бұл сұраққа ол жай ғана жауап берді: нағыз еркек болғым келеді.
ҚАБІЛЕТІҢДІ БІЛГІҢ КЕЛСЕ...
Әйелдерге арналған тренингтер жеткілікті. Жарнамаларға назар аударсақ, нәзік жандыларды сымбатты болуға, дұрыс макияж жасауға, «дұрыс» күйеу таңдауға, қоршаған әлеммен етене араласып өмір сүруге үйрететін сабақтар көп. Бір сөзбен айтқанда, тәніңді де, жаныңды да жетілдіре бер. Ғаламторға «ерлерге арналған тренингтер» деп жіберген сұранысыңа мұндай көп түрлі жауап таба алмайсың: пикап, сауда-саттықты арттыру, тұлғалық өсу, ол да кәсіби қызметімен байланысты. Өзгеру, еркекке тән қасиеттерін немесе жауапкершіліктерін арттыру қажеттіліктерін мойындауға әзір жігіттер де аз. Осы бағытта әрекет жасай бастағандар да көп емес. Дәлірек айтқанда, Ержан – маған таныс ерлердің арасындағы біріншісі.
Осы сүйкімді жігіттің өмірінде бәрі жақсы сияқты: жұмыста қадірлі, достары да құрметтейді. Алайда, Ержанның айтуынша, кеңседегі жұмыс, күнделікті күйбең тіршілік адамның ішкі темпераментін басады, ал спорт пен ойын-сауық оған өзі қалаған ерекше сезім мен драйв бере ала алмайды. Оған санасын сілкінтіп, өз қабілетінің шегін білу керек болды. Кейін, тренинг кезінде, Ержан адамның мүмкіндіктері шектеусіз екенін түсінеді. Кейде өзімізді аяйтынымыз басқа мәселе. Біз таңертең жағалауға шығып, жүгіруге ерінеміз. Немесе ауламыздағы бақшамызға су жүретін арық жасауға ерінеміз, біреуді жалдаған оңайырақ. Сондықтан да Ержан өз еркімен қатал психофизикалық тренингті қалады. Оның сынақтарының бірі биіктіктен секіру еді. Ержанды «шабыттандырған» да осы болатын.
- Тренингтен қарапайым клерктер, бизнесмендер, студенттер, армияға барғандар да, бармағандар да, оққағарлар мен арнайы жасақ жауынгер-лері де өтті. Барлығы да мұндай жаттығуларды бұрын мүлдем көрмепті. Тренинг қазіргі еркектердің ішкі «қорқыныштарынан», соның ішінде биіктік қорқынышынан (шын мәнінде, биіктік қорқынышы жоқ, ажал қорқынышы деген бар, бұл секіру, бейнелеп айтсақ, ажалдың көзіне 3-4 секунд үңілуге мүмкіндік береді), көпшіліктің сөзіне қалудан қорқудан және т.б. арылуға арналған.
Егер сенде таңдау жоқ болса, жанұяңа қауіп төніп, оны қорғауға мәжбүр болсаң, ерлік көрсету оңай. Ал тренингте ер адам өзінде таңдау мүмкіндігі - әділетсіздіктің жанынан өтіп кетуге немесе араласып, көмектесу мүмкіндігі бар кезде жауапкершілікті мойнына алуға үйретеді.
БАРЛЫҚ КЕДЕРГІЛЕР БАСЫҢДА
Ержан үшін ең басты сынақ 45 метрлік биіктіктен секіру болды, оның 35 метрін адам еркін құлау сәтінде өткізеді. Соңғы секундқа дейін ол мұның мүмкін екендігіне сенбеді, ал жерге түскеннен кейін мұны тағы істеуді сұрады.
- Ұшып келе жатқан бірнеше секунд мәңгілік сияқты сезіле-ді. Алғашқы сәтте жүрегім жарылып өлетін шығармын деп ойладым. Содан кейін ше? Өмір сүргім келіп кетті. Тек жаңаша, - деп алған әсерімен бөлісті Ержан.
Содан кейін ережесіз айқас болды. Тренингтің талаптары бойынша әр қатысушы келесі қатысушымен ММА ережелері бойынша айқасқа түседі, яғни, шынайы айқас және тек жеңіске дейін төбелесу керек – қарсыласы айқасты тоқтатуды сұрағанға немесе нокаутқа жіберген кезге дейін жалғасады. Тренингтің қатысушыларының кейбірі ешқашан төбелеспеген де екен, өйткені, бала кезден сөзін өткізудің басқаша тәсілдерін қолданғанды жөн көреді. Іштерінде жас кезінде ауылының атаманы болғандары да бар. Алайда ерік не істемейді: кейде төбелестен тәжірибесі жоқтар жұдырықты жігіттерді жеңіп жатты.
- Бұл тренинг, ең алдымен, өзіңнің ішкі еркектің бастауыңды ашуға, әр еркектің қанына салынған өз аумағын, туғандарың мен жақындарыңды қорғауға бағытталған. Алайда одан тек өзіне сенімді, өжет адамдар ғана өтеді дегенді білдірмейді. Бұл жолы тренингке нағыз «көшбасшылар», өз еркектік қасиеттерін одан әрі дамытуды көздеген өмірдегі шынайы еркектер қатысты. Мүмкін бұған тренинг капитанымен өткізілген алдын ала әңгімелесу септігін тигізген болар. Капитандар әр қатысуға үміт білдірушілермен сөйлесті. Егер үміткер «іріктеуден» өте алмаса, тренингке жіберілмеді. Осындай іріктеудің өзінде 24 қатысушының 3-уі соңына дейін жете алмады. Олар ауыр жүктемеге шыдай алмай, өз еріктерімен тренингтен кетті, - дейді Ержан.
Тренинг оған барлық қорқыныштар мен «кедергілер» тек басымызда екендігіне көз жеткізуге көмектесті. Әр бастаған ісіңде соңына дейін жетіп, өзіңді құрбан санамай, ауырлықтарға төзе білу керек.
- Жауапкершілікті қолыңа алғанда өмірде алға жылжисың. Әрине, басымды тасқа да соғуым мүмкін, алайда тамыр-таныстар, мүмкіндіктер, ақша пайда болады. Егер жауапкершілік жоқ болса, тақыр кедей боламын, - дейді сеніммен Ержан. Жаңа дағдыларын ол жұмыста да сәтті қолданып жүр. Бір және екі айда бітіру керек екі жобаны ол екі күнде дайындапты. Мұндай нәтижелікке ол бар ойы мен барлық жауапкершілігін, соның ішінде өз алдындағы жауапкершілігін бір жерге шоғырландырып қол жеткізіпті.
БІР ҚАЙЫҚТА
Жеңуге әрекет етпей жатып берілуге болмайды – бұл қағи-датты тренингке қатысушылар спорт залға кірген бойда құлақ-тарына сіңірді. Алғашқы сынақ – екі жұдырықпен, содан кейін бір жұдырықпен ұзақ уақыт тұру, көпшілігі жасай алмайтындарына сенімді болған соң қол көтереді. Жігіттер орта есеппен 2-5 минут шыдады. Ең көбі – 8. Тренерлердің пікірінше, бұл тұрыста бір сағат бойы тұруға болады. Тек өзіңді бос ұстамай, «шаршадым» деген ойды ойламасаң болды. Тренинг қатысушылары таңғы 8-де спорт залға кіріп, үйлеріне түнгі 11-де кетті.
Командалық рухты тәрбиелеу үшін «галера» жаттығуы жұмыс жасады. Жігіттер бір-бірінің иықтарынан құшақтап, барлығы бірге ішкі пресстерін жаттықтырды. Олар осылайша араларындағы сол сәтте әлсіздік танытқан қатысушыларға бірлесе көмектесті. Барлығы әбден титықтаған кезде тренерлер бұл тек ширату жаттығулары екенін хабарлап, жаттығуды жалғастыра беруді сұрады. Олар осылайша 40 минут бойы пресстерін жаттықтырды.
-«Галера» жаттығуы арқылы мен командада қалай жұмыс жасау керектігін, командаға өз күшіңді, өз шыдамдылығыңды қалай салу керектігін түсіндім, оң жағың мен сол жағыңдағыларға көмектесіп, өзіңе қиын болғанда олардан қолдау алып, команданың не екенін білдім, - дейді Ержан.– Сонымен қатар, «галераны» өмірлік жағдаяттармен салыстырып, мен күнделікті өмірдегі көп нәрселер нәтиже алу үшін кіммен бірге «есетініңе» байланысты деген тұжырымға келдім.
Зульфия ИСКАЛИЕВА