«Еуразия» жобасын (15 шақырым тереңдікке дейін ұңғыма бұрғылау) жүзеге асыруға келесі жылы кірісу жоспарлануда. Жетекші халықаралық компаниялар тартылып, консорциум құрылмақшы.
Осы үлкен жоба туралы «Жер кіндігіне саяхат» материалында («АЖ», 19.06.2014 күнгі №25) айтылған еді.Қазір «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ жанындағы осы аттас жобалау тобы инвесторлар тартуға ыңғайлы болатын шарт талаптарын әзірлеп жатыр. Әңгіме қарапайым санағанның өзінде 500 миллион доллар шамасындағы инвестиция туралы болып отыр. Бұл жобаға біз шетелдік компанияларды қандай талаптармен тарта аламыз? Осы және басқа да сауалдарды біз «Қазақ мұнай және газ» АҚ («ҚМГ» ҰК еншілес компаниясы) «Еуразия» жобалау тобының басшысы Александр ДЕНЯКИНГЕ қойған едік.
«МҰНАЙ ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ АРТА БЕРМЕК»
- Осы қиын жобаны жүзеге асырудың қандай қажеттілігі бар?
-Соңғы 15 жылдажүргізілген геологиялық барлау жұмыстары күткеніміздей нәтижелер бермеді және мойындауымыз керек, бүгінде мұнай-газ саласын дамыту, негізінен, мұнайшылардың бұрынғы ұрпағынан қалған мұраларға сүйенеді. Дегенмен, ғаламдық энергетикалық баланста мұнай мен газдың өз үстемдігін әлі де ұзақ жылдар бойы жалғастыратынына ешкім күмәнданбайтын болар. ХЭА (Халықаралық энергетикалық агенттік) деректері бойынша, 2030 жылға қарай мұнайды жылдық тұтыну үштен бірге өседі және болашақта да көмірсутегілерге деген сұраныс арта бермек. Осыған байланысты ҚР президентінің елдегі көмірсутегі шикізаттары қорын толтыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында «Қазэнерджи» қауымдастығы 2013 жылы «Еуразия» деп аталатын Каспий маңы ойпаты шегінде халықаралық ауқымда өңірлік геологиялық-геофизикалық зерттеулер жобасын бастады. Каспий маңы ойпатының 30%-ға жуық жері Ресей Федерациясының аумағында орналасқандықтан, ресейлік тараппен тығыс ынтымақтастықта жұмыс жасаған дұрыс деп танылды.
Осындай кең ауқымды жобаны жүзеге асыру үлкен техникалық және қаржылық тәуекелдерді қажет етеді және халықаралық жетекші мұнай компанияларының бірлескен көмегінсіз өте қиын. «Еуразия» жобасының бір ерекшелігі, жоба, негізінен, зерттеу жұмыстарына құрылғанымен, Каспий маңы ойпаты шегінде мұнай және газды барлау және өндіру операцияларын бастауға алғышарт жасау мақсатын көздейді және жер қыртысын пайдалану бойынша операциялардың бастапқы кезеңі ретінде қаралады. Осыған байланысты Каспий шельфінде халықаралық консорциум құру жолымен жұмыстарды ұйымдастыру тәжірибесі көп көмегін тигізбек.
Дегенмен, инвесторлардың бірінші кезекте кез келген жобаның коммерциялық пайдасына назар аударатыны белгілі, сондықтан да мемлекет пен инвесторлардың мүдделерін бір арнаға тоғытатын механизм әзірлеу қажет. Бұған біз консорциумның қатысушыларына қазыналық және қазыналық емес жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ, «Қазақстанкаспийшельф» (Каспий акваториясында геологиялық-геофизикалық зерттеулер, мұнай және газды барлау және өндіру жұмыстарын жүргізу үшін құрылған халықаралық мұнай компаниялары консорциумының операторы –С.Т.) консорциумы қатысушыларына берілгендей кепілдіктер ұсыну арқылы қол жеткізе аламыз. Осыған байланысты ҚР премьер-министрі мүдделі мемлекеттік органдарға сәйкесінше тапсырмалар берді және біз келесі жылы «Еуразия» жобасын практикалық тұрғыда жүзеге асыруға кірісіп кету үшін жыл соңына дейін бизнес қауымдастығына қызықты болатын жеңілдіктер мен артықшылықтар пакетін қалыптастыруымыз керек.
