Түркия, Ресей, Норвегия, Қазақстанның кәсіподақ көшбасшылары.Атырауда өткен бес елдің – Түркияның, Ресейдің, Норвегияның, Қазақстан мен Әзірбайжанның кәсіподақ көшбасшыларымен кездесу кезінде норвегиялықтардың бірі инвесторлар мен биліктер жақ ашпайтын жайт туралы айтты. Қазақстанда экспаттарға үшінші елге келгендері үшін коэффициент төлейді екен.
ҚАЗАҚСТАН, ТАНЗАНИЯ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Бір деңгейдегі, алайда түрлі азаматтықтары бар мамандардың еңбекақыларындағы айырмашылықтар осы фактімен түсіндіріледі.
Көптеген еңбек дауларына еңбекақы төлеудегі осындай алалаушылық себеп болады.
– Сіздің елдерде осындай алалаушылық белгілері бар ма? –деп сұрадым мен новергиялық және түрік делегациясының өкілдерінен.
Норвегиялықтар өздеріне Қазақстандағыдай фактілердің белгілі екенін мойындады. Норвегияда бұл мүмкін емес екен – ол жерде еңбекақыны мемлекет барлық салалалар деңгейінде кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен реттейді. Абсолюттік мәнде шамалы ғана айырмашылық болуы мүмкін – басқа елге келетін және сол жерге отбасын алып келетін маманның шығындары ескеріледі. Алайда шетелдік мамандар Норвегияда белгілі бір мамандық саласында ғана тартылады екен, ал олардың саны аз.
– «Статойл» компаниясында (норвегиялық мемлекеттік мұнай компаниясы), мәселен, барлық жалақы реттелген, сен шетелдіксің бе, әлде норвегиялықсың ба, бәрі бірдей. Теңіз қондырғыларында жұмыс істейтіндер азаматтығына қарамастан 47 пайызға көп алады. Немесе біздің маман, мәселен, Танзанияға баратын болса, ол да көбірек алатын болады, - деді «Статойл» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гаир НИЛЬСЕН.
«Статойл» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гаир НИЛЬСЕН.– Яғни, ол жерде еңбекақыны есептеу кезінде «үшінші елдер» коэффиценті қолданылады екен ғой. Қазақстан сіздің мамандардың еңбекақысын төлеуде осы санаттағы елге кіреді деген сөз бе?
–Иә, осы коэффициент Қазақстанға да қолданылады,– деп мойындады Нильсен.
–Алғашқы жылдары біздерде шақырылған мамандармен тілдік кедергілер болды. Біздің кәсіподақ бірден норвегиялық тіл біздің елімізде мұнай-газ операцияларының тілі болу керек деген шарт қойды. Біз бұл тілдің ағылшын тілі болуын қалайтындармен үнемі күрес жүргіземіз, - деп қосып қойды Industry Energy кәсіподақ хатшылығының жетекшісі Эспен ЛЁКЭН.
–Орта және жоғарғы менеджменттің жоғары білікті мамандарын шетелден шақырғанда олардың жергілікті мамандардан көп ала алатынын түсінеміз, бірақ жоғарғы буындағы экспаттар саны проблема тудырмайды, олар бірен-саран ғана, - деді түрік халықаралық кәсіподақтар ұйымының жетекшісі Риза КОСЕ.– Қазір Түркияда проблема басқаша: нарықты Сириядан, Ирактан келген мигранттар толтырып тастады. Бұлар соғыстан қашқан адамдар ағымы. Бұл арзан жұмыс күші, әдетте, заңсыз болып келеді.
ӘЗІРБАЙЖАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Әзірбайжандық кәсіподақтар өкілдері жергілікті және шетелдіктердің еңбекақыларын төлеу жағдайы қазақстандықтарға жақын екенін мойындады. Алайда Әзірбайжанның мұнай және газ өнеркәсібі кәсіподағы соңғы жылдары кадрлық саясатқа белсенді қатысуға тырысуда.
– Биылғы жылдың 1 қыркүйегінде Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы мен Әзірбайжандағы халықаралық мұнай-газ жобаларының операторы - британдық ВР (бұрынғы British Petroleum. – З. Б.) компаниясы адам ресурстарын дамыту мен республиканың еңбек нарығын қорғау саласында екі құжатқа қол қойды. Бірінші келісімде ұлттық кадрларды жұмысқа тарту, екіншісінде – жергілікті жұмыс күшін оқыту саласындағы ынтымақтастық қаралады, – деп түсінік берді менің сұрағыма Әзірбайжан мұнай және газ өнеркәсібі жұмысшыларының республикалық кәсіподақ комитетінің бөлім меңгерушісі Эльданиз РЗАЕВ. – Жергілікті және шетелдік кадрлардың еңбекақыларында бәлен есе айырмашылық болмауына қатысты еңбекақы төлеу мәселелері де осы құжатта ескерілген.
ӘЗІЛ ӨЗ АЛДЫНА
Осы тұрғыда ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Тілекқабыл ҚАБДОЛОВТЫҢ оптимистік баяндамасы («Бүгінде Қазақстан дүние жүзіндегі жетекші мұнай өндіруші 15 елдің қатарына кіреді. Мұнай мен газ өндіру үш есеге артты, 2013 жылы 81,8 млн тонна қара алтын өндіріліп алынды») шынын айту керек, кейіпсіз көрінді.
Айта кетелік, Атырауда құрылған салалық кәсіподақ ол құрылған 10 жыл ішінде «Теңізшевройл» және NCOC секілді компаниялардың кәсіподақ ұйымдарына кіре алмады. Ең таң қаларлығы, біздің кәсіподақ көшбасшымыз бейбіт баяндама алмасу мен ресейлік және қазақстандық делегация тарапынан суып қалған арақ туралы әзілді бұзған сұрағымды елемеуге ұсыныс жасады.
