Атырау, 24 қараша 02:23
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

27 шілде: 30 адам жұмыстан босатылды

3 941 просмотра

Шілденің 25-сінде «Қаражамбас» және «Өзенмұнайгаз» компаниялары жұмысшыларын  жұмыстан шығармауға салынған тыйымның   мерзімі аяқталды. Наразылық танытушыларды енді Қаламқас кенішіндегілер де қолдады.

ДЕПУТАТТАР МҰНАЙШЫЛАРҒА КЕЛМЕДІ

Қаражамбас кеніші мұнайшылары дүйсенбі күні тағы да  Ақтау қаласындағы компания кеңсесі маңына топтасты.

– Бізбен сөйлесуге шыққан «Қаражамбас» акционерлік қоғамының қазақстандық басшылары телеарналардан жұмыстан босатпау туралы тыйымның мерзімі аяқталғандығын хабарлап жатқанымен, өздерінің ешқандай әрекетке бармайтындарын айтты. Олар жұмысшылар арасынан 6 адамның кеңсеге кіріп сөйлесуін ұсынғанымен келіспей отырмыз. Өйткені бітімгерлік комиссиясы құрамына мұнайшылар талаптарын заң жүзінде қоя білетін Наталья СОКОЛОВА , Ақжанат ӘМИНОВ тәрізді сенімді өкілдеріміз болуы тиіс. Келісімді жүргізуге қытайлық басшылармен қатар «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы президенті Қайыргелді ҚАБЫЛДИН, «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» компаниясы директоры Асқар БАЛЖАНОВТАР қатысуы керек. Халық осы талаптары орындалмайынша алған беттерінен қайтпақ емес, – деп мәлімдеді қаражамбастықтар белсендісі Қуаныш СИСЕНБАЕВ.

Оның айтуынша, қазір 160-тан астам адам заңсыз ереуілге қатысқаны үшін жұмыссыз қалған. «Компания кеңсесі алдына жиналған мұнайшылардың талаптары да өзгерген жоқ» дейді Қуаныш Сисенбаев.

Ақтауға Еуропа парламентшілерінен соң бір топ мәжіліс депутаттары да келгенін айтады мұнайшылар. Олардың арасында Маңғыстаудан сайланған депутат Зейнолла АЛШЫМБАЕВ та болған екен. Шілденің 23-і күні Ақтауға келген мәжіліс депутаттары мұнайшылардың үйлеріне қоңырау шалып, оларды қаладағы №24 мектепке кездесуге шақырған.

– Біз барудан бас тартып, бір өкілімізді оларға жіберіп, ортамызға шақырған едік. Бірақ келмеді. Содан соң депутаттар арқылы президентке хат беріп жібергіміз келген, оны да алған жоқ, – дейді Қуаныш Сисенбаев.

 

ҚАЛАМҚАС ҚОЛДАУ ТАНЫТТЫ

Шілденің 25-і күні «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік компаниясы игеріп жатқан Қаламқас кеніші жұмысшылары да ереуілшілерге қолдау көрсету мақсатында таңертеңгі 7-ден 9-ға дейін жұмысты тоқтатты. Бұл жайлы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы құрамындағы Жетібай кен орыны жұмысшысы Қуаныш ЖҰМАШЕВ хабарлады.

– Қаламқастағы жұмысшылардан естуімше, олар облыс әкімі орынбасарына үндеу жолдап, «Қаражамбас» және «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларын жұмыстан шығармауды талап еткен. Әрі олардың жағдайлары туралы үнемі мәлімдеме жасалып тұруын сұраған, – дейді Қуаныш Жұмашев.

 

Оның сөзіне сүйенсек, Жетібай кеніші мұнайшылары да бұған дейін шілденің 14-і күні жұмысты екі сағатқа тоқтатып, ереуілдетуші мұнайшыларды қудаламауды, өздерінің жалақыларын көтеруді талап еткен.

 

МОРАТОРИЙ КҮШІН ЖОЙҒАНЫМЕН ЖҰМЫСТАН ЕШКІМДІ БОСАТҚАН ЖОҚ

-Күнде жергілікті телеарналардан «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» басшысы Асқар Балжановтың жаппай жұмыстан шығарылатынымыз жөніндегі бұйрығын жариялап, қорқытуынан басқа ештеме естіп отырғанымыз жоқ,– дейді «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы операторы Арыстан ЖАРЫЛҒАСОВ.

Естеріңізге сала кетсек,  бұған дейін шілденің 15-і күні Астанада брифинг өткізген «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» компаниясы директоры Асқар Балжанов 1500 жұмысшы жұмыс жасаудан бас тартқанмен, керісінше 3000-нан аса адамның жұмыс сұрап отырғанын хабарлаған еді.

– Біздің басты міндетіміз – мұнай өндіру. Мұнай тек Жаңаөзен тұрғындарына емес, бүкіл Қазақстанға тиесілі байлық. Кімде-кім 25 шілде күні таңертеңгі сағат 8.00-ден кешігіп, жұмысқа шықпайтын болса, онда Қазақстан Республикасы Еңбек заңына сәйкес шара қолданылатын болады, – деп ескерткен еді компания басшысы.

Бет қатталып жатқанда:

«ҚМГ» БӨ» компаниясының баспасөз қызметі  хабарлағандай « заңсыз наразылық акциясына қатысушылардың қатары аздап сиреді, 27-шілде күнгі жағдай бойынша 748 адам жұмысқа шықпады. Шілде айының 26 және 27 күндері «Өзенмұнайгаздың» 30 жұмыскерімен еңбек қатынастары бұзылды. Өз кезегінде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының кадрлар бөлімі босаған жұмыс орындарына аймақ тұрғындарынан келіп түскен 3400-ге жуық түйіндемені қарау үстінде. Қазіргі таңда жұмыстан шығарылғандарды алмастыратын 30 маманды жұмысқа қабылдау рәсімдері аяқталғалы отыр».

Сәния ТОЙКЕН

28 шілде 2011, 23:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.