Индер ауданындағы небары төрт жыл бұрын салынған көптен күткен көпір апатты жағдайда тұр.
Жайық өзенінің үстінен тұрғызылған ұзындығы 700, ені 14 метр болатын облыстағы ең үлкен көпірді 2010 жылы экс-әкім Бергей РЫСҚАЛИЕВ ашқан болатын. Сол кезде бұл нысан Индербор округі әкімдігінің теңгеріміне беріліп еді. Содан бері 4,5 млрд теңгеге салынған алып көпір бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Көпірдің екі жағындағы жаяу жүргіншілер жолдарында шұңқырлар пайда болған (суретте). Көпір таяныштарының дәнекерленген тұстары кейбір жерлерінде ажыратылып қалған. Жергілікті тұрғындар көпірдің үстімен жүріп өткен сайын бойларын үрей билейтінін айтады.
- Көпір біздің балансымызда болғанымен оны күтіп-ұстауға бюджеттен бір тиын қаралған жоқ, -дейді Индербор округі әкімінің орынбасары Алмас ҚҰСАЙЫНОВ.- Ал, демеушілерді табу мүмкін емес. Біздің қолымыздан келгені жұмыспен қамту орталығынан адам бөлу ғана, олар сиырлардың тезегін теріп (мал көпірдің үстімен жүреді), тазалаумен айналысады. Ал, шұңқырларды бітеуге бізде ақша жоқ. Қазір біз көпір үстіндегі жарықтандыруды қолға алдық, оны да жасау керек.
Индербор поселкесінің ұзындығы 7,2 шақырым кірме жолы да иесіз. Жаз бойына асфальт жолдың жиегіндегі шөптерді шабу, қыру жұмысы жүргізілмеген. Ал, жуырда осы жолда жол-көлік апаты орын алған болатын: көліктің жылқыға соқтығысу салдарынан үш адам опат болды («Үш адам мерт болды»). Индерлік жүргізушілер жол жиегінде өсіп тұрған биіктігі бір метр шөптің түнде көлік жарығынан одан бетер биік болып көрінетінін айтады.
- Бүгінде далалықта шөп қалмаған соң мал жол жиегіне жайылатын болды. Ал, көлік жолы жайылым емес қой! Неге осындай тас жолдарға мән берілмейді? -дейді шамданған жүргізушілер.
Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ 2013 жылы 28маусымдағы «Атырау облысы бойынша облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесін бекіту туралы» қаулысы бойынша Индер ауданындағы көпір мен кірме жол облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміне берілуі тиіс, бірақ бұл әзірге орындалмай отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА