Атырау, 27 қараша 19:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Еділдің бойы ен тоғай

6 051 просмотра

Күзде атыраулықтар көңіл көтерудің жаңа әдісін - Астраханның орманынан саңырауқұлақ теріп қайтуды байқап көрді. Бұл шындығында қызықты ма, ол жерде қандай саңырауқұлақтар өседі және саяхат кезінде қала тұрғындарын қандай қауіп күтеді, осы туралы репортажымызды ұсынамыз.

Қауіп туралы қысқа да нұсқа айтайын, бұл – тас жол. Ойдым-ойдым шұңқырлы жолға, апатты жағдайлар туғызатын ала құйын жүргізушілерге балағат сөздер айтпау қиын-ақ шығар. Көрші елге аман-есен жеткендерге қошемет дейін, ал, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге шынайы өкініш білдіремін.

Дегенмен де, жүйке жұқарып, уақыт жоғалтқанмен, Астрахан орманының күзгі бейнесі мен саңырауқұлақтардың көптігі мұның бәрін ұмыттырып жіберді. Бәрін ретімен баяндайын.

 

ТҰМАНДАҒЫ СИЫР

Саңырауқұлағы көп жерді көрсетуге бірнеше жыл бұрын Ресейге тұрақты мекенжайға қоныс аударған атыраулық отбасы көмектесті.

КАНЦЕВТАРбізді құшақ жая қарсы алып, борщқа тойғызып, «таңертеңгі сағат 4-те тұрасыздар, саңырауқұлаққа бізде алаукеуім-де шығады» деп, түнгі сағат 10-да ұйықтауға жатқызды.

…Қаладан қараңғы кезде – таң атпас бұрын шықтық. Қалың тұман алдымызда келе жатқан машинаны тұмшалап алған. Бірнеше метр қашықтықтан тіпті артқы шамдарын әзер айыруға болады. Тек екі-үш метр жерден ғана көрінеді, сондықтан тасбақаның аяңымен – сағатына қырық-алпыс шақырыммен жүріп отырдық.

– Абай болыңдар!– деп ескертті астрахандықтар: «түнгі» сиырлар апатқа сеп болып жатады екен. Ал мұндай тұманда пәлеге ұшырап қалуың түк емес. Енотаев ауданына дейінгі бүкіл жол бойында – шамамен Астраханнан 140 шақырым жерде (осы жерде саңырауқұлақтар өседі) шағын деревнялар созылып жатыр. Аша тұяқты малдар бұл жерлерде түн болса сандалып жүреді екен. Көбінесе өздерін қораларына апаратын мейірімді адам кездесер деген үмітпен тас жолға шығып кететін болуы керек.

Әрине, жол бойына әлдебір сиырмен түйісіп қаламыз ба деген қорқыныштан арылмадық. Неден көп қорықсаң, соған тап боласың деп текке айтпайтын шығар. Діттеген жерімізге келе бергенде, машинаның дөңгелегін жан дауысын шығара шиқылдатқан жүргізуші әлдебіреудің жоғалтып алған Зорькасының тап тұмсығы-ның алдына тежегішін басып, тоқтап үлгерді. Сылбыр ғана «мөө» деген ол машинаны айналып өтіп, біздің зәре-құтымыз қашқан жүзімізге таңырқай қарай, әрі қарай аяңдай басып, тұман құшағына сіңіп кетті.

Сәл кейінірек, еш кедергісіз, Владимировка поселкесіне жеттік. Ол жерде, ресейліктердің айтуынша, бізді саңырауқұлақ аралына өткізіп жіберетін паром болады екен.

 

МАГОМЕДТІҢ ПАРОМЫ

Паромға дағыстандық Магомед иелік етеді. Шамасы, жақын маңда тұратын болса керек. Оны қырық минуттай күтуге тура келді. Осы уақыт ішінде Еділ арқылы өткісі келетін оншақты машина жиналып қалды. Оның ішінде, біздің үш машинамыздан бөлек атыраулық «06» нөмірі бар екі машина да бар. Әрине, балықшы балықшыны... Он минуттан кейін ортақ таныстарымызды, тіпті туыстарымызды тауып алып, біздікілер достасып алды. Жүктерінен қармақ, ау-құралдарын шығарып алып, ресейліктерді таң қалдырып, судан үлке-е-н көксеркені суырып алды. «Бәлкім, ол саңырауқұлақ-тарды...» – деп ойлаған болуы керек олар. Алайда олжалы болған балық аулауды үзуге тура келді. Магомед келді. Ұйқысы қанбаған, көңіл-күйі жоқ секілді. Құрылғысын от алдырмас бұрын барлығын қармақ жіптерін орауға мәжбүр етті. Содан соң паромға өз әдісімен машиналарды қойып, бізден өткізгені үшін 250 рубль, ал, ресейлік автокөліктерден 200 рубльден беруді талап етті. Абдырап қалғанымызды байқап, мырс етіп: «Тағы да өтсеңіздер, екі жүзден аламын... Сіздерді есіме сақтап алдым» деді. Айта кету керек, ол өз сөзінде тұрды.

…Өзен бетіне қара отын дағын тастаған катер алқынып алды да, жаймен машиналар тиелген платформаны қинала сүйрей жөнелді. Бәрі қызықтай қарап, машиналарынан түсе қалысты. Бірақ көп жүрмеді – алты минуттай өткен соң тұман арасынан жағалаудың нобайы көріне бастады. Мен суға малынған тал шыбықтарын көрдім. Сол жерде тұмсықтарын өзенге батырған, мүк басып, құрғақ балдырлармен баттасқан бірнеше шіріген казанкалар шашылып жатты.

 

ЧИЧЕРИН АРАЛЫ

Осынау алып арал революционер Чичериннің құрметіне аталыпты. Шет-шегі жоқ, тіпті көкжиектен супияздар байқалады. Тікенек қаптаған алқапты да, биік өскен шөптерді де көрдім. Желмен құбылған алтын жапырақты және ұшар басының ауырлы-ғымен сынып, қураған, діңі қарайып, қабықтары салбыраған жалғыз ағаштар; көктеректер, қайыңдар, қарағайлар және кәрі қара ағаштар, қалың және сирек шыққан супияздарды көруге болады.

Дөңгелектің ізімен салынған бұралаң соқпақпен жүріп, аралдың ортасына қарай тоқтадық. Мотор сөндірілді, ал мүлгіген тыныштық құлақты тұндырып тастады. Тек ағаштардың сықыры, түсіп жатқан жапырақтардың сыбдыры мен әлдебіреулерден үріккен құстар қанатының дыбысы ғана естіледі. Күн көмескі тартқан шам секілді баяу ғана қыздыра бастады. Кенеттен тұман да сейіліп, Ресейдің орманды өлкесінің сұлулығын паш етті.

Күн шыққан кезде орман іші шуға толды. Әр жерден сыбдыр естіледі, біреулердің гүбір-гүбір дауысы шығады, ал аяқ астында бұтанақтар шытырлап жатыр. Менің алғашқы тауып алған саңырауқұлағым ағаш боп қатып, құрттар жеп қойған груздь болып шықты. Шамасы, маған дейін біреулер оны лақтырып тастаған сияқты. Өйткені, оның қалпағы сол маңда жатты. Соның дәл қасынан толған валуйларды тауып алдым. Кейінірек олардың құпиясын аштым: әдетте, жерге түскен жапырақтардың арасынан ең үлкені жер астына тығылған бүкіл отбасын әшкере етіп, бой көрсетіп тұрады екен. Табылған тұқымдастардың маңындағы жерді таптамас бұрын міндетті түрде бірер метр радиустағы жерді жапырақтардан тазалап алу керек. Осындай олжалы жерден үлкен шелегін тауып алуға болады.

 

САҢЫРАУҚҰЛАҚТАРҒА ЖАСАЛҒАН ЗӘБІР

Сәл кейінірек менің серіктестерім мені ызаландыра бастады, атыраулықтардың сырттай қарап тұра алмайтын әдеттері емес пе?.. Біз дабырлап жүретін, көңілді халықпыз ғой: «Мария Магдалена, йёху-ху» және т.б. өлеңдер жергілікті құстарды, бәлкім, бұландарды да үркітіп жіберген болуы мүмкін.

Біраз уақыттан соң музыкаға механикалық тарсыл да қосылды. Достарым дауласып, екі-үш ағашты аралап кескісі келгендей әсер қалдырды. Анықталғандай, арамыздағылардың бірі еңбегін жеңілдетіп, жапырақтарды үрлеу үшін бензин үрлегішті алып шықты. Ресейліктер мұның қалай жұмыс істейтінін көргенде қайран қалысты. Ойланып, иықтарын қиқаң еткізе, осы хайтек әуесқойының соңынан шұбыра ілесе жөнелді. Оның соңынан еріп жүру қиын болғанына – жанған иіс пен шуылға қарамастан, мен де ердім. Кез келген бағытты көздеп, үрлесе болғаны, жердің беті жапырақтардан тазарып, саңырауқұлақтар өздері табыла кетеді. Бастапқыда бәрінің бойын әуестік билеп кетті, ал, содан кейін... Процестің құпиялылығы да, орманның иісі де қалмады... Ал, саңырауқұлақтар табиғи жабынсыз өте қорғансыз болып көрінді, оларды кесіп алу аянышты еді, бұлай теру дұрыс емес секілді... Бір шелегін теріп алған соң мен және мен секілді ұстанымдағы тағы бірнеше адам іздеп жүріп, таяқпен түрткілеп теруге көштік. Ал, біздің ресейлік достарымызға, керісінше, тез теріп алу идеясы ұнап қалды. Олар үшін бұл медитация емес, жұмыс екен. Олар саңырауқұлақтарды сату үшін тұздауға ғана жинайды.

 

ОРМАНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Орманда серуендеп жүріп өзім секілді саңырауқұлақ жинаушыларды кездестірдім. Олардың ішінде шелегі бос әйел есімде қалды. Жергілікті қазақ әйел екен. Маған оның өзі жақындап келді, шамасы саңырауқұлақ терушілердің әдептері солай шығар: кездескен кезде міндетті түрде жақындап, бір-бірінің себетіне қарайды екен. Қай жерден жинап алғанын сұрап, өте ұсақ немесе өте үлкен деп, пікірін білдіреді. Жалпы, бәрі нашар болуы тиіс. Оған қоса ол грузьд саңырауқұлағын көргенде тыржия қалып.

Ал сен бұларды неге жина-дың? – деп, шынайы таң қалды ол.

Тұздау үшін… – дедім, сенімсіз дауыспен.

Фуф… Тазалаймын деп қиналатын болдың, – деді де, қолын сермелеп: – Оларды әне-е-е бір жерден тер. Ал бұл жерде саңырауқұлақ жоқ, - деді.

Біз бір-бірімізге қарап тұрып қалдық. Мен бұрылып кетпек болғам, бірақ әйел сөзін жалғастырды:

Андағылардың... жапырақ-тарға әне бір нәрсемен не істеп жатқанын білесің бе? Иә, жинап жатыр, көрдім. Ал сен білесің бе, олар саңырауқұлақтардың тұқымдарын ашып жатыр ғой. Жапырақсыз олар үсіп қалады да, келесі жылы ол жерлерге саңырауқұлақтар шықпай қалады...

Кетіп бара жатып әйел: «Жан-жақтан қаптап кетті ғой...» деп күбірледі. Асықпай, арасында қолындағы ұзын бұтағын аударыстырып, мен ілесіп келе жатқан жоқпын ба дегендей, артына бұрыла көз тастап, әрі қарай кете барды.

Ал мен басқа жаққа қарай кеттім. Орман ішінде оншақты сиыр, бірер тиын және 2007 жылы өлген Мэри есімді спаниель жерленген төбешік кездесті. Әсерлі жазулар, банкаға мұқият салынған жасанды гүлдерге қарағанда итті өте жақсы көргенге ұқсайды... Келгендерге жағымды болсын деп, мен де печенье қойып кеттім.

 

АСТРАХАНША ТҰЗДАУ

Түске таман өз қолыммен жинаған үш шелек саңырауқұ-лағыммен мақтана алатындай едім. Сәл кейінірек екі шелек болды, жарамсыз улы саңырауқұлақтың бір шелегі алынып тасталды. Ал менің достарым үрлегіштің көмегімен бірнеше қапшығын жинап алыпты. Бастары ауырғанымен, өздеріне риза болған олар кері қайтты. Канцевтің үйіне келгенде түн ортасына дейін саңырауқұлақтарды іріктеп, олар үшін арнайы әзірленген су құйылған ыдысқа салды.

– Ащы дәмі кету үшін суға салады. Бұл 3-4 күн тұру керек. Ал суды тәулігіне екі рет ауыстыру қажет, -деді олар. Біздікілер мұқият жазып алды.

Өздерінің тұздау рецептісімен олар сүйсіне бөлісті.

Валуй саңырауқұлағын тұздау рецептісі (груздь саңырауқұла-ғына да барады): 1 литр банка саңырауқұлаққа – 1 ас қасық тұз бен қант, бір шай қасық сірке қышқылы, 3 лавр жапырағы, хош иісті бұршақты бұрыш – 4-5 дана, қалампыр түйнегі – 2-3 дана, ақжелкек пен қара қарақат жапырағы.

3-4 күн суға жібіткеннен кейін саңырауқұлақтарды тазалау керек, содан кейін 15 минут қайнатады. Суды төгіп, жаңасын дайындайды: бір стакан суға жоғарыдағы құрамдар мен саңырауқұлақты салады. Мұның бәрін баяу отқа қойып, бір сағат қайнатады. Қайнатылған саңырауқұлақтарды банкаларға сұрыптап, салқын жерге қояды. Шамамен бір айдан кейін тұздалған саңырауқұлақтар пайдалануға әзір болады. Оларды тек салқын басытқы түрінде ғана емес, салаттарға, пирог салмасына және т.б. қосуға болады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

Атырау – Астрахан облысы – Атырау

23 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.