Күтпеген жерден мені Әзірбайжан өкілі қолдап, соның арқасында барлық сұрақтарға жауап алынды.
ЛИВИЯ МЕН ИРАКТЫҢ ҚАРҒЫСЫ
Бұл халықаралық конференция мұнай-газ секторындағы IndustriALL Жаһандық одақтың Каспий маңы кәсіподақтар жүйесі қамқорлығымен өткізілді. Жаһандық халықаралық IndustriALL кәсіподақтар федерациясы бүгінде бес континенттегі 140 елдің тау-кен өндіруші, отын-энергетикалық және өңдеуші салалардың 50 млн-нан астам жұмысшыларының мүддесін қорғайды.
IndustriALL энергетикалық секциясының директоры Джим КАТТЕРСОНпайымдаудағы шынайы геосаяси тәуелсіздіктің үлгісін көрсетті:
- Мұнай сарқылмайды, бірақ оңай өндірілетін арзан мұнай бітетін шығар. Дүние жүзіндегі өзіндік өндіру құны - барреліне 10 доллардан аспайтын жалғыз арзан мұнай қоры Ирак пен Ливияда бар. Ол жерлерде не болып жатқанын қараңыздар. Бүгінде мұнай бағасының күрт төмендейтіндігі тақырыбында пікірталастар көп. Бұған бірнеше факторлар әсер етуде: бағаларды әлемдік саяси ахуалдың өзгерістері, Еуропа экономикасындағы құлдыраудың жалғасуы, нарықтағы алыпсатарлық келісімдер төменге тартуда. Ең басты фактор – Сауд Арабиясы қабылдаған шешім. Мұнайдың арзандағанына қарамастан, бұл ел нарықтағы өз үлесін жоғалтуға әзір емес. Сондықтан оны анағұрлым төмен бағамен сатып алушыларға жеткізуді жалғастыруда. Сауд Арабиясы – ОПЕК (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) мүшесі – төмен бағалар өндірушілерді жаңа инвестицияларды уақытша тоқтатып, терең суасты өндіру секілді жобаларды, бәлкім, тақта тасты кеніштерді игеруді доғаруға мәжбүр етуі мүмкін деп үміттенеді. Сондықтан Сауд Арабиясы нарықтың көп үлесін, соның ішінде АҚШ-тағы революциялық тақтастас жобаларын жаулап алу үшін тағы бір-екі жыл мұнайдың төменгі бағасымен өмір сүре тұруға әзір. Арзан нарықты арзан мұнаймен толтырып отырған Сауд Арабиясы қазіргі әлемдік жағдайда пайданы саудаласуға қабілетті, тіпті баға – бір барреліне 20 долларға дейін түссе де, - деп мәлімдеді Каттерсон. Оның көмірсутек әлеміндегі шынайы көріністі анық білетіні көрініп тұр. – Бір тәулік ішінде Ресей 13,6 млн баррель мұнай, АҚШ – 12,9 млн, Сауд Арабиясы – 11,7 млн баррель өндіреді. Алайда американдықтар таяу уақытта бұл көріністі түбегейлі өзгерте алады. Көлденең-көлбей бұрғылау және қабатты гидрожару технологиясын зерттеу және енгізу арқасында бұрын зерттемелері экономикалық тұрғыда мақсатсыз болған кеніштерді игеру мүмкін болды. Егер өндіру өсімінің қарқыны сақталса, онда 2016 жылы Америка Ресейді шикі мұнай өндіру көлемі бойынша қуып жете алады және өз қажеттіліктерінің жартысын жаба алады.
Осы алаңдағы Түркияның рөліне түсінік берген Каттерсон: «Бүкіл мұнай құбыры Жейханға апарады» деген белгілі нақыл сөзді қайталап берді:
– Түркия да мұнай-газ саласында маңызды ойыншы. Ол өндіру орындарын Батыстағы нарықпен байланыстырып, транзиттік қызмет атқарады.
Естеріңізге салсақ, бір жыл бұрын түріктер мұнай айдауға жоғарғы тариф сұрағаннан кейін бес жыл үзілістен соң ТШО Баку - Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы мұнай тасымалдауды жалғастырған болатын.
ҚАЗАДАН СОҢ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫ
Каттерсон сонымен қатар, Жаһандық кәсіподақтың Каспий өңіріндегі трансұлттық компаниялар картасын жасауды, оның құрамында жоқ компанияларды тартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
– Біздің мақсатымыз – әлеуметтік тұрақтылық, еңбекшілердің құқығын құрметтеу, еңбек қорғау және қауіпсіздік деңгейін арттыру, гендерлік теңдік. Каспий маңы өңірінде мұнай мен газ өндірушілермен қосқанда, Ірі трансұлттық корпорациялармен бірқатар жаһандық келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер жұмыс жасайтын кәсіподақ мүшелерінің негізгі құқықтарын нығайтады, кәсіподақтар мен компаниялар арасында сеіктестік векторын жасайды. Мұндай келісімдер норвегиялық «Статойл», ресейлік «ЛУКОЙЛ», итальяндық «Эни» компанияларымен жасалды. Олардың бәрі Каспий өңіріне жақсы жағынан таныс. Француздық «Тоталь» энергетикалық компаниясымен осындай келісім жасау жұмыстары жүргізілуде. Бірақ оған қол қою компанияның бас директоры Кристоф МАРЖЕРИДІҢ қайғылы қазасына байланысты кейінге қалдырылған.
Екі күндік конференция қорытындысы бойынша кездесуге қатысушылар Каспий маңы өңірінде жұмыс жасап жатқан трансұлттық компаниялардың жұмысшыларына арналған әлеуметтік стандарттар туралы декларацияны қабылдады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор