Атырау, 4 қазан 17:00
 ашықВ Атырау +16
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Испанияны тамсандырған пианистер

3 171 просмотра

Нұрпейісова атындағы музыка академиясының оқушылары каникулда демалу дегенді ұмытқан, жақында ғана олар халықаралық «Fiestalonia milenio» фестивалінен оралды.

«Fiestalonia milenio» – еуропалық маңызы бар көп жанрлы байқау. Оған түрлі елдерден, оның ішінде бұрынғы одаққа мүше елдерден де орындаушылар қатыса алады. Байқаудың ұйымдастырушысы испандық Fiestalonia фестиваль комитеті. Фестиваль жүлдесін жеңіп алу үшін байқауға түрлі өнер ұжымдары мен жеке орындаушылар үлкен үмітпен келеді. Әділқазылар алқасының құрамына Испания, Франция, Канада және ТМД елдерінің мәдениет қайраткерлері кіреді.  

Атырау облысының атынан Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясының оқушылары: 4 курс студенті  Бақыт ШАКИМОВ, халықаралық және республикалық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты, академияның 2 курс студенті  Ләззат КЕНЖЕҒАРИНА және 2-ші сынып оқушысыАлтынай ҒАБИТОВА өнерлерін көрсетті. Олар осы фестиваль үшін қазақ әуенінің бар болмысын толық жеткізе білетін бағдарлама дайындады. Ләззат Бизенің «Кармен» операсын және қазақстандық композитор Әділ БЕСТІБАЕВТІҢ пианино үшін жазылған джаздық өңдеуден өткен домбырадағы күйлерін ұсынды, Бақыт болса, қазылар алқасының назарына «Қамажай» және «Қазақ биі» джаздық варацияларын орындады. Ал, біздің ең кіші байқауға қатысушымыз 8 жастағы Алтынай бірден 6 шығарма орындады, оның ішінде көп көңілінен шығатын «Дударай» да болды. Біздің қатысушыларымыздың өнеріне риза болған қазылар алқасы оларға тек фестивальдарға ғана емес, байқауларға да қатысып, өнер көрсетуге кеңес берді. «Бұрын пианиношыларымыз музыка академиясы ашылғанға дейін республикалық деңгейдегі байқаулардың өзінде нашар өнер көрсетіп жүрді. Ал, бүгінгі таңда біздің облысымыздың пианинашылар мектебі жаңа жоғары деңгейге көтерілді деп айтуға болады, - дейді

Д. Нұрпейісова атындағы халық музыка академиясы жанындағы балалар музыка мектебінің оқу бөлімінің меңгерушісі Гузель БӨЛЕКБАЕВА. – Балалар үшін жаңа әлем ашылғандай болады. Олар өздерінің орындаушылық деңгейін басқа елдерден келген таланттармен салыстыра біледі. Олардың дайындығын көреді. Батыста өнермен кішкене кезінен бастап айналысуға аса үлкен мән береді. Бізде де дәл осындай көзқарастар қалыптасуда, олай дейтінім, осы сапарға балалардың ата –аналары  қол ұшын берді. Әсіресе, Алтынайдың анасы көмегін аямады». Фестиваль қатысушылары өздерін көрсетіп қана қоймайды, әлемді аралауға мүмкіндік алады. Бірнеше күн ішінде олар Барселонаны аралап, Фигерас қаласындағы Сальвадор Дали мұражайын тамашалады. Кейін Францияда, Ницца және Канн, Монте-Карлода болды. Бұл саяхат Италияда жалғасты. Олар атақты Сан-Ремода болды. Соңында олар испандық ежелгі қамал Ла Сиестада өз саяхаттарын аяқтады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 тамыз 2011, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.