Бүгінде баладан басқа несие алып көрмеген адамды кездестіру мүмкін емес шығар. Алайда қаржылық қызмет тұтынушылардың басым көпшілігі өздерінің несиелік тарихтарымен таныс емес және оны қалай алу керек, бұл ақпаратқа өздерінен басқа кімнің қол жеткізу құқығы бар деген сияқты сұрақтардың жауабын білмейді. Егер сіздің несиелік тарихыңызда қате мәліметтер пайда болса, не істеу керек?
Осы сауалдардың барлығына Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Атырау филиалының қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау бөлімінің жетекші маманы Абзал ШАРАФЕДЕНОВ жауап берді:
- Несиелік тарихтарды қалыптастырып, несиелік есептерді ұсынумен несиелік бюролар айналысады. Несиелік бюролар өз кезегінде тұтынушылар туралы ақпараттарды банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардан, шағын қаржылық ұйымдардан, тауар мен қызметтерін несиеге өткізетін немесе төлемдерді бөліп төлеуге мүмкіндік беретін заңды тұлғалардан, кәсіпкерлерден алады. Бұларға коммуникациялық, коммуналдық қызмет, спутниктік және кабельдік теледидар қызметтерін көрсететін компаниялар жатады. Несиелік бюроға, сондай-ақ, жылжымайтын мүлік құқығын тіркейтін мемлекеттік органдар және ақпараттар ұсыну туралы шарттар негізінде қызмет атқаратын басқа да тұлғалар ақпарат бере алады. Алайда, осы ұйымдар, мемлекеттік органдардан басқа, несиелік бюроға тұтынушы туралы ақпарат беру үшін міндетті түрде оның жазбаша келісімін алу керек. Заңнамаларға сәйкес несиелік бюродан ақпарат алуға құқылы тұлғаларға тұтынушылар туралы мәліметтер, соның ішінде мемлекеттік несиелік бюроға жағымсыз ақпараттар беруге ешкімнің келісімі керек емес.
- Несиелік бюродан кім, қандай негіздемемен ақпараттар алуға құқылы?
- «Несиелік бюро және несиелік тарихтарды қалыптастыру туралы» заңға сәйкес, несиелік бюродан ақпараттар алуға сол банктер мен шағын қаржылық ұйымдар, тауарлары мен қызметтерін несиеге немесе бөліп төлеуге беретін ЖК мен заңды тұлғалар, сонымен қатар, тұтынушының өзі, банктік кепілдік немесе кепілгерлік берілген тұлға, облигация шығарушының несиелік есебіне қатысты облигация ұстаушылардың мүддесін қорғау туралы шарт жасасқан ұстаушылар өкілі, ҚР Ұлттық банкі құқылы. Тұтынушының өзі және облигация ұстаушылардың өкілінен басқа тұлғалар несиелік есеп алу үшін оның жазбаша келісімін алуға міндетті. Несиелік бюро құқық қорғау органдарына, сот және прокуратураға мәліметтерді азаматтың келісімінсіз беруге құқылы, алайда тек ол туралы жағымсыз ақпараттар мен несиелік тарихы бар немесе жоқтығы туралы ғана жалпылама хабарлауы керек. Алайда құқық қорғау органдарына осындай ақпараттарды беру несиелік бюроның міндеті болып табылмайды.
Сонымен қатар, несиелік бюро несиелік есепті ұсыну туралы келіп түскен сұраныстар мен берілген несиелік есептер туралы есеп жүргізіп отырады. Несиелік есептен тұтынушы келісімін бермеген сұраныстар табылған жағдайда сұраныс жіберген несиелік ұйымға хабарласып, түсінік беруді талап ету керек немесе несиелік бюроға сәйкесінше талап-арыз жазу қажет. Заңда несиелік тарих субъектісінің келісімінсіз ол туралы несиелік бюродан (мемлекеттік қатысы бар несиелік бюродан басқа) ақпарат алғаны үшін ақпарат беруші мен алушыға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, әр азамат тек өзіне қатысты несиелік есепті алуға құқылы.
- Бұл қалай жасалады?