Бұл жобаның тек қағаз жүзінде ғана қалуы немесе Қазақстанның жаңа кен орындарын іздеуге, жаңа технологиялар мен зияткерлік әлеуетін дамытуға серпіліс беретін үлкен күшке айналуы біздің осы жобаның барлық қатысушылары мүдделерін тез және тиімді біріктіруімізге байланысты болмақ.
«БҰЛ АСА БАҒАЛЫ ТӘЖІРИБЕ БОЛМАҚ»
-Бұл жобаға қатысуға қандай компаниялар қызығушылық танытып отыр?
- Көптеген ресейлік, еуропалық, американдық және азиялық компаниялар қызығып отыр. Бұлардың барлығы да - Қазақстанның мұнай-газ нарығында жұмыс жасаған «ірі ойыншылар». Олар еліміздегі жұмыс талаптарымен жақсы таныс. Ал, қатысушылардың қорытынды тізімі жеңілдіктер мен артықшылықтар пакеті жасалғаннан кейін белгілі болады.
- Жұмыстар қандай көлемде жүрмек, кім инвестициялайды?
- Жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде біз Қазақстан мен Ресейдегі қолда бар барлық кеңестік және кеңестен кейінгі зерттеу материалдарын жинап, бірыңғай форматқа келтіреміз. Екінші кезеңде кешенді геофизикалық жұмыстар жүргізіледі. Осындай көлемде ауқымды жұмыстар бұған дейін бірде-бір елде жүргізілген жоқ, сондықтан да біз жұмыс әдістемелері мен технологияларын дұрыс таңдауға көмектесетін белгілі сервистік компаниялар тартқымыз келеді. Үшінші кезең - өте терең ұңғымаларды бұрғылау бойынша жұмыстар. Біз бұл жобаны бес жыл ішінде аяқтағымыз келеді. Қарапайым санағанның өзінде 500 миллион доллардай қаржының жұмысы бар.
Бүгінгі негізгі нұсқамыз бойынша, инвестор ретінде консорциум мүшелері қаржы салады, алайда, мемлекеттік-жеке әріптестік нұсқасын да жоққа шығаруға болмайды, яғни, үкімет республикалық бюджеттен ішінара қаржыландыруды жүзеге асыратын болады.
-Жобаның ерекшелігін (мұндай тереңдікті бұрын ешкім бұрғыламаған) есепке ала отырып, инвесторлармен келісім қалай жасалмақ - ӨБК (Өнімді бөлісу келісімі) түрінде ме, әлде басқаша ма? Қазақстан осы жобадан қандай пайда көреді?
-Бүгінде қазақстандық заңнамада қайта жасалатын келісімшарттар үшін ӨБК түсінігі жоқ. Алайда, сіз жобаның ерекшелігін дұрыс атап өттіңіз. Ерекше жобаның талаптары да ерекше болу керек қой. Сондықтан да «Еуразия» жобасы қатысушыларына берілетін кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар қолданыстағы заңнамаларға сәйкесінше өзгерістер енгізу арқылы заңдастырылуы қажет.
Қазақстанға түсетін пайданы төмендегіше анықтауға болады: Қазақстан мен оның жоба бойынша әріптестері қысқа мерзімде Каспий маңы ойпатының тереңдік құрылымы ерекшеліктері туралы, шөгінділердің, бассейннің қалыптасуы және көмірсутегі ресурстарының әлеуеті жөнінде әлемдік стандарттар деңгейіндегі ақпараттарға ие болады. Мұнай мен газ іздеудің жаңа тиімді бағыттары анықталады, ал, бұл 2030-2050 жылдары алынатын көмірсутегі қорларын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Тағы бір пайдалы жақтары – жаңа ғылыми технологиялар мен инновациялық өндірістер пайда болады; өте терең бұрғылаудың инновациялық тәжірибелерін дамыту; жоғары білікті мамандардың пайда болуына мүмкіндік беретін үлкен көлемде қазақстандық және шетелдік қызметкерлерді тарту.
Жобаны жүзеге асыру, біріншіден, мұнай және газ саласын тұрақты ресурстық базамен, көмірсутегі шикізатының өзіндік «стратегиялық резервімен» қамтамасыз етеді, екіншіден, 15-20 жылдан кейін болуы мүмкін өндірістің төмендеуінің алдын алады, үшіншіден, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы және болуы мүмкін түрлі экономикалық тербелістер кезінде қорғаныс механизмі болады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА