Атырау, 3 қазан 05:25
 ашықВ Атырау +17
$ 483.23
€ 534.74
₽ 5.12

Жолшылар шартты мерзімге сотталды

2 556 просмотра

Қызылқоға аудандық соты үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде орын алған жолаушылар пойызы апатына байланысты қозғалған іс бойынша үкім шығарды.

Тергеу орындарының айыптау қорытындысы бойынша Ірілендірілген Атырау жол дистанциясы директорының орынбасары Темірзақ НҰРБАЙ мен аталмыш дистанцияның №2-ші өндірістік учаске бастығы Ахмет ЖЫЛҚЫБАЕВТЫҢ темір жол көлігі қозғалысы немесе пайдалану ережелерін бұзып, адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргендігі анықталды. А.Жылқыбаев Жантерек – Кенбай бекеттері аралығының 328 шақырымының 3 пикетінде рельс бунағындағы ұзындығы 11 метрлік ақаулы рельс бөлшегін пісірмелеу арқылы ауыстыру жұмыстарының жүргізілуін басқарған. Ауыстыру жұмыстары 3 сәуірде – ауа температурасы түнде -1, ал, күндіз +4 градус болған кезде жүргізілген, нәтижесінде қажетті температуралық режим сақталмаған. Ал, рельс бунағы технология бойынша бекітілмеген.

Сондай-ақ, «Жол жұмыстарын жүргізу кезінде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі» Нұсқаулықта көрсетілгенмен, рельсті пісірмелеу жұмыстарын аяқтағаннан соң алғашқы екі пойызды жіберер кезде пойыздардың жол жүру жылдамдығын сағатына 25 шақырымға дейін түсіруге ескерту берілген-берілмегенін тексермеген.

19 сәуір күні 16 сағат 30 минутта Қызылқоға ауданы аумағында ауа-райының температурасы +24 градусқа көтеріліп, темір жолдың рельстері бекітілген орнынан көлденең толқынмен майысып шығып кеткен. Осы кезде рұқсат етілген жол жүру жылдамдығы сағатына 88 шақырыммен №42 санды «Алматы-Атырау» қатынасындағы жолаушылар жүрдек пойызы келе жатқан. Тепловоз жүргізушісі Т.СОВЕТБАЕВжәне жүргізушінің көмекшісі С.КУШЕНОВ рельс бойындағы ақауды байқаған, сол себепті шамамен 100-150 метр жерден сағатына 88 шақырым жылдамдықта электропневматикалық жедел тежеу қолданып, жылдамдықты бар мүмкіндігінше азайтып, жолаушы пойызды дереу тоқтатуға әрекет жасап, тоқтатқан. Қатты тежелістен пойыздың 13 вагоны рельстен шығып кетіп, оның алтауы бүйірімен жол жиегіне құлаған. Сондай-ақ, бірқатар жолаушыларға түрлі дәрежедегі дене жарақаттары келтірілді.

Бұдан басқа, аталмыш теміржол оқиғасы салдарынан «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалы 442 млн теңге көлемінде шығынға батқан.

Сот Т.Нұрбай мен А.Жылқыбаевқа 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

9 қазан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.