Атырау, 27 қараша 17:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Оңалтуды алғашқы күннен бастау керек

4 915 просмотра

Жыл басында облыстық перзентханада оңалту бөлімі ашылды. Біздің медиктер перинатальды орталықтың қабырғасында жаңа туған нәрестелерді оңалту ісінде ізашарларға айналды деуге болады. Жақында бөлімше қызметкерлері танымал ғалым, Татарстан Республикасының бас реабилитологы, нейроортепедиялық «Атлант» костюмінің авторы Валида ИСАНОВАНЫҢ оқуынан өтті.

ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШ РЕТ

– Біз Қазақстанда облыстық перзентхана жанынан оңалтуды бірінші боп бастадық. Бастапқыда бұл жаңалық әріптестерімізді қатты таң қалдырды. Бірақ мәселе мынада, еліміз бойынша 45 мың мүгедек баланың 25 мыңында балалардың церебралды сал ауруы диагнозы бар. Әрбір 5-ші бала жүйке жүйесі мен хромосомалық аурулар бойынша есепте тұр. Атырау облысында екі мыңнан астам мүгедек бала бар, оның 38-інде жүйке жүйесі зақымданған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, егер жаңа туған сәбидің денсаулығындағы ауытқушылықты дер кезінде түземесе, жүйке-психикалық және қозғалысындағы ауытқушылықтардың дамуына қарай мүгедектік белгілерінің қалыптасуына әкеп соғады, - деп әңгімелейді бөлім меңгерушісі Сәния БАХТИЯРОВА.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2008 жылдан бастап бүкіләлемдік тірі туу критерийлері қолданыла бастауына байланысты дәрігерлер шараналарға 500 грамм салмақтан бастап күтім жасай бастайды. Бұл балалардың денсаулығында кінәраттар бар, олар уақытылы және сауатты оңалтуды қажет етеді. Қалпына келтіру еміне түрлі операциядан шыққан әйелдер де мұқтаж. Жаңа туған сәбилер мен олардың аналары жаңа бөлімнің алғашқы пациенттеріне айналды. Алайда мамандар олардан үлкен балаларды да қабылдауға әзір. Патология бөлімінің қамқорындағы сәбилер бірден оңалтудың алғашқы курстарын қабылдайды. Бөлімде дәрігерлер мен педагогтардың кеңестері, физиотерапия, парафинмен емдеу, массаждың барлық түрлері, емдік гимнастика ұйымдастырылған.

С.Бахтиярованың айтуынша, профессор Исанова «Кинезотерапия в медикокондуктивной реабилитации неврологических больных с двигательными нарушениями»әдісінің авторы болып табылады. Бұл әдіс Ресей денсаулық сақтау министрлігінің медициналық технологиялар тізіліміне тіркелген, ресейлік және халықаралық дәрежедегі патентке ие. Оның басшылығымен халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істейтін Татарстандағы алғашқы оңалту орталықтарының бірі ашылған.

Атырау облыстық  ауруханасы Исанованың әдісін енгізген Қазақстанның алғашқы медициналық мекемесі болды. 2011 жылдан бастап инсульттан көз жұмуды және мүгедектікті азайту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын профессор Исанованы мамандарды кинезиотерпияға – инсульттан, бас сүйек-ми және жұлын зақымдарынан кейін науқастарды, балалар сал ауруына шалдыққан балаларды нейрооңалтудың инновациялық әдісін оқыту үшін Астанаға Ұлттық медициналық холдинг мекемесіне шақырып тұрады. Қыркүйектің соңында профессор Исанованы Атырауға шақырды. Оның әдісі мамандарға сәбидің ақыл-ой және қозғалыстағы дамуын тереңірек түзетуге, мүгедектіктің алдын алып немесе ерте кезеңде ауыр деңгейдегі сырқатты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сәбиге балалардың церебралды сал ауруы диагнозы қай жаста қойылады?

– Бұрын үш жасқа дейінгі балаларға бұл диагнозды қоюға рұқсат берілмейтін. Қазір тәсілдер өзгеруде. Жаңа технологиялар анағұрлым ерте кезеңде сырқатты анықтауға мүмкіндік береді. кейбір өзгерістерді, егер олар анық білінсе, сәби дүниеге келмес бұрын құрсақішілік даму кезінде байқауға болады. Олар ауыр патологиямен, анасының денсаулығының бұзылуымен, генетикалық аспектілермен, инфекциялармен, соның ішінде жыныстық инфекциялармен байланысты. Кез келген тәжірибелі әже немесе ана бала дұрыс дамуда ма, дер кезінде басын ұстай бастады ма, бұрылып, отыра ала ма, соларды байқай алады. Бірақ, өкінішке орай, бүгінде тек ата-ана ғана емес, көбінесе медицина қызметкерлері де дер кезінде емдеуді қажет ететін ауытқушылықтарды байқамай жатады. Сондықтан біздің мақсатымыз – емшектегі балада церебралды балалар сал ауруының даму қаупін уақытында байқап, олардың дамуын дер кезінде түзету.

– Ал бұл мүмкін бе?

– Біз тоғыз ай бұрын жұмыс жасай бастадық. Қазақстан 2008 жылы тірі туудың жаңа стандартына көшті. Сол кезде оңалту туралы емес, осы балаларға күтім жасау, өлім-жітімді азайту мәселесі бірінші кезекте тұрды. Біздің перзентхана қабырғасында бірнеше жыл ішінде жаңа туған сәбилердің шетінеуін екі есеге азайтуға қол жеткіздік.

Біздің азғана оңалту тәжірибеміз біздің дұрыс бағытта жұмыс істеп келе жатқанымызды білдіреді. Мұны жыл сайын бізбен тәжірибелерін бөлісуге келетін литвалық әріптестеріміз бен республикалық балалар оңалту орталығының мамандары да растап отыр. Егер біз балаларда церебралды сал ауруының ауыр емес, орташа деңгейде болуына қол жеткізе алсақ, бұл да жетістік болады.

 

БАСТЫСЫ – БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ

– Кімдер сіздердің пациенттеріңіз бола алады?

– Кез келген жан, бірақ алдымен жаңа туған сәбилер, операциядан шыққан әйелдер. Балалар көп, олар үнемі кезекте тұрады. Біз барлық қызмет түрлерін көрсетеміз: электротерапия, ультрадыбыстық терапия, парафинмен емдеу, емдік дене шынықтыру, массаж, сәулемен емдеу (биоптрон). Магниттік-лазерлік аппарат алдық, лимфодренаж бар, өйткені қазір зат алмасуы бұзылған адамдар өте көп. Ал бұл ағзаны детоксикациялаудың жақсы әдістерінің бірі. Қазір перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, оның ғимаратында біздің бөлім үшін заманауи талаптарға сай келетін орынжай әзірленуде. Емдік бассейнді, емдік дене шынықтыру залын, жаттықтыру залын жарақтау жоспарлануда.

– Сіздер жоғарғы жастағы балаларға, түрлі зақымдары бар пациенттерге қызмет көрсетесіздер. Мұның бәрі тегін бе?

– Біздің бөлімнің жұмысын республикалық бюджет төлейді. Әрине, бұл қаржы бүкіл шығындарды өтемейді. Мәселен, жамбас буынының дисплазиясын емдеуге 17 мың теңге бөлінеді. Ал біздің бөлімнің нақты шығыны 35-45 мың теңгені құрайды. Содан кейін емдеу стандарты бойынша әрбір науқасқа 30 минуттан тиесілі. Егер бір жасқа дейінгі сәбиге массаж жасау керек болса, бұл қалыпты. Сәби одан артыққа шыдамайды. Ал церебралды сал ауруы қалыптасып қалған 6 жастан жоғары балаға жарты сағат аз. Германияда, әріптестеріміз әңгімелегендей, маман әр балаға бір жарым сағаттан уақыт бөледі. Бұл мәселені денсаулық сақтау министрлігінде дөңгелек үстел кезінде айттық, бірақ ол әзірге шешілген жоқ. Дегенмен де, біз өзімізге шығын келтіре жұмыс істеп, оңалту бөлімінің жұмысын лайықты деңгейге жеткізіп, балаларды емнен айырмауға әзірміз.

– Сіздің бөлімге жолдаманы қалай алуға болады?

– Ауруханаға жатқызу бюросы арқылы тәуліктік стационарға түсу керек. Біз жаңа туған сәбилердің патологиясы бөлімінің құрамында жұмыс істейміз. Бірақ жөндеу жұмыстарына байланысты қазір тек стационарда аналарымен бола алатын емшектегі балаларды ғана қабылдай аламыз. Ал күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған кезде, портал арқылы түрлі жастағы балаларды қабылдаймыз. Күндізгі стационарда емді балалар қанның жалпы талдамасы мен несептің жалпы талдамасының жаңадан жасалған қорытындылары болған жағдайда дәрігерлердің кәдімгі жолдамасы арқылы ала алады. Ауруханаға жатқызу бюросы арқылы құжаттарды рәсімдеудің қажеті жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

15 қазан 2014, 11:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.