- Жеке несиелік есебіңізді несиелік бюродан төлқұжаттың түпнұсқасын көрсету арқылы алуға болады. Сонымен қатар, жеке несиелік есепті беру жөнінде өтініш жазып, сәйкесінше құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмелерін ұсынасыз (құжаттардың тізбесі бірінші несиелік бөлімнің порталында www.1cb.kz бар). Несиелік есепті «Қазпошта» АҚ немесе басқа да пошталық байланыс қызметін жүргізетін ұйымдар арқылы алуға болады. Бұл үшін бірінші несиелік бюро мекенжайына несиелік есеп беру жөнінде өтініш пен сәйкесінше құжаттардың көшірмесін жіберу керек. Пошта арқылы жіберілген өтініш нотариалды түрде расталып, есеп сұратқан адамның қолы болуы керек. Жеке несиелік есеп пошта арқылы өтініште көрсетілген пошталық мекенжайға «Сұраулы хат» (до востребования) ретінде жіберіледі. Оны төлқұжаттық түпнұсқасын көрсету арқылы алуға болады. Сондай-ақ, әрине, есепті www.egov.kz электронды үкімет порталы және www.myth.kz порталы арқылы онлайн режимде алауға болады, алайда бұл үшін сізде электронды сандық қолыңыз (ЭСҚ) мен кез келген қазақстандық банктің төлем картасы болуы керек. Факс немесе электронды пошта арқылы жіберілген жеке несиелік есеп алу туралы өтініш қабылданбайды. Өзің туралы несиелік есепті жылына бір рет тегін алуға болады. Жеке несиелік есепті бір күнтізбелік жыл ішінде тағы да бірнеше рет алу үшін ақша төленеді.
- Жеке несиелік есептен қате табылса, не істеуге болады?
- Несиелік тарихты тексеру барысында өз несиелік тарихыңнан шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарды кездестіретін оқиғалар да болады. Мұндай жағдайда, ҚР-ның «Несиелік бюро және несиелік тарихты қалыптастыру туралы» заңының 22-бабы 5-тармағына сәйкес, сіз несиелік есепте берілген ақпараттармен келіспейтіндігіңізді мәлімдеп, сіз туралы осындай ақпаратты кім ұсынғанын білуіңізге құқылысыз. Сонымен қатар, жоғарыда аталып өткен заңның 22-бабы 7 тармағына сәйкес, ақпарат берушіге қатені дұрыстау жөнінде талап қоя аласыз. Сондай-ақ, сіз несиелік бюроға несие тарихында жазылған ақпараттарды теріске шығару туралы талап-арыз бере аласыз. Егер теріске шығару процесінде несие алушы мен несиелеу ұйымының пікірлері сәйкес келмесе, сіз несие тарихыңызға шынайы ақпараттарды сот арқылы енгізуді талап ете аласыз.
Несиелік бюро өтінішті алған күннен 15 тәулік ішінде ақпарат жеткізушінің жағдайды түсіндіруін талап ететін ресми хат жолдайды. Егер мәліметтер расымен де қате болып шықса, ол 10 күн ішінде несиелік бюроға шындыққа сәйкес келетін жаңа ақпарат беруге міндетті. Осыдан кейін сізге түзетілген жеке несиелік есебіңіз берілетін болады. Ал егер ақпарат жеткізуші өзі берген деректердің шынайылығын растайтын болса, сізге сәйкесінше мәтіндегі хат жіберіледі.
- Несиелік бюро ақпараттардың шынайылығын неге бірден тексермейді?
- Заңнамаларға сәйкес, несиелік бюроның деректер базасына түскен ақпараттардың шынайылығына ақпараттарды жеткізуші жауапты болып келеді. Өз деректеріңіз бойынша берілген ақпараттардың шынайылығын тек өзіңіз несиелік бюродан жеке несиелік есеп алу арқылы ғана тексере аласыз.
- Бұл жағдайда несие берушілер неге бас тарту себебін түсіндірмей, несиелік бюроға хабарласуға кеңес береді?
- Негізінен, банк немесе несие беру ұйымдарының несиелерді ресімдеумен айналысатын қызметкерлерібас тартылу себептерінбіле бермейді, өйткені шешімдер қабылдау алгоритмі ұйым ішіндегі түрлі бөлімшелер арасында бөлінген, сондықтан да бұл ақпараттар несиелеу процесіне тартылған қызметкерлердің барлығына белгілі болмауы мүмкін. Сондықтан да несие беру ұйымдарының қызметкерлері клиенттерді несиелік бюроларға жібереді.
- Егер қарыз алушы өз несиесін уақытында төлеп, бірақ белгілі бір себептермен ақша банкке тиісті мерзімінен кеш түсіп жатса, өз несиелік тарихыңды қалай жақсартуға болады?
- Ең бастысы, несиелеріңізді өз уақытында төлеңіздер. Егер несие үшінші ұйым арқылы төленетін болса, төлем кестесінің соңғы күнін күтіп жүрмей, төлемдер банкке уақытында түсу үшін алдын ала, кем дегенде 3-4 күн бұрын төлеген дұрыс. Жалақы алу кестесі мен несие төлеу кестесі сәйкес келмеген жағдайда, банкке кесте мерзімдерін кері өзгертуге өтініш беруге болады. Қолданып жүрген несиелік картаңыз (несиелік лимит) болған жағдайда, пайдаланылған лимит сомасын өз уақытында төлеуді бақылап жүруіңіз керек. Егер сіз шарт бойынша бірге қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгер болсаңыз, яғни, шартқа қандайма болсын бір қатысыңыз болса, осы шарт сіздің несиелік тарихыңыздан көрінетін болады және қарыз алушының төлемеген ақшасы үшін сіз де бірдей деңгейде жауапты боласыз.Несиелік тарихтарыңызды міндетті түрде тексеріңіздер, өйткені, несиелікбюроға түскен ақпараттардыңшынайылығын сіз ғана анықтай аласыз. Естеріңізде болсын, осы жалпы ережелерге қарамастан несие беруші несие тарихының жағдайын жеке өзі ғана бағалайды және сіздің несиелік тарихыңыздың жағымды немесе жағымсыз екенін өздерінің ішкі ережелері бойынша анықтайды.
- Алдыңғы несиеңді жаппай-ақ, жаңа несие алуға бола ма?
- Несие беру ұйымдары, алдыңғы кезекте, қарыз алушының бұрынғы қарыздарының жайы қалай екеніне, қарыз алушы ай сайынғы табысының қанша пайызын банкке беретініне, несиені уақытында төлеп жүргеніне назар аударады. Егер жалпы алғанда барлық жауаптар оң болса, кешігіп төлеулер жоқ болса, тұрақты табысы қарыз алушыға жаңа жауапкершіліктерді жабуға жетіп тұрса, несие беру ұйымы екінші, үшінші тұтынушылық несиелерін бере алады. Бір жағынан, несие беруші ұйымдар қазіргі мойнындағы несиелердің қашан алынғандығына баса назар аударады. Егер жабылу мерзімі жақындап, аз уақыт қалса, оң шешім қабылдауы мүмкін, ал басындағы барлық несиелер де жаңадан алынған болып, қарыз алушының басқа несие берушілер алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру қиын болса, банк тәуекелге бармайтын шығар.
Қалай болған да, қарызды беру немесе бас тарту туралы шешімді банк өз ережелеріне сәйкес, өз қауіп-қатерлерін алдын ала есептей отырып шығарады.
- Несиелік бюрода ақпараттарды кім және қандай мерзімде жаңалап отырады?
- Ақпараттарды жаңартудың белгілі бір кезеңі заңда көрсетілмеген, алайда, ақпарат жеткізушілер несиелік тарих субъектісіне қатысты кез келген деректердің өзгеруі туралы 15 жұмыс күні ішінде несиелік бюроға хабарлауы қажет. Несиелік бюро несиелік тарих субъектісіне қатысты ақпараттарды ол туралы соңғы мәлімет алынған күннен бастап 10 жыл сақтауды қамтамасыз етеді. Пікірлер санға бөлінгенімен, несиелік бюролар қарыз алушылардың «қара тізімін» жүргізбейді және несиелік тарихта жазылған ақпараттарды бағаламайды. Жұмыс механизмі қарапайым ғана: әр несие беруші төлем мерзімі асып кеткен сомалар мен асып кеткен күндердің саны туралы ақпараттарды несиелік бюроға жолдайды, ал бұл сәйкесінше несие тарихына енгізіледі. Осыған байланысты сәтті несие алу мүмкіндіктері де төмендейді. Тағы бір назар аударатын жайт, төлем мерзімі асқан күндер туралы ақпарат несие жабылғаннан кейін де несие есебінде сақталады.
- Егер клиент несие есебінде өзі ресімдемеген несие алу туралы шартты анықтаса, не істеу керек?
- Бұл ақпаратты жоққа шығаруға болады. Егер шарт алаяқтық жолмен ресімделгені анықталса, несие ресімделген банкке немесе несие беру ұйымына және құқық қорғау органдарына хабарласу керек. Әрі қарай, несиенің қате ресімделгенін растайтын сот шешімін немесе басқа да құжаттар қолыңызға тигеннен кейін, несиелік есепке түзету енгізу үшін оны несие ресімделген ұйымға және несиелік бюроға апаруыңыз қажет.
- Несиелерді ресімдегенде алаяқтардан қалай қорғануға болады?
- Жылына кем дегенде бір рет несиелік тарихыңызды тексеріп тұрыңыз. Ал құжаттарыңыз (төлқұжат, куәлік және т.б.) жоғалған немесе ұрланған жағдайда екі-үш рет тексергеніңіз абзал. Егер несие тарихыңызды білуге сіз білмейтін сұраныстар жасалса, белгілі бір банктен несие алуға өтінім бермеген болсаңыз, осы несие беру ұйымына тез арада хабарласыңыз.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА