Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша Атырау облысында алғашқы рет соңғы бірнеше жылда аналар өлімінің фактілері тіркелген жоқ. Бірақ, балалар өлімі бұрынғыша жалғасуда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТІҢ мәліметі бойынша, облыстық әкімдікте өткен мәжілісте 2011 жылдың 6 айы ішінде бала туу саны 0,3% өсті, ал, жалпы халық арасындағы адам өлімі 0,2% төмендеді. Сәбилер өлімі де 1,7% төмендеді. Облыстық денсаулық сақтау бастығы сендіргендей, жаңа туған нәрестелер арасындағы әрбір өлім жағдайы емдеу алдын-алу кеңесінде талқыланды. Ал, талқылаулардан кейін, біздерге Мәскеу және ана мен бала ұлттық ғылыми орталықтан шақырылған мамандар келді. Балалар өлімінің фактілері аудандарда да сондай-ақ, облыс орталығындағы емханаларда да тіркелген. Сараптама 77 сәбидің перинатальді кезеңде (жүктіліктің 28 аптасы, туу уақыты және босанғаннан кейінгі бір апта), 19-ы жүрек ақауынан, 13-і тыныс алу ауруларынан қайтыс болғандарын көрсетті. Атыраулық дәрігерлердің пікірінше, көп жағдайда жаңа туған нәрестелер анасындағы қатты сырқаттар салдарынан да көз жұмады екен.
Ал, медициналық және фармацевтік қызметті бақылау комитеті департаментінің бастығы Мұрат ҚҰЛБАСОВ үрейлі фактілерді алға тартты. Осы жарты жылда 10 сәби үйдегі орын алған жағдайларға байланысты қайтыс болған екен. Көп жағдай аналарының түнгі мезгілде емізген кезінде орын алған. Күні бойына шаршаған аналар баласын өзімен бірге алып жатып, ұйқыға кеткен кезде тұншықтырып алған. Және бұл жағдай бірінші рет босанған аналарда ғана емес, бірнеше баласы бар тәжірибелі аналарда да кездескен. М.Құлбасовтың пікірінше, балалар өліміне жауапкершілікті учаскелік дәрігерлер де өз мойындарына алуы тиіс, олар түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті.
- Ана болудың қаншалықты маңызды екендігі мектеп қабарғасынан бастап, мәселен, валеология сабақтарында түсіндірілуі тиіс. Ал, емханаларда тәжірибелік сабақтармен қатар бейне роликтер көрсетілуі керек, - деп атап өтті М.Құлбасов. М.Өтепқалиев өз кезегінде бала өліміне жол берген емханалардың бас дәрігерлеріне шаралар алынғандығын мәлімдеді. Жекелеп айтқанда, тәуелсіз сараптамашылар дәлелдеген екі жағдайға байланысты іс прокуратуға жолданған. .
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА