Атырау, 27 қараша 21:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сингапур мен Израиль үлгі бола ма?

4 192 просмотра

Астанада өткен биылғы «Эксперт-200-Қазақстан» Ұлттық бизнестің VI экономикалық форумында мемлекеттік басқарудың құрылымдық реформасы және еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар басты тақырып болды.

«Ақ Жайық» оқиғаға ақпараттық әріптес болған жалғыз ғана өңірлік басылым болды.

Форумды ашқан кезде ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ оған қатысушылар алдында (негізінен бұлар қазақстандық және ресейлік бизнес өкілдері болды) 11 қарашадағы президенттің «антидағдарыс» жолдауы мен форумның басты тақырыбы - «Мем­лекеттік басқару реформасы: орталық – өңірлер – бизнес» арасындағы сабақтастықты айтып өтті.

Жыл сайынғы 3 миллиард доллардан басқа таяудағы үш жыл ішінде Қазақстан экономикасының осал секторларына қолдау көрсету үшін басты бағыттардың бірі құрылымдық реформа болуы тиіс. Ол премьердің айтуынша, «Қазақстанға «орта табыс тұзағынан» (ел экономикасының дамуы баяулап, ақыр соңында орташа табыс деңгейіне жеткеннен кейін тоқтайтын ахуал)өтуге, елдегі жеке инвестицияларды дамыту үшін қажетті климатты құруға мүмкіндік береді».

 

ӨКІЛЕТТІК «ТӨМЕНГЕ» ТҮСЕДІ

ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат ДОСАЕВ әкімшілік реформаның негізгі мақсаты «мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып, кәсіпкерлер қызметіне мемлекеттің араласу деңгейін азайту» болуы тиіс. Реформа құралдарының бірі Астанадағы өкілеттіктің бір бөлігін өңірлерге беру болмақ. «Жергілікті атқарушы органдардың рөлін нығайту үшін түрлі саладағы 261 функция орталықтан өңірлерге берілді», - деп хабарлады Е.Досаев. – Бірінші кезекте бұл құрылыс, ТКШ және жер ресурстарын басқару салаларына қатысты».

Бұдан басқа, Мәжілісте бизнес үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша заң жобасы бар. Ол, мәселен, шағын және орта бизнес субъектілері үшін тіркеу мерзімін 1 сағатқа дейін қысқартуды, кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін мөрді жоюды, заңды тұлғаны тіркегені үшін тіркеу алымын төлеуді жоюды, экспорттау-импорттау операциялары саласында қызмет ұсыну кезінде процедуралар мен мерзімдердің мөлшерін кем дегенде үш есеге қысқартуды жобалайды.

Рас, қатысушылардың кейбірі «адам факторы» проблемасы шешілмейтін болса, реформаның тиімділігіне күмән келтіретіндіктерін айтты. Бұл қауіпті тіпті премьер-министр «кез келген реформаның, егер оны өткізіп жатқан адамдар ағымдық жайттарға сайма-сай әрекет етпесе сәтсіздікке ұшырауы мүмкін екендігі ешкімге құпия емес. Тіпті ең жақсы идея да құрдымға кетуі мүмкін».

 

СИНГАПУРЛЫҚ «ТАЛАП»

Басқару тиімділігіне қатысты салмақты проблеманың бар екенін General Electric компаниясының бұрынғы менеджері, қазіргі «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының кеңесшісі Лариса ЗЯМЗИНА растады. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» тобына кіретін 600-ден астам компанияның қызметіне талдау жасалғаннан кейін операциялық тиімділіктің «жақсы» көрсеткіштері болса да, қазақстандық менеджерлердің салынған инвестициялар үшін салмақты қайтарымдылыққа қол жеткізбегені анықталған.

Оның айтуынша, «Самұрықтың» бүкіл активтерін оның тиімділігі тұрғысында қайта қарау, инвестициялық қызметке қарым-қатынасты түбегейлі өзгерту және тек пайдасы көп жобаларға ғана күш салу мәселесі тұр. 

Табысы жоқ және профильді емес активтердің басым көпшілігі ұлттық холдинг құрамынан жеке секторға шығарылатын болады. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның барлық еншілес компанияларында еңбек өнімділігін таяу бес жыл ішінде 30-40 пайызға арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар, 600 заңды тұлғадан құралған мега-холдинг құрылымын едәуір ықшамдау жоспарланып отыр.

Маңызды бағыттардың бірі мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас жасау тиімділігін арттыру болмақ.

«Біздің 60-70 пайыз уақытымыз мемлекеттік органдарға хат жазуға кетеді. Мұнсыз болмайтындығы түсінікті, алайда 60-70 пайыз болуы тым көп!» - деп мәлімдеді Л.Зямзина. Оның айтуынша, оңтайландыру есебінен шығындардың бар болғаны 2 пайызын қысқарту 90 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді, «ал біз таяу 5 жылда шығындарды 5 пайызға қысқартуды жоспарлап отырмыз».

Министр Е. Досаев «Бизнес, мемлекет және университеттер – экономика үшін кадрлар дамуының рөлі мен жауапкершілігі» пікірталас секциясының жұмысына да қатысты. Ол 2010-2014 жылдарда үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама  көптеген проблемамен жүзеге асқанын мойындады. Оның пікірінше, білім беру министрлігі еңбек нарығының сұранысын ескермейді, сондықтан жоғарғы оқу орындарының түлектері жұмысқа орналаса алмайды. Досаев Қазақстанға Сингапурдың жоғарғы білім жүйесін енгізуді ұсынды. Онда «белгілі бір уақыт ішінде түлек мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, белгілі бір сомадан кем түспейтін табыс табу керектігі жөнінде нақты шарт қойылады. Егер түлектердің белгілі бір пайызы өз мамандықтары бойынша орналаспаса, онда оны жауып тастайды».

 

БИЗНЕС ПЕН ДЕМОКРАТИЯ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

Форумдағы ең сезімге толы сөз (ара-арасында ду қол шапалақтап, қатысушылар қолдауын білдірді) «Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Ерғали БЕГІМБЕТОВТІҢ баяндамасы болды, ол бірден: «Біз қисық айналар корольдігінде өмір сүріп жатқан сияқтымыз», - деп мәлімдеді. Оның пікірінше, «қазіргі қатаң иерархияға сүйенетін командалық-әкімшілік жүйе қорқыныш тудырады және жалғандыққа әкеледі». Ал мысал ретінде, оның пікірінше, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелік жарнаны түсініксіз есептеу әдістемесін келтірді: «Мен неге жыл сайын 2 миллион емес, 8 миллион төлеуім керек? Ешкім түсіндірмейді». Дәл осы билік пен бизнес арасындағы сенімсіздік бизнесмендерде ақшаны Қазақстанда тауып, оны шетелде жұмсау әдеттерін, сондай-ақ салықтан қашу тәжірибесін қалыптастырып отыр.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ләззат ИБРАГИМОВА Қазақстанның барлық жер қыртысын пайдаланушыларынан 1 пайыздық «инновациялық» төлем алу бойынша мемлекеттік саясаттың кері қаралып жатырғаны жөнінде мәлімдеді. Егер бұрын олар бұл соманы бюджетке аударып, өз міндеттері орындалды деп есептейтін болса, енді алға қарай олар бұл қаржыны автономды кластерлік қор шотына аударатын болады. Әр жер қыртысын пайдаланушыға қаржы аударудың бөлек есептері қолданылатын болады. Қор өз кезегінде университеттерден жаңа стартап-жобаларды іріктейді және біріккен жиналыс барысында «ақша иелері қаржыларын қандай жобаларға жұмсау керектігін өздері шешеді». Сонымен қатар, оның пікірінше (бұл сөзді айтқанда зал тіксініп қалды), «инновациядағы білім саласы ағылшын тілінде қалыптасады, сондықтан да техникалық ЖОО-ларда ағылшын тілінде жүретін сабақтарды енгізу керек».

Білім вице-министрі Такир БАЛЫҚБАЕВ «Форумның екі сессиясы да білім мәселесіне арналды» деп өзінің қанағаттанғандығын жасырған жоқ. Ол министрліктің елдің әр өңірінен өнеркәсіп мамандарын дайындауға бағытталатын 10 ЖОО-ны белгілегенін және тек 2017 жылға дейін осы оқу орындарындағы материалдық-техникалық базаны қайта жарақтауға, кадрларды қайта даярлауға мемлекеттік бюджеттен жалпы сомасы 22 миллиард теңге қаржы бөлінгенін хабарлады. Сондай-ақ, жеке бизнес өкілдері үкімет іріктеген жоғары оқу орындарының қадағалау кеңестеріне кіріп, олардың ісіне тікелей араласады деп жоспарлануда.

 

ЖАСТАРҒА ОСЫНЫ ҮЙРЕТІҢДЕР!

Тель-Авив университетінің«StarTAU» кәсіпкерлік орталығының президенті Орен СИМАНИАНТель-Авив университетінің«StarTAU» кәсіпкерлік орталығының президенті Орен СИМАНИАНКейбір форумға қатысушылар үкіметтің жоғары және кәсіби білім беру саласындағы жоспарларына деген өздерінің мысқылдарын жасыра алмады, сондықтан болса керек, іс-шараның аяғында Стенфордтан Б. Ельцин атындағы Орал мемлекеттік университетіне дейінгі түрлі халықаралық университет өкілдеріне сөз сөйлеуге мүмкіндік берілді.

Тель-Авив университетінің«StarTAU» кәсіпкерлік орталығының президенті Орен СИМАНИАННЫҢ айтуынша, 10 жыл бұрын Израилде үкіметтің қолдауымен университет стартаптарын белсенді іске қосу бағдарламасы басталды. «Нәтижесінде 2012 жылы 8 миллион халық саны жағдайында 42 миллиард долларға 772 сәтті жоба жүзеге асырылды. Бұл үдеріс өте баяу жүреді, алайда нәтиже күтуге тұрарлық. Мәселен, 2013 жылы бір ғана мәміле венчурлық инвесторларға 10 миллиард табыс әкелді», - деді өзінің білім беру бизнесіндегі әріптестеріне Симаниан. Оның айтуынша, сарабдал мемлекеттік саясаттың нәтижесінде Израиль «стартап ел» брендін алды және жас еврейлерден тек алғашқы кезеңдегі жаңа идеялар алуды ғана қалайтын халықаралық корпорациялардың 220 өкілдіктері мен зертханалары тіркелді. Ол қазақстандық қатысушыларды «корпорацияларға жаңа идеяларды әдемі қаптамаға салып беруге» шақырды - «Жастарға осыны үйрету керек!». Тілшілеріңіздің жанында отырған алматылық жеке меншік университеттердің өкілдері бір-біріне таңғала қарап, ішіндегі біреуі «ондай жастарды қайдан аламыз?» деп қойып қалды.

Форум аясында «Қазақстанның ірі компаниялары» рейтингісінің көшбасшыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Келесі жылы оларға Ресей мен Белоруссиядағы әріптестерімен тікелей бәсекелестікке түсуге тура келеді. Бұл туралы Ерболат Досаев «барлығына жаудай жағаласуға тура келеді» деп шімірікпестен айта салды.

Жасұлан КӨЖЕКОВ, меншікті тілші, Астана қ.

Суретті түсірген автор

19 қараша 2014, 17:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.