1936 жылғы 8 қыркүйекте шағын Яманка (қазіргі Махамбет) ауылында балықшы Бекештің бесіншібаласы Әбіш дүниеге келді. Әрине, ұлды болған әкенің қуанышында шек жоқ, алайда, ол нәрестенің нәзік жүзіне емірене қарап отырып, осындай отбасы бақытының ойран болуына аз уақыт қалғанын сезген де жоқ.
Сол кездегі нәресте - Әбіш БЕКЕШЕВ қазір облысымызға танымал, құрметті адам. Бізге, журналистерге, әріптес болып келеді. Сондай-ақ, ол – жазушы, эколог, балық өсіруші, оқытушы, филолог. Жалпы, Әбіш ағаны сегіз қырлы, бір сырлы деп атасақ, артық болмас.
- Қазіргі 80 жастағылардың, мәселен, 60 жастағылардан көп айырмашылығы бар екенін байқап жүрмін, - дейді ол.– Біз кішкене өзгешелеуміз...
- Қалай сонда?
-Қазір түсінесің, - деп күмілжіді атай. – Алдымен менің әңгімелерімді тыңдап ал...
Барлығы да сол бір бақытсыздықтан басталды. Бұл қасірет Бекешевтер отбасына соғыс басталмастан бұрын, 38-ші жылы келді. Сол кездегі оқиғалар Әбіш ағаның көп есінде жоқ, сәби болды ғой. Еміс-еміс есіне түскен жайттарды құрастырып, өзінің және өзіне жақын көптеген адамдардың өмірін түбегейлі өзгерткен сол жылдар тарихын баяндап берді.
БАҚЫТСЫЗДЫҚ БЕЛГІСІ
Сол жылы Махамбет аудандық ІІХК-ге (НКВД) жаңа бастық келді. Бұл суыт хабар өңірге тез таралды. Суыт болған себебі, келген адам мейірімсіз, кекшіл адам болатын, оның көзіне мүлдем көрінбеген абзал еді.
...Өзіне сеніп тапсырылған өңірді аралап жүріп, чекист жолдан адамдарды кездестіре алмай таң-тамаша болды. Дегенмен, өзінің Жаманқаланы аралау сапарының аяғында, әйтеуір дегенде, үш мас ер адамды кездестіреді.
Кейін анықталғандай, тек екі адам ғана мас болған. Ал, үшіншісі осы екеуін ұрып-соғып, боқтап, бастықтың жолынан алып кеткісі келіп жүр екен. Бұл - Әбіштің әкесі Бекеш те, екеуі – туған бауырлары.
Бекеш ауылдың көп жігіттері сияқты колхоз артелінің қарапайым балықшысы болды. Бір айырмашылығы, арақ ішпейтін, ақылды, парасатты жан еді. Алайда, жаңа жерге келіп, жұртқа өзінің қаталдығын, бассыздыққа жол бермейтіндігін көрсетуге тырысқан жаңа бастық оны қайдан білсін?
Ол өзін өжет ұстады, алайда, жергілікті жігіттер де осал емес еді, қызу қанды, шамданғыш болатын, не керек, мәселе жаймен шешілмеді. Бекеш өз бауырларын алып кетуге жұлқынды ма, не байқаусызда тиіп кетті ме, не әдейі жұлды ма, белгісіз, комиссардың су жаңа мундирінің ілгегін жұлып алды: аспан түстес көк белгі Махамбеттің бауырмал балшығына былш етті. Төбелес те су сепкендей басылды. Ерегесушілер жан-жаққа тарады, біреуі ауыр уайыммен, екіншісі кек алуды ойлап кетті.
Бір сағат өтпей-ақ, Бекеш үйінің табалдырығында «үштік» пайда болды. Ол үш адамнан - ІІХК бастығы, жергілікті прокурор және ББКП партия комитетінің бірінші хатшысынан құралған соң солай аталатын еді. Ал соттан тыс үкім шығаратын ресми «ІІХК-ның айрықша үштігі» 1937-1938 жылдарда, «тазалау» кезеңінде жұмыс жасаған еді.
Сол келген үштік Бекешті бала-шағасын жылатып, алып кетті. Содан кейін оны ешкім көрмеді.
- Жыл жарым уақыт өткеннен кейін әкеміздің Қиыр Шығысқа, Биробиджан қаласы түбіндегі лагерьге айдалғаны жөнінде хабар келді, - дейді Әбіш аға. – Осы қағазда ол қайтыс болды деп те жазылыпты.
Асыраушысынан айырылған отбасы жартылай аш-жалаңаш өмір сүрді. Жұт жеті ағайынды демекші, қыс қатты болды. Кейін Әбіш ресми құжаттардан 30-жылдардың соңғы қыстары соңғы бірнеше онжылдық ішінде ең суығы болғанын анықтайды. Сол жылдары қанша адам қырылды, ол туралы айтқың да келмейді.
- Соғыс кезінде жағдайымыз одан да мүшкіл болды. Қар астынан үсіп кеткен картопты қазып алғанымыз есімде, бірде анам аштан ба, аурудан ба, неден өлгені белгісіз, сүйегі шыққан бір қозы тауып алып келді. Кейде қаймақ пен сүт іштік, анамыз бір нәрсеге айырбастап әкелді.
Туғандарын да біртіндеп жоғалта бастады. Алдымен әкесі, кейін 1942 жылы Жайықтан өтпек болғанда пионер жетекшісі болып жасайтын апасы Жамал суға кетті. Үлкен ағасы Камал соғысқа кетіп, бірден немістерге тұтқынға түсті.
- Анама туысқандары атынан бірінен соң бірі қара қағаздар келіп жататын: туған інісі, баласы, тағы біреулерден, - деп еске алады қария. – Көмектесетін ешкім қалмады. Анамыздың уайымнан құр сүлдері қалды. Үш баланы асырау үшін не істемеді сорлы анам. Содан кейін... Әлі көз алдымда: анам басындағы шашын уыстап жұлып, өкіріп жылап, біздің аяғымызға қарай жорғалады. Анамыздың есі ауысқанын түсіндік. Бірнеше айдан кейін көз жұмды. Осылайша біз, апам Жәміш екеуміз балалар үйіне түстік. Мен алтыда, ол онда еді. Ал, Сержанды жасы 14-те деп алмады. Сырт қарасаң, бала ғой, оның өмірі өте ауыр болды. Алайда, ол тірі қалды.
ЖАНАРМАЙ ЖАҚҚАН НАН
Әпкесі Жәмішпен біргеӘбіш пен Жәміштің өмірі балалар үйіне келген соң аз да болса, жақсарды. Интернат қабырғасында ұзақ сонар 12 жылы өтті. Бірде «старшак» Колька Афанасьевтің оған және басқа жасы кіші балаларға нанды жанармайға батыртып жегізгені әлі есінде. Темекі тартатын жасы үлкендерге балалар үйінің уақ балалары көшеден темекі көтегін жинап беретін. Яманск балалар үйінің директоры Туфтах ӘБІШЕВКЕ шағымдану еркектікке жатпайтын. Алайда, ол жаны жайсаң жақсы адам болған еді.
- Мен басқа балалар сияқты оны «папа» деп атайтынмын. Ол қарсы болмады, - дейді Әбіш аға. – Алайда оған сөз тасып, шағымдануға намысымыз жібермейтін. Үлкендердің әлімжеттіктеріне өз күшімізбен қарсыласуға бел будық. Бірде Кольканың сазайын бердік. Бәріміз жабылып, аяусыз соқтық. Осылайша сыйластыққа қол жеткіздік.
...Үйлерінде жүрген балалармен салыстырғанда біз тоқ болатынбыз. Интернат дәлізінде қашан да 3-4 бөшке тұздалған орамжапырақ тұратын. Құрқұлақ ауруымен ауырмас үшін балаларға соны беретін. Үйдегілер аштық пен суықтықтан өліп жатты. Кейде біз оларға көмектесетін едік. Бір үзім нан беріп, өзімізді қызықтырған заттарына киім ауыстыратынбыз. Олар қар астынан құмаршық қазып алып, сол жерде ауыздарына тыққыштап жататын.
Интернаттағы кейбір балалардың туысқандары болды. Соларға шәй ішуге барып, кейде қант алып кетудің сәті де түсетін. Ұсталмай аман келсек, кешке оны қайнататынбыз. Ммм... Сол кезде дүниедегі ең тәттіні жеп отырғандай болатынбыз.
САН ҚЫРЛЫЛЫҒЫМ ОСЫДАН
Қандай бақытсыз болғанымызды қазір түсінемін, алайда, рухымыз биік, болашаққа сеніміміз зор еді... 50-жылдары бізге Орал пединститутынан сауатты да әдемі жас мұғалімдерді жіберді. Олар бізге логикадан, астрономиядан сабақ берді, сурет салу мен сызуды үйретті, басқа міндетті пәндерді қоспағанда психологияны да оқытты. Олардың сабырлылықтарына, шыдамдылықтарына алғысым шексіз. Біздің басымызға білім құйып, өздері білетін бар ілімді үйреткендері үшін, бізге мейіріммен қарағандары үшін Алла разы болсын оларға. Кітап оқуға, білімге құштар болуға тәрбиелеген сол адамдар. Яманка балалар үйінен шыққан барлық шәкірттер, менің достарым үлкен, танымал адамдар болды. «Гитлер капут!» деген жазуы бар қабырға газеттерін салатын Әбділдә деген жергілікті суретші баламыз болды. Ол - қазір тарихшы ғалым...
Басбұзар Колька Афанасьев Қарағанды облысына еңбек сіңірген шахтер болды. Тағы кім бар еді... Есімде жоқ. Алайда, шын сөзім, барлығы да нағыз азамат болып, өмірден өз орындарын тапты.
Біз – соғыс перзенттеріміз, біз уайым-қайғыға салынбаймыз, өмірге деген, оқуға, күресуге деген құштарлық, күн сайын алға талпыну өміріміздің соңына дейін сақталатынына сенімдімін. 80 жастағылардың ерекше жандар екенін енді түсіндің бе, қызым?
Анастасия ПАСТУХОВА