- Партизандар болмағанда, мен қазір тірі отырар ма ем? – деген сауал екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Есбол ОҢАЙБАЕВТЫ (суретте) ондаған жыл бойы мазалап келеді.
Қарт солдат Оңайбаевтың тағдыры күрделі. Ол фашистердің тұтқынында болды. Сталиндік репрессияның құрбаны атанды. 1948 жылы фашистердің тұтқынында болғаны үшін 25 жылға сотталды...
Қазір Есбол ақсақал Мақатта тұрады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аудан әкімдігі оған жаңа баспана сыйлады. Бірнеше жыл бұрын оның әйелі қайтқан, бірақ ол жалғыз емес, жанында кіші ұлы мен келіні бар.
Өзінің 95 жасына қарамастан Есбол аға соғыс жылдарын есіне жақсы сақтап қалған. Алайда, ол үшін мұны еске түсіру әлі де ауыр.
Ол 1919 жылдың 15 қазанында Мақатта дүниеге келген. Мектепке кеш барды. 1939 жылы 10-сыныпта оқып жүргенде әскер қатарына шақырылды.
Осылайша кешегі мектеп оқушысы әскери оқу-жаттығу курсынан өту үшін Самара қаласына жіберіледі. Фин соғысы басталған кезде қатарында Есбол бар жауынгерлер құрамы Грузия мен Түркия шекарасындағы Ахалкалаки қаласына жөнелтілді. Ал, әскери борышын енді өтеп болып, елге қайтамын деп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді…
1941 жылы ол бірінші рет Харьков маңындағы қиян-кескі ұрысқа қатысады. Ал, 1942 жылы суық қарыған қаңтарда оның И. В. Сталин атындағы №47 атқыштар дивизиясы жау тылына еніп кетіп, ұзақ уақыт немістердің қоршауында қалады.
- Ол кезде бізде оқ-дәрі мен тамағымыз таусылған еді. Жалаң қолмен жауға қарсы шығу мүмкін болған жоқ. Олар бізді қоршап алды, сол себепті біз қоршауды бұзып өте алмадық. Жараланғандар көп болды, ішінде мен де бармын, бірақ қаза тапқандар бізден де көп болды. Ақыры фашистер бізді тұтқынға алды, -деп күрсініп отырып еске алады ардагер.
Аш-жалаңаш, әлі жоқ, дымы құрыған тұтқындарды Варшаваға әкеліп, Түркістан легионына, Вели Каюм ханның қарамағына береді. Тұтқындарды Венгрия, Югославия, Румыния жеріндегі теміржолдың ауыр жұмыстарына жегеді. 1944 жылы кезекті жұмыстарды орындатуға Белград маңындағы Дербент қаласына әкелгенде оларды Кеңес партизандары қоршап алып, барлық тұтқындарды азат етті.
- Бұл біз үшін жәй азат болу емес, еш нәрсемен салыстыруға келмейтін бақыт болды. Бірақ бір жылдан кейін соғыс бітті, сол кезде қайта-қайта бізден жауап алып, түрлі тергеулерден өттік қой, -дейді ақсақал.
Есбол Оңайбаевты 25 жылға соттады. Ол Қарағанды, Шымкент, Петропавл түрмелерінде отырды, ал, кейін Сібірге айдалды.
- Он жылға... Лагерьде ұрысы бар, кісі өлтіргені бар - бәрі бірге отырды. Ағаш кереуетте, суық әрі сыз тартқан жерде жаттық. Кандала үстімізде өріп жүреді. Күніне бізге 800грамм қара нан, ашыған капуста, қара жарма беретін. Нанды үнемдеп, кешке дейін жеткізуге тырысамыз. Біздің лагерьдің қасында кірпіш зауыты болды, біз сонда жұмыс жасадық. Жұмыс өте ауыр болды. Айына 10 сом беретін, бірақ біз алдық деп қол қоятынымыз болмаса, ақшаны көргеніміз жоқ. Түрмедегі заң солай, әйтпесе, ұрылар сені жер жастандырады. Тек бергенін аламыз. Көрмегеніміз жоқ қой... -дейді ардагер.
Есбол Оңайбаев 1957 жылы ғана ақталып, сол жылы туған топырақпен қауышты. Міне, осындай оқиға. Ол енді ешқашан ұмытылмас.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА