Индер аудандық прокуратурасы М. Сиранов атындағы орта мектептің директорына тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады.
Не үшін дейсіз ғой, Индер ауданы прокурорының міндетін атқарушы Мақсат ШАРИПОВТЫҢ мәлімдеуінше, тапсырыс беруші, яғни мектеп директоры Захи Ахметжанов мердігерден тұрақсыздық айыбын есептеп, өндіріп алу және сотқа талап арызбен жүгінбегені, укілетті органға мәлім етпегені үшін жазаланған. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық Самалында» «Көлік те жоқ, Ким де жоқ» деген мақала жарияланған болатын. Белгілі болғандай, қысқаша мәлім етсек, М. Сиранов атындағы орта мектепке «УАЗ» машинасын алу керек болады. Мемлекеттік сатып алудың баға ұсыныстарын сұрату тәсілі арқылы өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындысымен жеңімпаз болып алматылық жеке кәсіпкер Анатолий КИМ танылады. 2010 жылдың 12 шілдесінде Ким мен Ахметжанов сырттай келісім шартқа отырады. Мердігер мен тапсырыс беруші барлық құжаттарды ұшақ арқылы және ұялы телефон байланысымен жүзеге асырған болатын. Бұл заңға сәйкес шаралар болғандықтан мектеп директоры одан секем алмайды. Компьютер арқылы жеңімпазды тану әдісі әлі де бар және төмен бағаны қойса аттап кете алмайсың. Сөйтіп, көлікке қаралған қаржының келісім шарттың тәртібі бойынша елу пайызын, яғни 965 мың теңгені Кимнің шотына аударып жібереді. Содан бері көлік те жоқ, Ким де де жоқ болып кетеді. Тіпті сырттай сот болып Ким айыпты деп танылып, оған іздеу жарияланады. Веб-порталдың арқасында «таяқ» жеген директор айналғанда кінәлі болып шықты.
- Бұл бар адам, барлық құжаттарымен банк арқылы қаржыны алып отыр ғой. Естуімше Ким менен басқаларды да жер соқтырып кетті деп естігем. Бірақ жазықсыз жапа шегу, көліктен айрылу маған оңайға соғып отырған жоқ, - дейді М. Сиранов атындағы орта мектептің директоры Захи АХМЕТЖАНОВ.
Веб-портал арқылы жеңімпаз танылған бәймәлім алаяқтар көбейген соң енді сұратқан затың келмейінше қаржы аударылмайтын болды. Бұл биылдан бастап жүзеге асуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА