Атырау, 27 қараша 19:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сібір бекіресі Жайық суына түсіп, ағарып кетті

7 141 просмотра

Қазақстанда алғаш рет ашылған Caspian Royal Fish ЖШС-тің тауарлық бекіре зауыты өздерінің жасанды су қоймаларына сібір бекіресінің 15 000 шабағы мен 60 аналық балығын жіберді. Компанияның әріптесі – «ҚазАгроФинанс» АҚ 31 қазанда кәсіпорынға пресс-тур ұйымдастырды.

Шатастырып алмауларыңыз үшін түсіндіріп өтейін, өңірімізде жұмыс жасайтын екі бекіре өсіру зауыты – Көкарнадағы Жайық-Атырау және Еркінқаладағы Атырау бекіре өсіру зауыты бекіре тұқымдас балықтарды табиғи ортаға жіберу үшін өсіреді. Екеуі де мемлекеттік қазынашылық кәсіпорын болып табылады.

Ал мұнда коммерциялық қызмет атқарылады. Жоба құны 1,164 млн теңгені құрады. Бұл қаржының 789 млн теңгесі Caspian Royal Fish ЖШС-тің өз ақшасы, ал 375 миллионды «ҚазАгроФинанс» АҚ жылына 8,5%-дық шартпен бөлді. Алайда Caspian Royal Fish компаниясы (кәсіпкер Асқар ТАУБАЕВ) да сыйақы мөлшерлемесін субсидияландыру бағдарламасына (операторы – ҚазАгроФинанс) қатысып, іріктеуден өтті. Балық өсіру зауыты үшін жылдық мөлшерлеме 1,5 пайызға дейін түсті, қалған 7% мемлекеттік субсидиялау есебінен жабылады.

Тауарлық бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және тағамдық бекіре уылдырығын алу кешені фин жабдықтарымен жарақталған, алайда голланд технологиясымен жұмыс жасайды. Кәсіпорын өздеріне қажетті бекіре мен шоқыр балықтарды әзірге негізінен Ресейден сатып алып отыр: бұдан сәл ертерек шоқырларды Астраханнан, шабақтар мен аналық балықтарды Башқұртстаннан әкелген еді. Сыртынан қарағанда сібір бекіресі орыс бекіресіне (Каспий теңізі мен Жайық өзенінде мекен ететін) қатты ұқсайды. Тек түстері бөлек: онда қара түс басым. Кешен қызметкерлері бұл ерекшелікті оның табиғи тіршілік ететін ортасындағы өзен суының күңгірттігімен түсіндіреді (бұл түс балықта сол енділікке тән құнарлы да қара топырақтың әсерінен пайда болған).

Қызықты жайт: зауыт өз бассейндеріне Жайықтың тұнған және тазаланған суын пайдаланады. Міне, осы Ақ Жайықтың суында екі ай ғана болған сібірлік бекіре ағарып, өзіміздің бекірелерден еш айырмасы болмай қалыпты («Белуга», яғни ақсерке деп те аталуы осыдан екен ғой!).

Бекіре өсіруші Ахат НИМАТОВТЫҢ айтуынша, белгілі уақыт өткеннен кейін, жаңа ұрпақтар пайда болғаннан кейін, сырттан әкелінген балықтар өздеріне тән қаралықтарынан біржолата қоштасатын болады. Дәмі және басқа да қасиеттеріне оның түсінің әсері болмайды. Зауытта осы өңірде мекен ететін бекіре тұқымдас балықтарды да өсіруді жоспарлап отыр.

Мұнда 30 келіге жуық салмағы бар уылдырықтың алғашқы партиясын келесі жылдың ақпанында алу жоспарланып отыр. Оның бір бөлігін коммерциялық сатуға, бір бөлігін шабақ өсіруге пайдаланады.

Тұйық сумен қамту қондырғысының (ТҚҚ) арқасында бекіре тұқымдас балықтарды өсіру климаттық жағдайлар мен жыл мезгілдеріне тәуелді емес. ТҚҚ көмегімен су температурасы мен оттегі құрамын реттеп отыруға болады. Осындай жағдайларда – тұрақты температура мен үзбей қоректендіру арқасында балық жылына екі рет, тіпті, биологиялық түріне байланысты одан да көп уылдырық шаша алады.

Мұнда өнім шығару көлемін жылына 1 тонна уылдырық және 50 тонна балыққа жеткізуді жоспарлап отыр.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

4 қараша 2014, 14:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.