15 қазанда ҚР тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің департаментінде Атырау қаласының тасымалдаушылары қоғамдық көліктегі жол жүру тарифін көтеру қажеттігі туралы тағы да мәлімдеді. Естеріңізге салсақ, 50 теңге тарифі «мұнайлы астанада» 2012 жылдың 1 қазанынан бастап қолданысқа енгізілген.
Қалалық ТКШ бөлімінің көлік секторының бастығы Қуаныш ИБРАГИМОВТЫҢ айтуынша, Атырауда 30 автобус маршруты қызмет көрсетеді және онда тасымалдаушы сегіз компания жұмыс істейді. Бүкіл маршруттардың басым бөлігі және ең табыстысы «АйсТранс Холдинг» ЖШС-не тиесілі.
– «АйсТранс Холдинг»компаниясы өз ақшасына 37 автобус сатып алды. Бұдан басқа, ол бюджет қаржысына алынған көпорынды 50 автобусты жалға алып отыр. Облыс орталығының тұрғындары қоғамдық көлікпен жақсы қамтылған деп есептеймін. Күн сайын рейске 269 автобус шығып тұрады. Біздің бөлімге түрлі кемшіліктерге қатысты қала тұрғындарынан біршама шағымдар келіп түседі. Біз тексеру жүргізіп, тасымалдаушы компанияларға кінәлі қызметкерлеріне қатысты шара алу талабымен хат жолдаймыз, - деді Ибрагимов.
«АтырауТакси»ЖШС директорыБағыт МЕҢДЕШЕВ (суретте)сөз алды:
– Мен Атырау қаласының қоғамдық көлік жүйесінде 1963 жылдан бері еңбек етіп келемін. Біздің «Атырау Такси» ЖШС №7 маршрутқа қызмет көрсетеді. Оның жолында төрт теміржол өткелі, 34 қиылыс пен 11 бағдаршам бар. Өткелдердің әлсін-әлі жабылып қалуы салдарынан біз қозғалыс кестесін бұзамыз. Мәселен, Стройконтордағы өткел күн сайын бес рет жабылады. Екінші мәселе - маршруттың едәуір ұзындығы, ол 18,5 шақырымды құрайды, оған 55 минут кетеді. Тасымалдаушыларда автобустар жетіспейді. Егер өткен жылы рейске 400-дей автобус шыққан болса, қазір менің мәліметімше, жарамды 138 машина қалған (көріп отырғанымыздай, бұл цифрдың Ибрагимов айтқан цифрдан әжептәуір айырмашылығы бар – М.С.). Менің маршрутымда 24 автобустың 11-і қалды. Өйткені қазіргі трафик біздің шығындарымызды ақтамайды. Біз есептеп көрдік: біздің жақсы жұмыс жасауымыз үшін тарифті 103 теңгеге дейін көтеру керек.
Мәселе мынада, биыл теңге девальвацияланғаннан кейін қосалқы бөлшектер 13 пайызға, дөңгелектер 18 пайызға, акуумуляторлар 13 пайызға қымбаттап кетті. Бұдан басқа, қала зейнеткерлерге арналған жеңілдіктердің 50 пайызы мен оқушылардың тегін жүру жолын өтемейді. Біздің маршруттағы бір машина орташа алғанда күніне 11,5 мың теңге табыс табады. Бұл сомаға бензиннің, қосалқы бөлшектердің шығындары, жүргізуші мен кондуктордың жалақылары кіреді. Жылжымалы составты жаңарту туралы ойға алу мүмкін емес...
– Жолаушыларға билеттерді таратасыздар ма? – деген сұрақ қойды «АЖ».
– Біз билеттерді өткен жылы алдық, бірақ мұның не мәні бар? Жүргізушілер менімен келісімшарт жасады. Олардың өз машиналары, кондукторлары бар. Олар ешкімнің алдында есеп бермейді: олар маған тек автобус маршрутын жалға алу ақысын ғана төлейді, ал патентті салық басқармасынан сатып алады. Бюджет алдында олар таза.
Биліктің бізді шығынға жұмыс жасауға мәжбүрлеуге қақысы жоқ. Қалада 64 мың жеңілдік алушылар бар. Олардың 70 пайызы күн сайын автобустарды қолданады. Мектеп оқушылары 44 мың, олар автобустарға күніне екі рет мінеді. Жанар-жағармай материалдары қымбаттаған жағдайда қоғамдық көліктерде жүру тарифін көтеру керектігін қарастыратын заңды норма бар.
Соңғы сөйлемді қатысып отырған тасымалдаушы компаниялардың басшылары Лариса УЛЬЧЕНКОВА («Данияр и К» ЖШС, №53 маршрут), Тарғын ЕСЕНИЯЗОВ («Әнуарбек Транс» ЖШС, №58, 59 маршруттар) және Оразалы ДАУЫЛБАЕВ («Айдын и К» ЖШС, №52, 54 маршруттар) жаппай мақұлдады. Дегенмен, бұл тұрғыда тасымалдаушыларға кеңесте ешқандай уәде берілмеді. Бұл тақырыпты әдеттегідей тоқтатып тастады.
Есесіне облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім бастығы Асхат КЕНЖАЛИЕВ тасымалдаушыларға қолданыстағы заңнаманың нормаларын еске салып, бұл нормалардың оңды-солды бұзылып жатқандығын айтты.
– Сіздер маршрутта жұмыс істейтін жылжымалы составты қысқартуға жол бермеуге тиіссіздер. Бұл сіздердің тендерде алған тікелей міндеттемелеріңіз. Олай болмаған жағдайда, автобус маршрутын пайдалану келісімшарты қалалық әкімдік тарапынан бұзылуы тиіс. Билеттерге келер болсақ: жүргізушінің өз көлігі мен патенті болған жағдайда олар керек емес деп осы жерде айтылды. Бірақ тасымалдаушыларға қосалқы мердігерлік келісімшартын жасауға тыйым салынған! – деп мәлімдеді ол.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор