Атырауға ҚР президенті жанындағы Ұлттық әйелдер және отбасылық-демографиялық істер бойынша комиссияның мүшесі, Қазақстанның іскер әйелдері республикалық қауымдастығының төрағасы Раушан СӘРСЕНБАЕВА іссапармен келді.
ӘЙЕЛ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Бизнес және құқық колледжінде ол әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселелері туралы семинар өткізді. Бүгінде Қазақстанда 4 млн-ға жуық өзін-өзі асырап отырған адам, яғни, тұрақты жұмыстары болмаса да, өз бетінше напақа тауып жүрген отандастарымыз бар. Олардың 70%-ы - әйелдер. Олардың барлық тапқан табыстары тамақ пен күнделікті керек-жарақтарға кетеді, зейнеткерлік аударымдары да жоқ. Жалпы, әйелдерге тұрақты жұмысқа кіру қиын, өйткені жұмыс берушілер бос орынға іссапарларға барудан бас тартпайтын, балаларға күтім жасау үшін демалыс алмайтын ер адамдарды алуды қалайды.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар ҚҰСПАНОВАНЫҢ айтуынша, бүгінде орталық жаңа жұмыс жүйесіне көшкен: егер бұрын жұмыссыздарды қандай да болмасын қолда бар курстарға жаңа мамандық алу үшін жоспарсыз жіберетін болса, енді бұл шаралар тек жұмыс берушінің алға қарай жұмысқа аламын деген кепілдеме өтінімімен жүргізіледі. Осылайша, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2 мыңнан аса адам қайта даярлаудан өтті. Қызылқоға ауданында осы бағдарламамен 64 тұрғын жалпы сомасы 158 млн теңге шағын несие алды. Индер ауданында 109 адам жалпы сомасы 202 млн теңге несиеге ие болды. Басым бағыттар – мал шаруашылығы, егіншілік және шағын өндіріс.
Раушан Сәрсенбаева Алматы, Қостанай және Атырау облыстарында әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалды зерделеу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатырғаны туралы айтты. Салыстыру үшін ол Швеция тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл елде жұмыс берушілерге гендерлік теңсіздік үшін айыппұл салады, өндірісте ерлер мен әйелдердің саны бірдейге жақын болу керек. «Ал біздің елімізде жұмыс берушілер әйелдерді немесе мүгедектерді салықтық жеңілдіктер болса ғана жұмысқа алады»,- дейді семинарға қатысушылар.
БАЛАБАҚША АШЫҢЫЗДАР!
Мәртебелі қонақ, өз кезегінде, біздің облысымызда «Атырау» ӘКК арқылы кепілсіз, несиелік серіктестікке қатысушылардың бірыңғай жауапкершілігі негізінде несиелер беру тәжірибесі бар екенін білді. Кәсіпкер Алтынай ҒҰМАРОВА осылайша жүн өңдеу үшін 3 миллион теңге алғанын айтты. Енді өндірісін кеңейткісі келеді, алайда бұған үлкен қаражат керек, ал несие алу үшін кепілзат қажет. Кәсіпкерлік іс-тәжірибелері бар семинар қатысушыларының пікірінше, осындай сәттер бизнестің дамуын тежейді, сондықтан да кепілзатқа қатысты ережелерге өзгерту енгізу қажет.
Р. Сәрсенбаеваның айтуынша, Іскер әйелдер қауымдастығы бизнес жүргізуге жақсы жағдайлар жасау бойынша бірқатар жұмыс атқарып жатыр.
- Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламалар аясында өз ісіңді бастау үшін жылына 6%-дық мөлшерлемемен бес жылға несие алуға болады. Қазір біз кәсіпкер әйелдер үшін бұл мөлшерлемені 3-4%-ға төмендету керектігі жөнінде ұсыныс енгізіп жатырмыз. Осындай жеңілдіктері бар несиелер тез және сенімді қайтарылады.
Р. Сәрсенбаева әйелдер кәсіпкерлігінің сәтті мысалы болып табылатын Роза ӨТЕПБАЕВАНЫҢ жеке меншік балабақшасына барды. Қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА атап өткендей, облысымызға жаңа балабақшалар өте қажет, сондықтан да осы бағыттағы жеке бизнестің барлық бастамалары биліктің қолдауына ие болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА