«Теңізшевройл» үшінші буынды зауыт (ҮБЗ) құрылысына кіріседі. Қазанның аяғында компания алдын ала құны 40 миллиард доллар шамасында болатын осынау ауқымды жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау жөнінде қоғамдық тыңдау өткізді.
ЖОБА ТУРАЛЫ
Келешек кеңею жобасы (ККЖ) 2019 жылға жоспарланған құрылыс аяқталғаннан кейін мұнай өндіруді қазіргі жылына 24-тен 36 миллион тоннаға дейін өндіруді көбейтуді қамтамасыз етеді. Өндіруді көбейтуден басқа, жоба шикі газды қабатқа айдау қуаттылығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
ККЖ негізгі нысандары:
Қысымды көтеру жүйесі (ҚКЖ)
Алаңы 1,2 х 1,3 шақырым болатын үшінші буынды зауыт
Үшінші буынды шикі газды айдау (ҮБШГА)
Жинау және айдау жүйесі, бұталы ұңғымалар
Суды айдау жүйесі
Жаңа «Өркен» вахталық поселкесі
Өндірісті басқарудың біріккен орталығы
Құрылысты басқару учаскесі (ККЖ базасы)
Мақсаттық өнеркәсіпішілік жол
Жаңа вахталық «Өркен» поселкесі ҮБЗ үшін арнайы салынатын болады. Ол қазіргі ТШО вахталық поселкесіне тығыз орналасады. «Өркен» 5000 адамға арналған, кеңею мүмкіндігі бар. Алғаш рет ТШО-ның жобалары үшін үшінші буынды зауыт құрамында күкірті бар ілеспе (сұйытылған көмірсутекіті) газ дайындау қондырғылары да, күкірт өндіретін қуаттылықтар мен оны сақтау алаңдары да болмайды: өндірілген газды 100 пайыз кері айдау жоспарланған.
– Бұл экология қамы әрі қабатішілік қысымды ұстап тұру мүмкіндігі, - деп хабарлады тыңдауда ТШО-ның жаңа жобалары бойынша бас менеджері Роки БРЕННЕН.
ҚЫЗАТЫН ШАҚ ЖӘНЕ ҚҰЛДЫРАУ КЕЗЕҢІ
– Құрылыс қызған уақытта 20 мың жұмыс орны құрылатын болады. Оның 15 мыңы Теңіз кенішінде, бес мыңы Маңғыстау облысындағы өндірістік алаңдарда болады. Бұдан басқа, жобаның мультипликативтік әсері бар, - деп мәлімдеді «Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ, қазақстандық зауыттарда модульдерге тапсырыстарды ішінара орналастыруды меңзеп. Түсіндіріп өтейін, зауыт – модульдік құрастырылымды, модульдің жалпы салмағы 253 мың тоннаны құрайды. Жекелеген модульдер салмағы – 300-ден 1 800 тоннаға дейін. Оларды Теңіз кенішіне теңіз арқылы және көлік жолымен тасымалдау қарастырылған. Артығалиев арасалмағын нақтыламады, бірақ жобаның техникалық күрделі екенін және қазақстандық дайындаушылардың тәжірибесі жоқтығын ескерсек, тапсырыстардың негізгі бөлігі әдеттегідей Қазақстаннан тысқары орналасатын болар. Атырау облысының өзінен 15 мың жұмыс орнын ашуға келер болсақ, құрылыстың қызған шағының нақты мерзімі бар екендігі, Теңізге уақытша жұмылдырылған мыңдаған адамдардың ол жұмыс біткен соң қайтадан жұмыссыз қалатындығы белгілі.
АТЫРАУ«КУРОРТЫ»
Келешек кеңею жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалауды «Теңізшевройл» тапсырысы бойынша «Қазэкожоба» ЖШС орындады.
Бұл едәуір қызықты талдама. Менің пікірімше, ең маңызды сәттерді келтірейін.
Атмосфералық ауа жағдайы
Мердігердің пікірінше, шығарылатын заттар концентрациясы бүкіл ТШО нысандары үшін жиынтықты – бүгінде рұқсат етілген шекті мөлшерден аспайды. Бұл нысандар – Теңіз газ өңдеу зауыты (КТЛ-1, КТЛ-2), Екінші буынды зауыт (ЕБЗ), Шикі газ айдау (ШГА), Жинау және айдау жүйесі, «Шаңырақ» және ТШО вахталық поселкелері. Мәселен, Теңізге жақын Жаңа Қаратон (87 км) поселкесінде шығарындылар концентрациясы рұқсат етілген мөлшерден 2,5 есе төмен. Айта кетелік, мердігер «Атмосфераның ластану индексінің (АЛИ) мәнісі» санаты бойынша қызықты зерттеуге сүйенді. Осы мәліметке сәйкес, Теңіз маңындағы АЛИ төмен. Мәселен, Қазақстанның «жасыл өкпесі» Көкшетауда бұл көрсеткіш 0,3, Атырауда – 4,8, Алматыда – рекордты 11,5, тіпті қолайсыз Өскеменнің өзінде 7,6 көрсеткішті құрайды. Ал Теңіздің вахталық поселкелерінде атмосфера сапасы шипажайдың ауасындай – 1,4, Теңізге жақын Жаңа Қаратонда – 1,5 көрсеткішті құрайды. Неліктен Атырауды кеудені кере тыныс алуға болмайтын қалаға жатқызады? Сөйтсек, Алматымен салыстырғанда бізде шипажай ауасындай екен. «Қазэкожоба» жауап береді.
Атмосфералық ауаға әсерін бағалау
ККЖ шығарындыларының үлесі ТШО шығарындыларының жалпы көлемінде 25 пайызды құрайды. ККЖ шығарындылары негізінен электр энергиясы мен бу алу үшін таза табиғи газды өртеумен шартталған. Шығарындылардың әсер ету аймағы санитарлық-қорғаныс аймағының мөлшерінен аспайды.
Шығарындылардың теңіз бен топыраққа әсерін бағалау
Атмосфера түсімдері топырақ пен теңіздің өзгірісін тудырмайды. ТШО көздерінен күкірт пен азот түсімінің негізгі массасы жұмыстар жүретін аумақпен шектелген. Күкірт түсу бойынша ТШО-ның Каспий теңізінің акваториясына әсері – жалпы ағымның 1 пайызы, азот түсімі бойынша – 2 пайыз.
Су бұру бойынша әсерді бағалау
Сарқынды суларды айдауды жалғастыру Каспий теңізіне әсер етпейді. Сарқынды суларды айдау көлемі тәулігіне 6000 текше метрден тәулігіне 12000 текше метрге дейін көбейеді. Айта кетейін, ұснылған картаға сәйкес, өнеркәсіптің сарқынды суларын айдау учаскесі Каспийден 15 шақырым жерде орналасқан және бір жарым километр тереңдікте жатыр.
Қалдықтар әсерін бағалау
Бар полигондардың құрылымдары мен ахуалы ҚР құрылыс және санитарлық нормаларына сай келеді. Полигондардың қоршаған ортаға тікелей әсері аз. «Қазэкожоба» ЖШС мәліметтері бойынша, ТШО қалдықтарды пайдаланудың үздік әлемдік тәжірибесін қолданады. Өйткені ҚОӘБ-де бекітілгендей, бүгінде компания пластиктердің, аккумулятор батареяларының, резіңке дөңгелектердің, электроника, картон қалдықтарын, металл сынықтарын өңдеуді, құрамында мұнайы бар қалдықтарды биологиялық тазартуды жолға қойған. Мерзімі өтіп кеткен химикаттарды ТШО өртейді немесе термикалық өңдейді.
Флора мен фаунаға әсерін бағалау
ККЖ жүзеге асыру экожүйенің қайтымсыз өзгерістерін, түрлі құрамның кедейленуін және мекендеу аймағының едәуір азаюын тудырмайды.
БӘРІ ӘДЕТТЕГІДЕЙ
ҚОӘБ негізгі тұжырымдамасы «Бриллиант қол» фильміндегі Леликтің: «Бәрі жақсы күйде болады!» деген сөзін еске салады. «ТШО өндірісімен бірігіп, ККЖ нысандарын салу және пайдаланудың жоспарлы қызметі санитарлық-қорғаныс аймағынан тысқары табиғи ортаға және тұрғындар денсаулығына айтарлықтай теріс әсер тигізбейді. ТШО шығарындылары ККЖ-ні қоса алғанда, Каспий теңізінің сапасына әсер етпейді. Бұл ғылыми дәйектеме барысында расталған (мұндай дәйектеме қандай тәсілмен жасалатындығы түсіндірілмеді – З.Б.). Экожүйеге негізгі әсер бөлінген жер аумағымен шектелетін болады. Әрі қарай құнарлығын қалпына келтіру үшін топырақтың жоғарғы қабатын түсіріп алып, сақтауды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тұрғындар өмірінде көп салада, ең алдымен экономикалық салада жақсы өзгерістер күтіп тұр. Жылыой ауданы тұрғындарының денсаулығы үшін қауіп қолайлы аймақта тұр».
Егер қысқаша айтсақ, бәрі де әдеттегідей – қауіп бар, бірақ елес секілді. Ал тиімділігі айдан анық, айтарлықтай: жоба жүзеге асқан жағдайда жергілікті халықтың бір бөлігіне тұрақты жалақы болады, ал инвесторларға миллиондаған табыс түседі. Дегенмен, осы екі тұжырым жер қойнауын игерушілердің бәрінің қоршаған ортаға әсерді бағалау зерттеулеріне тән. Алайда оларды түрлі мердігерлер әзірлейтін секілді. Дегенмен, ТШО-ның орындаушыны таңдауда тұрақты екеніне қызықпасқа болмайды. «Қазэкожоба» ЖШС осы компания үшін 1998 жылдан бері ҚОӘБ әзірлеп келеді.
ДИАРОВТЫҢ КЕҢЕСІ
Баяндама оптимистік тұрғыда айтылғанымен, құрамында 20 пайыз күкіртсутегі бар мұнай өндіруді көбейту қауіпті күшейтетіні сөзсіз.
Тыңдауды ұйымдастырушылар үшін бірқатар жауапты сұрақтарды «Глобус» ҮЕҰ жетекшісі Галина ЧЕРНОВА қойды:
– Неліктен Теңізде қанша ұңғыма бұрғыланатындығы туралы жұртшылыққа ақыры хабарланған жоқ? Неліктен бұл құпия болып отыр? Нелітен құны бір кездері 6,9 миллиард доллар деп бағаланған жобаның құны кенеттен 40 миллиард долларға өсіп кетті? Оның қанша тұратыны бізге бәрібір болар еді. Бірақ Қазақстанға бұл шығындарды мұнайды сату есебінен өтеуіне тура келеді ғой. Жалпы, өңірдің осындай нәзік экологияға түскен жүкті көтере алатындығына сенімді дәлел жоқ. Сондықтан бізде мынадай қауіп туындап отыр: бір күні біздің бәріміз республикадағы алғашқы экологиялық қашқындарға айналмаймыз ба?..
Академик Мұфтах ДИАРОВ ТШО менеджерлерін Теңіз кенішіндегі коллектордың қазіргі жағдайы туралы сұрақтармен ұзақ қинады. Ол коллектордағы қысым деңгейінің нақты цифрына зорға қол жеткізді. Шетелдік басқарушылардың бірі хабарлағандай, игеру басталғанан бері кеніште ол локацияға қарай 850-950 атмосферадан 450-500-ге дейін түсіп кеткен екен.
Диаров, сондай-ақ, осы жылдар ішіндегі қабатқа кері айдалған газ көлемін білгісі келді. Осы сұраққа жауап әзірлеу үшін ТШО мамандары уақыт сұрады.
Көңілі қалған академик компания әкімшілігіне мамандарды қайтадан диплом алуға жіберуді ұсынды:
– Олар жалақыны босқа алып отыр, сіздер маған осы тыңдауға кез-келген сұраққа жауап беруге әзір мамандарды тартуға уәде бердіңіздер. Тағы да әзір емес. Қайтадан оқуға кетсін.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА