– Пәтеріміз 4 бөлмелі, қожайыны – менің анам. Менің үлесім аз, басым бөлігі – анам мен әпкемнің еншісінде. Олар пәтерді сатқылары келеді, ал, мен қарсымын. Нотариус менің келісімімсіз олардың пәтерді сата алмайтынын айтты. Анам адвокат жалдап, енді ол маған қысым көрсетуде: «келісіміңді бер, әйтпесе, сотқа береміз» дейді. Бұл жағдайда сот арқылы мені келісім беруге мәжбүрлей ала ма?
Телефон арқылы
Сұраққа заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап берді:
– Әңгіме жекешелендірілген пәтер туралы болып отыр деп ойлаймын. Өйткені, бірлескен мүліктегі үлес туралы айтылып отыр. ҚР Азаматтық заңнамасы алты принципке негізделген. Олардың бірі – шарт еркіндігі принципі (ҚР АК-нің 2-бабының 1-тармағы).
Осылайша, тұлғаны ешкімнің де күш қолданып, қорқытып келісім жасауға мәжбүрлеуге, соның ішінде келісім жасауға мәжбүрлеу туралы талап-арызбен сотқа шағымдануға құқығы жоқ. Жекешелендірілген баспанаға бірлескен ортақ мүліктің құқықтық режимі ҚР АК-нің 11-тарауымен реттеледі. ҚР АК-нің 220-бабына сәйкес, бiрлескен меншiктегi мүлiкке билiк ету барлық қатысушылардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады. ҚР АК-нің 218-бабының ережелеріне сәйкес, қарым-қатынасты реттеу үшін үлестi меншiкке қатысушылар ортақ мүлiктi бөлуге құқылы. Яғни, үлестi меншiкке қатысушылар өз үлестерін ақшалай мәнде бөлуге құқылы. Егер тараптар келісім бойынша мүлікті бөлу туралы мәселені шеше алмаса, олардың сот тәртібімен бірлескен мүлікті бөлу туралы талап-арыз беру арқылы мүлікті бөлуді жүргізуге құқылы. ҚР АК-нің 218-бабының 3-ші және 4-ші тармақтарына сәйкес, үлестi меншiкке қатысушылар ортақ мүлiктi бөлу немесе бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығарудың әдiстерi мен шарттары жөнiнде келiсiмге келе алмаған жағдайда үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн заттай бөлiп берудi талап етуге құқылы. Егер үлестi заттай бөлiп беруге заң құжаттарында жол берiлмесе немесе ол ортақ меншiктегi мүлiкке шамадан тыс залал келтiрмейiнше мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығушы меншiк иесi үлестi меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетуге құқылы. Осы бап негiзiнде үлестi меншiктiң қатысушысына заттай бөлiп берiлетiн мүлiктiң меншiк құқығындағы оның үлесiне сәйкессiздiгi тиiстi ақша сомасын немесе өзге өтем төлеу арқылы жөнге келтiрiледi.
Басқа меншiк иелерiнiң үлестi меншiкке қатысушыға оның үлесiн заттай бөлiп берудiң орнына өтем төлеуiне қатысушының келiсуiмен жол берiледi. Тиiстi меншiк иесiнiң үлесi шамалы болып, нақты бөлiп шығару мүмкiн болмай және ол ортақ мүлiктi пайдалануға онша мүдделi болмаса, сот бұл меншiк иесiнiң келiсiмi болмаған күнде де үлестi меншiкке қатысушыларды оған өтем төлеуге мiндеттей алады.
ҚР АК-нің 218-бабының 5-тармағына сәйкес, осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес өтем алғаннан кейiн меншiк иесi ортақ мүлiктегi үлеске құқығын жоғалтады.
218-баптың 3-5-тармақтарында баяндалған ережелер бойынша ортақ мүлiктi бөлу iсiн жүргiзудiң не одан үлестi бөлiп шығарудың тиiмсiздiгi айқын болған жағдайда сот мүлiктi жария саудаға салып сатып, кейiн одан түскен соманы ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне сәйкес бөлiп беру туралы шешiм шығаруға құқылы.
Сонымен қатар, «Тұрғын үйге меншік құқы туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі қаулысын ұсынамын.
ҚР АК-нің 220-бабының 3-тармағында, егер барлық қатысушылардың келiсiмiнен өзгеше туындамайтын болса, бiрлескен меншiкке қатысушылардың әрқайсысы ортақ мүлiкке билiк ету жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы делінген. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың бiреуi ортақ мүлiкке билiк етуге байланысты жасаған мәмiле басқа қатысушылардың талап етуiмен мәмiле жасаған қатысушының қажеттi өкiлеттiгi болмады деген себеппен мәмiледегi екiншi тарап бұл жөнiнде бiлгенi немесе көпе-көрiнеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген ретте ғана жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Нотариаттың куәландыруын немесе мемлекеттiк тiркеудi керек ететiн мәмiлелер жасасу кезiнде бiрлескен мүлiкке басқа қатысушылардың мәмiле жасауға келiсiмi нотариалдық тәртiппен расталуға тиiс.
В Атырау +31.5