2015 жылы Қазақстан 60 мың тонна отандық ет экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл жаңалықты Жылыой ауданында шабытпен қабылдады. Өйткені, шаруалар үшін ет және ет өнімдерінің өтуі өте өзекті екені белгілі.
Жиенқұловтор әулетінің үлкені Тілеу ЖИЕНҚҰЛОВТЫҢ мал шаруашылығы саласында тәжірибесі үлкен - ол мал шаруашылығы фермасын 24 жыл басқарған жан. Балалары әке тәлімін бойына сіңіріп, малды бағып күту ісін кішкентайынан көріп өсті. 1996 жылы әкелері өмірден озғанда ағайынды Бақтығали, Қажымұқан, Әлмұхандар «Ащысай» шаруа қожалығын құрды. Содан бері қарай 20 жыл бойы Ащысай өңірін етпен қамтамасыз етіп келеді. Қожалықта 2 мың қой, 200 жылқы, 200 сиыр, 60 түйе бар.
Бір бауыры ұйымдастыру ісін қолға алса, екіншісі мал бағып, өнім өткізумен, үшіншісі жемшөп дайындау ісімен айналысады. Барлық тапқан табыс та бір жерге тоғысады.
- Жасыратыны жоқ, заман жақсарған сайын ағайындар арасында бірін-бірі көре алмаушылық, іштарлық пайда бола бастайды ғой. Бірақ әкеміз бізді бір-бірімізбен тату, адал болуға үйретті. Біз шаруаны бірігіп шешеміз, бір-бірімізбен үнемі ақылдасып отырамыз, - дейді Бақтығали ЖИЕНҚҰЛОВ (суретте).
Бүгінде Әлмұхан Жиенқұлов бастаған бригада жемшөп дайындаумен айналысуда. Қожалықта 7 трактор, 3 «УАЗ», 3 «КамАЗ», «Газ-53» көлігінің екі данасы бар.
- Малдың жүні мен терісіне әзірге сұраныс жоқ, - дейді Қажымұқан ЖИЕНҚҰЛОВ.– Тірі мал мен етті Құлсарыда өтетін жәрмеңкеде сатамыз. Етке деген сұраныс, әсіресе, соғым мен той-томалақ кезінде жақсы болады. Бірақ бұл тұрақты солай бола бермейді. Сондықтан біз ет экспорттағымыз келеді. Қазірден малды асылдандыруды қолға алып отырмыз. Ол үшін Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік, Балқұдық ауылдарынан асыл тұқымды отыз қошқар және Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан бірнеше жылқы сатып алдық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА