Қашағандағы отын газының апатты шығарындысы. D аралы. 2013 ж. 26 тамыз. Сурет мұрағаттан алынды. Қашағанның D аралынан Атырау облыстық ауруханасының жан сақтау бөліміне мұнай-сервистік компаниялардың бірінің қызметкері күкіртсутегімен улану белгілерімен жеткізілді.
«АЖ» редакциясына бұл туралы зардап шегушінің әкесі хабарлады.
- Ұлымыз Қашағанда жұмыс жасап жүрген кезінде улы газбен уланып, ауыр халге тап болды. 30 қыркүйекте ол тікұшақпен облыстық ауруханаға жеткізіліп, оған дәрігерлер бригадасы көмектесті. Өмір мен өлім арасындағы айқаста дәрігерлердің көмегімен балам есін жиды, сол үшін дәрігерлерге алғысым шексіз.
Өкінішке орай, зардап шегушінің өзі корпоративтік әдеп бойынша оқиғаға түсінік беруден бас тартты.
Зардап шегушінің әкесінің айтуынша, ауруханада баласы екі аптаға жақын уақыт жатқан: алғашқы екі күні жан сақтау бөлімінде, содан кейін урология, нефрология, токсикология және лор бөлімдерінде ем алған.
Атырау облыстық ауруханасының токсиколог дәрігері Бауыржан РАХМЕТОВбылай дейді:
- D аралынан келген науқас жан сақтау бөліміне ауыр халде түсті. Бізде әр түрлі болжамдар болды, улану, жүрек талмасы болар деп те ойладық, алайда компьютерлік томография мен басқа да процедураларды өткізгеннен кейін соңғы болжам алынып тасталды. Науқас есін жиғаннан кейін біз одан бұрыннан созылмалы ауруларың бар ма деп сұрадық. Мұндай кесапаттар бәрімізден де табылады ғой. Алайда осындай халге дейін жеткізген процесті таба алмадық. Біз анамнез жинай бастадық. Науқастың әңгімесінен ол жұмыс жасап жатқан жердің қасында жалын жанып тұрғаны анықталды. Біздің бір кемшілігіміз, бізде химиялық-токсикологиялық зертхана жоқ. Бір жағымызда АМӨЗ, бір жағымызда Қашаған, мында қоқыс полигоны сияқты химиялық «бомбаның» үстінде отырсақ та, халіміз осындай. Улану оқиғасы болғанда біз науқастың қанын сот-медициналық сараптамаға жібереміз, ал ол тек құқық қорғау органдарының талаптары бойынша, яғни қылмысқа қатысты жағдайларда ғана сараптама жасайды.
Осындай зауыттарымыз болғандықтан бізде улы заттарды, біздің жағдайымызда күкіртсутегіні анықтауға көмектесетін химиялық-технологиялық зертханалар болуы керек. Сондықтан да біз болжалды диагноз қойдық: мұнай өнімдерін жағудан пайда болған заттармен улану. Өйткені зертханалық растау болмайынша 100% диагноз қоюға заңдық тұрғыдан құқығымыз жоқ. Бұл диагнозды біз ерекшелік әдісімен қойдық. Ең бастысы, науқасты құтқарып қалдық, бұл біздің жеңісіміз.
- Бұл кен орнында уланған бірінші жағдай ма?
- Мен 2007 жылдан бері жұмыс жасаймын, мұндай жағдай есімде қалмапты.
- Вахташылар ұйықтап жатып қайтыс болған бірталай оқиғалар болған деп жатады ғой...
- Менің ата-анам Құлсарыда тұрады, мұндай әңгімелерді естігенмін. Алайда бұл дәлелденген жоқ. Тек химиялық-токсикологиялық зертхана болғанда ғана біз күкіртсутегімен немесе басқа да улы затпен уланғанын анықтай аламыз.
Қашағандағы оқиғаға оралсам, біз мұнайшы мамандарға жолықтық, олардың пікірінше, улану ұңғымадағы қысымды шығару кезінде болуы мүмкін, күкіртсутегінің атмосфераға ашық шығуын болдырмас үшін оны жалынмен жағады. Бұл қарапайым технологиялық процесс. Зардап шегушінің жеке белгі беру аспабы жұмыс жасамай қалған болуы керек.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА