Редакциядан: Биылғы жылдың сәуірінде жарық көрген «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған санына қатысты сот ісі әлі де жалғасуда. Журналдың бас редакторы әрі құрылтайшысы Жарылқап ҚАЛЫБАЙ еңбек ардагерлеріне моральдық зиянды өтеу туралы іс бойынша кассациялық шағым берді.
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын Алматы қаласындағы қарттар үйінде тұратын 13 еңбек ардагері фашизмді насихаттады деген пікірмен әрқайсысы миллион теңгеден өтемақы өндіру үшін Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа талап-арыз берген болатын. Сот олардың талап-арызын қанағаттандырып, 13 млн теңге айыппұл төлеуді міндеттеп, бүкіл елдің алдында кешірім сұрауға қаулы етті. Бұл туралы біз бұрын да жазған болатынбыз («Отқа оранған журнал» жарияланымын қараңыз). Мұнымен келіспеген Ж.Қалыбай апелляциялық шағым берді. Апелляция алқасы салынған айыппұл сомасын 10 есеге қысқартып, 1 млн 300 мың теңге төлеуді міндеттеген болатын. Осыған байланысты Жарылқап Қалыбайды қорғап, журналдың даулы санына қатысты өз ойларын білдірген Атырауға белгілі азаматтар редакциямызға хат жолдады.
Соңғы кезде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында «Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған саны (№8, сәуір, 2014 ж.) төңірегінде әңгіме көбейіп, тіпті, сол басылымды бір топ ақсақалдарымыздың жыртып, отқа жаққаны да белгілі. Алғашында ештеңеге түсінбеген жұртшылық «Апыр-ау, журналдың Гитлерге нөмір арнағаны несі, ол адамзатты қырып-жойған нағыз қаныпезердің өзі емес пе еді?» деп тосырқап, таңқалғаны рас. Бірақ оқиғаның ақ-қарасын анықтап білу үшін әлгі журналға тереңдеп назар аударсақ, онда ұлы авантюрист жаулап алушы фюрерді мақтаған бір ауыз сөз де жоқ екен. Оны журналдың бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың «Біз не үшін Адольф Гитлерді жазып отырмыз?» деген алғы сөзінен де анық байқауға болады. Және де мұқабасындағы «Адамзат қасіреті» деп бадырайтып жазылған айдар да көп нәрсені аңғартса керек-ті.
Сонда әп дегеннен аттанған, өре тұрған ақсақалдарымыз, әңгімені қозғаған ардагерлер нені оқып шошынды десеңізші?! Жоқ, жоқ, журналды оқып шошынған олар жоқ. Тіпті, оқымай-ақ, бар-жоғы «Аңыз адам» Гитлерді жазыпты дегенге «Аты өшсін сол жауыздың» деген ниеттегі байбалам болса керек. Сөйтсек, бас редактор атап көрсеткендей, Гитлерді жазудың екінші себебі «ұлтшылдық-шовинистік идеяны қайта жалаулатып келе жатқан құдайы көршіміз» туралы айтылған сөз саяси мәнге айналып, аузын ашқан қарияларымызға таптырмас «дәлел» болғанға ұқсайды.
Әрине, біз қарияларымызды сыйлаймыз, құрметтейміз, бірақ үлкен кісі де бір бала, кейде істің ақ-қарасына мән бермей, «ал, кеттікке» көне кететіні де бар деген рас екен. Әлгіндей саяси мәнге емес, «әйтеуір, әңгіме Гитлер жайлы» деп қосыла кетіпті. Сол түйін әлі күнге өз мәнін жоймай келеді. Аяғы соттасу, нақақ жазғыруға дейін жетіп отыр. Сонда бұл аңқау елге арамза молданың кері емес пе?
Түсінген адамға – журнал тұтас бір елге тіл тигізіп отырған ештеңесі жоқ, бар-жоғы кейбір ресейлік саясаткерлердің кейінгі кезде ұлттық-шовинистік идеяны өршітіп келе жатқандығы туралы. Ал мұндай әрекет қашанда көршілес елдер үшін аса қауіпті. Сондықтан ол біздің отандастарымызға әрдайым сергектік пен сақтықты қажет етеді.
Ал, сот органдарының осындай жай-лардың ішкі сырына терең үңілмей, «әйтеуір, Гитлерді насихаттағаның рас қой» деп аса мол көлемдегі айыппұлмен тұншықтыруын қалай түсінуге болады?
Сонда тәуелсіз Қазақстан өз алдына егемен ел болғанына 23 жыл өтсе де, әлі де Кремльдің пәрменімен өмір сүре бермек пе? Ұлтшылдық-шовинистік әрекет іргемізді ірітеді, тұтастығымызды бүлдіреді. Одан қорғануымыз керек. Олай болса, біз неге осы маңызды мәселеге мән берген «Аңыз адамды» қорғамаймыз, қолдамаймыз? Әйтпесе, біз қазір «Бассыз үйді қонағы билейді» дегендей, Кремльдің ысқырығымен алтын басымызды бұғау ноқтасына тығып, тұншығудамыз. Біз бассыз емеспіз, әлем аузына алып, санасатын Нұрсұлтан Назарбаевтай саясаткер елбасымыз, саңлақ жетекшіміз бар. Егеменді ел, іргесі берік республикамыз барда ешкімнің қолжаулығы бола алмаймыз.
Кәсіпкер Д.Т. Кемелов,
Инженер-құрылысшы Қанат ЕСІМҒАЛИ,
Кәсіпкер Әнуарбек Далбаев