Индер ауданына қарасты Көктоғай ауылынан 15 шақырымдай жердегі «Шархат» қыстағында ұлтымыздың брендіне айналған қымыз бен шұбат өнімдерін өндірумен «Алға-1» ШҚ айналысып отыр.
Алыстан көзге түскен көгалды алқап мен мұндалап, адамның ынтазарын аудара бастады. Төбесі шошайған үй мен көгалды жері жүдеу өңірге сән беріп, ерекшеленіп тұр. Шаруашылықтың егістік даласының 43 гектарына картоп, 10 гектарына көкөніс егіпті. Енді сол өнімнің біразын сатуды да жүргізуде. Себебі суға жұмсалған қыруар қаржының орынын толтырмақшы. Мұнда қой өсіріледі. Дегенмен, шаруашылықтың ең басты мақсаты шұбат пен қымыз өндіру болып табылады.
- Біздің өңірімізде адамдардың көпшілігі мал өсірумен шұғылданады,-дейді «Алға-1» мал шаруашылығы кешенінің басшысы Ақеділ ШАЛҚАРОВ.
- Алайда, өкінішке қарай, оның өнімдерін дайындайтын замануи үлгідегі цехтар жоқ. Сондықтан сүт өнімдері көбіне сырттан әкелінеді. Шаруашылық жұмысын жүргізу үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша «Каспий ӘКК» арқылынесие алдым, қалған соманы өз есебімнен қосып, өндірісті іске қостым. Кешен ресейлік және итальяндық қондырғылармен жабдықталған. Ол 1000 литр шұбат пен қымыз өндіруге қауқарлы.
-Біз Көктоғай ауылында тұрамыз. Осы кезге дейін ауылдан жұмыс таба алмай, отбасымызбен қиындық көріп келдік, - деп еске алады Гүлжан БАҚТЫБАЕВА (суретте).
- Үлкен шаруашылық ашылды дегенде екі қолға бір күрек табылса деп осында келдік, қазір, міне, жолымыз болып жолдасым, балам, өзім осында жұмыс жасап жатырмыз. Ай сайын әрқайсымыз40 мың теңге еңбекақы аламыз. Күнкөрісіміз түзеліп, жұмысқа деген құлшынысымыз артқан.
Боталарды исіндіріп алуды Гүлжан ұмытпады. Інгендерді кезекпен сауған ол епті қимылдайды. Күніне 11 інгенді, екі мезгіл сауады екен. Ал ыссыда күніне үш, төрт рет сауған күндері болыпты. Бір сауымда әрбір інгеннен 3 литр сүт шығады. Ал желідегі биелерді сауумен Гүлнар ӨТЕУОВА айналысады. Бүгінде 20 шақты бие сауылып тұр. Сауыншыларға әкелі-балалы Дәулет пен Бейімбет ӨТЕУОВТЕР көмектесуде.
Бұдан кейін сауылған сүттер цехқа жеткізіледі. Алдымен сүттердің майлылығы тексеріліп, екі үлкен қазанда салқындатылады.
- Жұмыс автоматты жүргізіледі. Сондықтан еш қиындығы жоқ, -дейді технолог Күләш ЖҰМАЕВА.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Бие сүті құрт ауруына бірден бір ем. Қазіргі кезде қымыз бен шұбаттың көптеген аурулар, өкпе сырқатын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглибин синтезіне әсерлілігі, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтеді.
Құтыларды дайындаумен Амантай ҚАЙЫРЖАНОВ айналысуда. Сағатына 200-дей құты дайындалады екен. Шұбаттың литрі 500, қымыз 700, айран мен тандем 200 теңге аралығында. Өнімдер негізінен Атырауға жеткізіледі.
- Несие қаржысы шешілсе жылқы мен түйені көбейтуді, асылдандыруды ойластырудамыз. Томат шырынын шығару келешектегі іс. Бізде қызаң өсіріледі, оны өткізетін тұрақты орын жоқ. Біздегі технологиялар арқылы оны өндіруге болады. Облыс халқын шұбат пен қымызмен толық қамту үшін мал басын көбейту керек, әрине сүтті мал қарастырылады. Қазіргі қолда бар 40 түйе мен 140 шақты жылқы аздық қылуда,- дейді шаруашылық басшысы.