Атырау, 10 желтоқсан 09:08
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Зауыттың болашағы бар ма?

3 793 просмотра

Индербор поселкесіндегі «Промстройцентрсервис» ЖШС кірпіш шығарумен үш жылдан бері айналысып, сұраныс жылдағыға қарағанда көбейе түскен. Бірақ зауыттың жайы күмәнді күйде қалып тұрғанын басшылықтың өзі де жасырмайды.

Серіктестік құрылғанынан бастап айтпағанның өзінде соңғы үш жылда гипс кірпішін шығару және құрылыс материалдарын сатумен айналысып келеді. «Көктем» мөлтек ауданында тұрғын үйлердің арасында орналасқан зауытқа жұртшылық тарапынан қарсылық та болған. Гипстер ашық алаңда шашылып жатыр, шу көп дегендей... Бірақ тұрғындар талабын орындаған зауыт иелері соңғы кезде «достастық» қалыпта. Жергілікті гипстен кірпіш дайындап жүргендер машақатын да айтпай кете алмады. Таудан әкелінген гипсті уату, күйдіру, су қоспасымен арнайы қалыппен кірпіш дайындау әдісімен отыздаған жұмысшы айналысуда. Жұмыс аусым негізінде емес, кәдімгі бюджеттік қызметкерлер сияқты бес күндік болып белгіленген. Еңбекақысы әртүрлі, кірпіш шығаратындардың айлық жалақысы елу мың теңгеге дейін жетеді, ал жүргізушілер бұдан төмен алады.

- Жасыратын түгі жоқ, бұған дейінгі екі жылды шығынмен аяқтадық. Биыл қарызданбауға күш салудамыз. Жарық пен судың қымбаттығынан пайда табудың өзі қиын. Қазірдің өзінде ай сайын екі млн. теңгедей ақша су, газ, жарық, еңбекақыға жұмсалып тұр. Жылдағыға қарағанда кірпішке сұраныс көбейді, тіпті үлгере алмай жатырмыз. Ал сұраныстарды орындау біздің міндетіміз, - дейді «Промстройцентрсервис» ЖШС директоры Абай ЕРМҰХАНОВ.

Ауданда гипс кірпішінен үй салу көбейген, тіпті атыраулықтар мен Батыс Қазақстан облысы қатты қызығушылық танытуда. Директордың айтуынша қайыршақ тасқа қарағанда бұлардың кірпіштері әлдеқайда сапалы көрінеді. Гипс кірпішінің құрамында зиянды түк жоқ, гипс және 75 пайызы су ғана. Салқын мен ыстықтан қорғайды және бағасы да арзан. Жергілікті индерліктер қайыршақ тастың бір данасын тасымал құнымен 125 теңгеге алса, гипс кірпіші 70 теңге ғана. Ал зауыт тәулігіне бес жүз дана кірпіш шығаруда.

- Зауыттың болашағына қатты алаңдаймыз, құрылтайшымыз Астанада. Тек кірпішпен зауытты ұстау мүмкін емес, сондықтан құрылыс материалдарын Ресейден, Қазақстанның түкпір, түкпірінен әкеліп сатудамыз. Болашақта зауыт өз деңгейінде жұмыс жасау үшін ойластыру істері қолға алынуда. Әзірге бәрі құпия, іске асса бәрі белгілі болады. Ал жұмысшыларды кәсіпсіз қалдыру ойымызда жоқ, - дейді А. Ермұханов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

4 тамыз 2011, 23:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.