Атыраулық биші Мырзахан МЫҢБАЕВ таяуда ғана Волгоград қаласында өткен халықаралық «Музыкальная волна» байқауында Үлкен кубокті жеңіп алып, бірінші орынға ие болды.
Мырзахан – Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясындағы балетмейстер Талғат ҒАТАУОВТЫҢ болашағынан үміт күттіретін оқушыларының бірі. Ақтөбе мен Астраханда өткен халықаралық байқаулардан кейін ол жыл сайын Волгоградта өтетін «Музыкальная волна» байқауына қатысуға шақырту алды. Ал, осы байқаудағы теңдесіз жеңісінен кейін оны 2012 жылы қаңтарда Санкт-Петербургте өтетін халықаралық байқауға шақырды. Балетмейстер Ғатауовтың айтуынша, Волгоградта өткен байқау маңызды және өте қиын болған екен. Би сайысына ТМД елдерінің ең таңдаулы деген бишілері қатысқан. Қазақстаннан «Классикалық балет» номинациясы бойынша тек біздің Мырзахан ғана өнер көрсеткен. Ал, Талғат Ғатауовтың өзі байқаудың үздік балетмейстері деген дипломға ие болды.
Санкт-Петербургтағы байқаудан соң келесі жылдың ақпан айында Мырзахан Мыңбаев арнаулы шақырту бойынша өзінің оқытушысымен бірге іріктеу турына қатысу үшін Берлинге бармақшы. Осы сынақтан көзге түсетін болса, біздің биші жігітімізді Германияның балет студияларының біріне оқуға шақыруы мүмкін.
Анастасия ПАСТУХОВА